Ала-құла БРИКС: Президенттер не дейді? Әлемдік БАҚ не дейді?

Кешелі-бүгін Ресей құрамындағы Татарстан астанасында БРИКС саммиті өтіп жатыр. Кремльдің мәліметінше, шақырылған 38 елдің тек 22-сі ғана Қазанға өз көшбасшыларын жіберген. Ал 6 мемлекет аталған саммитке қатысудан мүлдем бас тартқан.

1729768401713187.jpg

(Суреттер: РИА Новости сайтынан алынды)

Сонымен, БРИКС-ке қатысушы мемлекет басшылары не дейді? Mezgil.kz ақпараттық порталы БРИКС қатысушыларының баяндамаларының басты тезистерін топтап ұсынғанды жөн санады:

Қытай басшысы Ши Жипиң:

* БРИКС елдерін бейбітшілікті табандылықпен қорғауға және ортақ қауіпсіздікке қол жеткізуге шақырды. Атап айтқанда, Украинадағы дағдарысты тез арада бейбіт және саяси реттеуге жол табуға шақырды.

* Газа секторында жан-жақты атысты тоқтатуға жәрдемдесуге үндеді. Соғыстың Ливанға таралуына жол бермеу жайлы сөз етті.

* БРИКС жаһандық экономиканы басқару реформасына жетекшілік етуі керектігіне тоқталды.

* «Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай әрқашан жаһандық оңтүстікке көңіл бөледі», - деді.

Иран президенті Масуд Пезешкиан:

* БРИКС көмегімен әділетті жүйе құруға үміттенетінін айтып, «санкциялар, соғыстар және геноцидтерсіз» әлем құруға шақырды.

* Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы соғыс өртін сөндіретін құралдары жоқ екенін айтты.

* «Ұлттық валюталарды пайдалану және Жаңа Даму Банкін нығайту әлемді әркім үшін жақсартады», - деді.

* БРИКС елдері Батысқа тәуелді болмау үшін әзірлемелер мен технологияларды бөлісуі керектігін айтты.

Беларусь президенті Александр Лукашенко:

* БРИКС-ті Батыстың үстемдігінің жойылуын тездететін болашақ қауымдастығы деп атады.

* Беларусь БРИКС философиясымен толықтай бөліседі.

* Минск БРИКС-ке толыққанды мүше болуға дайын және ұйымға нақты жобалармен қосылуда.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған:

* Анкарадағы лаңкестік әрекет Түркияның лаңкестікпен күрестегі табандылығын одан әрі күшейтті.

* Түркия БРИКС-тің әділ әлемдік тәртіп пен сауда қатынастарын құру мақсаттарына сенеді.

* Мен «БРИКС отбасымен» диалогты дамытуға бел будым.

* Израильге қару-жарақ жеткізуге тыйым салуды қолдауға шақырды.

Палестина басшысы Махмуд Аббас:

* Алдағы уақытта Палестина БРИКС-ке қабылданады деп үміттенеді.

* Израильді Газа секторындағы геноцид пен этникалық тазартуды айыптады.

* Шығыс Иерусалимдегі UNRWA кеңсесінің жабылуын айыптауға және Израиль билігін бұл шешімді өзгертуге мәжбүрлеуге шақырды.

* Халықаралық қауымдастықты Израильді бір жыл ішінде басып алынған аумақтардан кетуге мәжбүрлеуге, әйтпесе оған қарсы санкциялар енгізуге шақырды.

ӘЛЕМДІК БАҚ НЕ ДЕЙДІ?

«Bloomberg»: «Ресейлік әскерлер Шығыс Украинада ілгерілеп, Киевтің одақтастары шиеленістен шаршаған кезде, Кремль Путиннің әлі де болса Батысқа қарсы шығып, әлемдік тәртіпті өзгертіп жатқанын көрсету мүмкіндігіне ие екендігі көрсетуге тырысуда.

Үндістан БРИКС-тің кеңеюіне қарсы және дауыс беру құқығынсыз «серіктес ел» мәртебесін енгізуді талап етеді. Олар бірлестіктің антиамерикалық болуын қаламайды. Бразилия мен ОАР Үндістанды қолдайды. БАӘ жаһандық Оңтүстіктің Батысқа қарсы тепе-теңдікке айналуына үзілді-кесілді қарсы», - деп жазады.

«The New York Times»: «Батыс санкциялар енгізіп, банк жүйесіне қолжетімділікті шектеп, Ресейді бүкіл әлемнен дипломатиялық жолмен оқшаулауға тырысты. Бірақ президент Владимир Путин өз жағында маңызды одақтастардың бар екенін көрсетуге ниетті болып отыр.

Қытай Ресей мен Иран сияқты Батысқа қарсы елдердің қолдауына сенуі мүмкін, бірақ оған Үндістанды, Бразилияны және ОАР-ды, бірлестіктің басты демократияларын Штаттарға қатысты қатаң ұстанымға ие болуға көндіру қиын. Бұл елдер үшін БРИКС - біреудің жағын таңдау емес, Бейжің мен Вашингтон арасындағы тепе-теңдікті табу мүмкіндігін өздерінше іздестіру амалы», - дейді.

«The Washington Post»: «Путин үшін саммит Ресейдің тағы да маңызды халықаралық ойыншы екенін білдіреді.

Ресей мен Қытай бірігуді өздерінің Штаттармен күресінің флагманы еткісі келсе, басқа елдер - мысалы, Үндістан мен Бразилия - қолданыстағы халықаралық жүйеде жұмыс істегісі келеді. Олар одақ Батысқа қарсы бағытталмасын деп отыр. БРИКС - Путиннің АҚШ-қа қарсы басты қаруы. Барлық мүшелер онымен келіспейді», - дейді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар