Лукашенконың «Ортақ Отаны»: Беларусь Тәуелсіз ел ме, әлде бодан ба?

БРИКС жиынына барып-қайтқан Беларусь президенті Александр Лукашенко тағы да сұхбат берді. Бұл жолы Беларусь басшысы Ресей мен Беларусьтің қарым-қатынастары туралы сөйлеп келіп, «Беларусьтің бодандығы» жайлы пікір білдірді.

1729858876260072.jpg

(Сурет ont.by сайтынан алынды)

ЛУКАШЕНКОНЫҢ ОРТАҚ ОТАНЫ – БРЕССТЕН ВЛАДИВОСТОКҚА ДЕЙІН...

Лукашенко өз сөзінде Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлескен сұхбатында Беларусьтің Ресей құрамына кіруі туралы мәселе ешқашан көтерілмегенін айтты.

«Біздің отанымыз ортақ: Бресттен Владивостокқа дейін. Біз бұған ондаған жылдар, ғасырлар бойы үйреніп келдік. Бірақ бұл жерде екі мемлекеттің болуы біздің кінәміз емес. Екі егеменді мемлекет – Беларусь және орасан зор Ресей. Бұл біздің заманымыздың берік заңы», - деді Лукашенко.

Батыс жұрты һәм жаһандық саясат Лукашенко басқарып отырған қазіргі Беларусьті «Ресейдің боданы» деп есептейді. Тіпті, өткенде Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және Қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы төрағасы Жозеп Боррель: «Біз Украинаның Беларусь тағдырып қайталап, Ресей боданы болуына жол бермейміз», - деп кесіп айтқан.

Ал бүгін Александр Лукашенко «Беларусь ешкімнің боданы емес» деп отыр.

«Мен Беларусьтің мемлекет ретінде жойылып кетуіне жол бермеймін! Бұл бір! Екіншіден – кез келген саясаткер, кез келген мемлекет Беларусьті бодан еткісі келсе, оның жолы кесіледі. Бұл менің құзыретті міндетім!», - дейді. «Егер әлдекімдердің Беларусьті жұтып қою ниеті болса, бізге ондай одақтастықтың мүлдем керегі жоқ!», - дейді ышқынып.

ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН КЕРЕК БОЛСА, РЕСЕЙМЕН ДЕ СОҒЫСАМЫЗ!

Әрі қарай: «Ресей Президентімен дәл осындай ауандағы әңгіме ешқашан болған емес!», - дейді. Десе де, Ресейде Беларусьті Ресейге қосуды көздейтіндер бар екенін айтады.

«Ресейдің биік мінбердегі шенді-шекпенділерінің арасында Беларусьты қосып алғысы келетіндер бар. Алайда бұл әрекетті іске асыру соғысқа ұласады. Сендер кішкентайсыңдар, біз үлкенбіз, біздің экономикамыз мынандай, сендердікі былай дейді. Біз сендерге көмектесетін боламыз, Ресей құрамына қосылыңдар дейді. Сұрақты бұлай қоюға болмайды. Бұл мүмкін емес, ешқашан іске аспайды. Айтуға да қорқып тұрмын, алайда бұл тіпті соғыс деген сөз ғой!», - деп мәлімдеді Лукашенко.

Оның айтуынша, белорустар - ресейліктер үшін ең адал және сенімді серіктес.

Түйін: Құжат түрінде Беларусь тәуелсіз мемлекет болып қалғанымен, іс жүзінде ол «Одақтас республика» шартына қол қою арқылы Ресейдің «боданына» айналғаны баршаға белгілі факт. Тіпті, Ресей Укаринаға қарсы соғыс бастағанда, өз жеріне Ресей әскерін кіргізіп, соғыстың тең жауаппкершілігін арқалағаны да Беларусьтің суверендігінің қай деңгейде екенін аңғартады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар