Грузин халқы қауіпті саяси кезеңге аяқ басты: Халық пен билік бөлінді!

Грузиядағы саяси жағдай мейлінше шиеленісіп барады – Грузияда халық пен билік әртүрлі даму жолдарды іздеуде: ел азаматтары еуропалық интеграцияға ұмтылуда, ал биліктің ресми ұстанымы Ресейге бейімделіп отыр.

1729665903560961.jpg

(Суреттер Неміс толқыны, ВВС сайттарынан алынды)

Грузияда халық пен үкімет арасындағы үдеп бара жатқан алшақтық әлемдік қауымдастықтың назарына іліге бастады. Бұл ішкі қақтығыс және оның салдары халықаралық аренада, соның ішінде Еуропарламент пен Ресей арасында қызу талқылануда.

ГРУЗИЯ ХАЛҚЫНЫҢ ЕУРОПАҒА ҰМТЫЛЫСЫ

Грузия қоғамының басым көпшілігі Еуропалық Одаққа (ЕО) және НАТО-ға жақындасуға бағытталған. Еуроинтеграция грузиндер үшін демократиялық реформалармен, экономикалық өсуімен және еркіндіктің артуымен байланысты. Бұл халықтық сауалнамалар және Еуропа бағытын қолдайтын жаппай наразылықтар шеруінен айқын көрініс табуда.

2023 жылы елде «шетелдік агенттер» туралы заң жобасына қарсы жаппай наразылық акциялары өтті. Ол көптеген адамдардың пікірінше, Ресейдің үкіметтік емес ұйымдарды және сөз бостандығын қатаң бақылауға алуына бағытталған Заңына қатты ұқсайды. Бұл заңға деген наразылықтар халықтың елеулі бөлігінің өз билігінің «ресейшіл бағытын» қолдамайтынын және Грузияның болашағын ЕО-мен байланыстырғысы келетінін анық көрсетті.

ГРУЗИЯ БИЛІГІНІҢ РЕСЕЙШІЛ САЯСАТЫ

Халықтың Еуропаға бет бұруға деген айқын ұмтылысына қарамастан, Грузия билігі, атап айтқанда, билеуші «Грузия арманы» партиясы барған сайын ресейшіл саясатқа жақын екенін көрсетіп отыр. Грузияның саяси элитасы Еуроодаққа интеграциялануға ниетті елді шетке итермелеп, бүгінде халықаралық санкциялар құшағындағы Ресеймен жылы қарым-қатынасты сақтауға тырысуда. Негізгі мәселелердің бірі – Грузия үкіметі мен ЕО арасындағы шиеленіскен риторика. Еуропа басшылары оппозиция мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсету және демократиялық процестердің жай-күйіне алаңдаушылық білдірді. Соған қарамастан, Грузия үкіметі Ресейге экономикалық және саяси тұрғыдан тәуелділікті арттыратын жобаларды ілгерілетуді жалғастыруда, бұл батыс бағытты ұстанған азаматтардың наразылығын күшейтуде.

ЖЕКСЕНБІДЕГІ МИТИНГІЛЕР ШЕРУІНДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ?

Жексенбі күні Тбилисиде «Грузия Еуропалық Одақты таңдайды» атты ауқымды акция өтті. Бұл парламенттік сайлауға бірнеше күн қалғанда әдейі ұйымдастырылған деуге болады. Ол ‑ 26 қазанда өтетін парламенттік сайлауға дайындықтың бас репетициясы. Оның мақсаты — Грузияның еуропалық бағытын қолдайтынын көрсету. Шеру мен митингті азаматтық қозғалыстар ұйымдастырып, негізгі оппозициялық партиялар мен Грузия президенті қолдады. Бұл әрекет Грузия үкіметінің жүргізіп отырған «ресейшіл» саясатының Еуропарламент сессиясында қабылданған Грузияның ЕО-ға кіру процесінің тоқтатылуы туралы шешімге жауап ретінде өтті.

БИЛІК ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚАРСЫ АРГУМЕНТТЕРІ ҚАНДАЙ?

Әрине, Грузияның «Грузия арманы» билеуші партиясы еуропалық марштың акцентін әдеттегідей ЛГБТ тақырыбына бұруға тырысты. Жауап ретінде үкіметшіл «Имеди» телеарнасы эфирге «Оппозициялық прайд» деген ұранмен шығып, «Tbilisi Pride шеруге қосылды» деген тақырыпты басты жаңалық ретінде хабарлап, архивтен бір белсендінің «жағымсыз суретін» көрсетті. «Грузин арманы» партиясының депутаты Ираклий Заркуа бұл тақырыпты өрбітіп:

«Мен жаңылысып жүрген барлық адал азаматтарға үндеу жасаймын: бұл «прайдта» ұзын шашты ер адамдармен бірге, ЛГБТ қауымдастығының өкілдері бірігіп сіздерді Грузияның дамуы мен болашағы туралы сөйлесуге шақырады. Сіз бұған келісесіз бе? Сіз лесбиянкалар, гей-белсенділер және олардың үгіт-насихаты күн тәртібінде тұрғанын қолдайсыз ба?» – деді.

Сөйтіп, Ресейдегі ЛГТП құбыжығы Грузияның саяси өрісіне де келіп жеткені байқалады...

ПРЕЗИДЕНТ САЛОМЕ ЗУРАШВИЛИ ХАЛЫҚ ЖАҒЫНДА

Грузия президенті Саломе Зурабишвили Тбилисидегі Бостандық алаңында өткен «Грузия Еуропалық Одақты таңдайды» митингінде қол шапалақтаумен қарсы алынды. Ол 26 қазандағы парламенттік сайлауда азаматтардың елдің еуропалық болашағы үшін дауыс беретініне сенімді екенін білдірді: «Барлық нәрсе жаңа болашақтың жақындап келе жатқанын көрсетіп тұр, жаңа Грузия келе жатыр! Менің алдымда тұрған Грузия – еркін Грузия. Мұнда келгендерді мәжбүрлеген ешкім жоқ; ешкімге ешкім «келмесең, жұмысыңды немесе шәкіртақыңды жоғалтасың» деп айтқан жоқ», — деді Зурабишвили. Сонымен қатар, Зурабишвили Молдова мен Украина президенттері Майя Санду мен Владимир Зеленскийге арнап сөз сөйледі:

«Майя, бүгін сенің жеңісіңнің және еуропалық таңдаудың жеңіс күні болады», — деп Зурабишвили Сандуға сайлауда жеңіс тіледі ‑ «Біз білеміз, сендер біз үшін де күресіп жатырсыңдар және жеңіске жетесіңдер, біз бірге Еуропаға кіреміз», — деп Зеленскийге арнаған сөзін жалғастырды.

Президент Грузияның халықаралық серіктестері — ЕО мен АҚШ-қа да үндеу жасады: «Менің сіздерге айтарым: «Біз сіздерге бұрын-соңды сіздер елестетпегендей серіктес және одақтас боламыз. Біз Еуропаға кіреміз, әрі, біз міндетті түрде Еуропаға кіреміз!»

НЕЛІКТЕН ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК БӨЛІНДІ?

Грузиядағы билік пен халық арасындағы алшақтық тарихи және экономикалық факторларға байланысты терең тамыр жайған:

Біріншіден, Грузияның Ресеймен қарым-қатынасы 2008 жылғы соғыс пен Абхазия мен Оңтүстік Осетияның оккупациясына байланысты күрделі сипатқа ие болды. Бірақ, осы қақтығыстарға қарамастан, Грузияның саяси элитасының бір бөлігі Ресейді елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне әсер етуші маңызды экономикалық және саяси серіктес деп санайды. Ал, халықтың көпшілігі мұнымен келіспейді.

Екіншіден, елдегі экономикалық тұрақсыздық пен ішкі саяси қақтығыстар бұл – халық пен билік арасындағы алшақтықты күшейтті. Жастар мен қоғамның прогрессивті бөлігі болашақты Еуропамен байланыстырса, консервативті сайлаушылар мен кәсіпкерлер билікті қолдайды, өйткені, олар мемлекетті еуропалық үлгіде қайта құрудан және елде жасалынатын реформалардан туындауы мүмкін тұрақсыздықтан қорқады.

ЕУРОПАРЛАМЕНТТІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Еуропалық Одақ Грузиядағы жағдайды мұқият қадағалап отыр. Өйткені бұл ел ЕО-ның «Шығыс серіктестігі» бағдарламасына енеді. Осы оқиғалар басталғалы бері, Еуропарламент бірнеше рет Грузиядағы саяси ахуалға қатысты пікір білдіріп, демократиялық нормаларға, сөз бостандығына және адам құқықтарына құрмет көрсету қажеттігін атап өткен болатын. Бірақ, шыдам да шегіне жетіп, 2023 жылы Еуропарламент Грузияға ЕО-ға кіруге үміткер мәртебесін беруден бас тартты. Басты себептер ретінде елдегі авторитарлық үрдістерге деген алаңдаушылық бар екені айтылды.

Еуропа көшбасшылары сондай-ақ Грузияның Ресейге жақындығына алаңдаулы. Брюссель Грузия үкіметі «Ресейге де, Еуропаға да жағынып, екі жаққа ойнауы мүмкін» деп күдіктенеді. Бұл ЕО‑тың Грузия билігінің шынайылығына күмән келтіретінін білдіреді.

РЕСЕЙДІҢ ҰСТАНЫМЫ

Өз кезегінде Ресей Грузиядағы жағдайды посткеңестік кеңістіктегі өз ықпалын күшейту мүмкіндігі ретінде қарастырып отыр. Мәскеу үшін Грузия – аймақтағы маңызды стратегиялық серіктес деп саналады. Сондықтан Кремль Грузияның ЕО‑пен және НАТО-мен байланыстарын әлсірететін кез келген әрекеттерді қолдайды.

Ресейдің «жұмсақ күші» оның Грузиямен экономикалық байланыстарды күшейтуінен, оның «жетістігін» насихаттаудан және грузин саясатындағы ресейшіл күштерді қолдауы арқылы көрінеді. Мәскеу «ЕО және НАТО-ға интеграциялану Грузияға уәде етілген артықшылықтарды әкелмейді» деп көрсетуге тырысуда. Сол арқылы, Ресей ел ішіндегі кез келген қайшылықтарды өз пайдасына пайдалануда. Украинадағы соғыс бұл динамиканы күшейтті, өйткені, Кремль «Украина мысалы» арқылы өз «ықпал аймағын» бақылауда «қалай ұстайтындығын» нақты іс жүзінде көрсетіп отыр. Ал, «ықпал аймағына» Грузия да кіреді.

Түйін: Грузиядағы жағдай Грузия, Украина, Молдова сынды халықтардың еуропалық құндылықтарға ұмтылысының жарқын көрінісі екенін білдіреді. Сонымен қатар, бұл елдердің саяси элитасы арасында ресейшіл топтардың бар болуы – мұндағы күрделі саяси процестерді көрсетеді. Қазіргі Грузия екі жолдың арасында тепе-теңдік сақтауға тырысуда. Бірақ, Еуроодақ пен Ресей арасындағы қайшылық бұған да әсерін тигізіп, «еуропашыл халық» пен «рейсейшіл билік» арасындағы алшақтықты тек күшейе түсуде. Дегенмен, Халықаралық қауымдастықтың, әсіресе ЕО‑тың, сонымен бірге, энергиялық қуат көзі саналатын Ресейдің ықпалы Грузияның одан әрі даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқаратынын ешкім жоққа шығара алмайды. Ендеше, қазір грузин халқы өте қауіпті саяси кезеңге аяқ басты десек – қателеспейміз.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар