Иранның Израильге жасаған төте шабуылынан соң, арада біршама уақыт өтті. Израиль жауап соққы беруге уәде бергеннен бастап әлемдік ақпарат Ирандағы болжамды нысандарды жіпке тізе бастады.
(Суреттер Аpostrophe, Telegraph сайттарынан алынды)
ИЗРАИЛЬДІҢ ИРАНҒА ЖАСАҒАН ҚАРЫМТА СОҚҚЫСЫ
«Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы жасауы мүмкін» деген әңгіме бір тарады. Онан соң, «Израиль Иранның мұнай-газ обьектілерін көздейді екен» деген сөз екі тарады. Ақырында, Батыстағы БАҚ «Израильдің жауап соққы жоспарының» жай-жапсарын жариялап жіберіп, көп күтілген жауап тағы кейінге шегерілді.
Сөйтіп жүргенде, 26 қазанға қараған түнде Израиль Ирағна жауап шабуылын жасады. Екі кезек шабуыл барысында ұзын-саны 100-ден астам ұшақ, соның ішінде әйгілі F-35 ұшақтары қолданылды.
ЦАХАЛ қарымта соққы барысында тек әскери нысандарды атқылағанын айтты. Бұл шабуылдар кезінде Иранда 4 әскери адам қаза тапты.
Израиль армиясы Бас штабының басшысы Герци Халеви: «Иранға шабуыл кезінде Израиль өзінің толық күшін қолданған жоқ. Біз тек Иранның стратегиялық кешендеріне ғана дөп соққылар жасадық. Біздің қолымыздан бұдан да зорғысы келеді. Жағдайдың әрі қарай қалай өрбитінін күтеміз. Біз кез келген сценарийге дайынбыз», - деп мәлімдеді.
Израиль премьері Нетаняху: «Израиль Иранның қорғаныс өндірісіне жойқын соққы жасады. Біздің жауабымыз дәл және қуатты болды. Біз көздеген мақсатымызға жеттік», - деп мәлімдеді.
ИРАН РЕАКЦИЯСЫ: ИЗРАИЛЬ ШАБУЫЛЫ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ!
Осыдан соң, Иран тарабы Израильге жауап беретінін айтты. Иранның дәл осы мәлімдемесі, қазір әлемдік ақпаратта қызу талқылануда.
Иран армиясының Бас штабы: «Иранның Израиль шабуылына жауап беру құқы бар және біз осы құқықты қолданатын боламыз!», - деп мәлімдеді.
Иранның СІМ басшысы Аббас Аракчи: «Иран Израильдің бұл ісін жауапсыз қалдырмайды. Ұтымды сәтін күтіп, өз территориясының бүтіндігі мен қауіпсіздігіне қол сұққан Израильге шешімгерлікпен жауап қататын болады. Бұл сөзсіз!», - деп мәлімдеді.
Иран президенті Пезешкиан: «Иранның ержүрек сарбаздары өз Отанын қорғау үшін әркезде жаумен жағаласуға даяр! Біздің қуатты армия жаудың шолақ ойлы шабуылына ақылмен және айламен жауап беретін болады!», - деп сөйледі.
ИРАН: БІЗ ЯДРОЛЫҚ БАҒДАРЛАМАМЫЗДЫ ҚАЙТА ҚАРАМАЙМЫЗ!
Иранның Жоғарғы көсемі Хаменей: «Сионистік режим зұлымдығын түкке алғысын етіп көрсетуге де, әсірелеуге де болмайды! Бұл істі жауапсыз қалдырмаймыз. Зұлымдар Иран халқының, Иран жастарының жаужүректігін, еріктілігін көзбен көруі тиіс!», - деді.
Ал Иран СІМ басшылығы: «Жаппай қырып-жоюға қатысты біздің позициямыз түсінікті. Біз өзіміздің ядролық доктринамызды қайта қарамаймыз!
Еліміздің Жоғарғы Көшбасшысының пәтуасына және логикаға сәйкес, біз Иранның ядролық бағдарламасын милитаризациялауды ешбір жағдайда қолдамаймыз және осы принциптен айнымаймыз», - деп мәлімдеді.
ТҮРКИЯ, РЕСЕЙ МЕН ИРАҚ НЕ ДЕДІ?
Израильдің Иранға жасаған қарымта соққысына әлем елдері пікір білдіріп, позицияларын айқындауда.
Түркия Израиль соққыларын айыптап мәлімдеме жасады. «Біз Израильдің Иранға жасаған бұл соққыларын қатаң айыптаймыз. Израиль Газада геноцид жасап, Батыс жағалауды аннекциялауға талпынып, күн сайын Ливан аумағында бейбіт халықты өлтіріп, біздің өңірді үлкен соғысқа алып келе жатыр. Біз Халықаралық қауымдастықты, Нетаняху үкіметін тоқтатуға және өңірдегі жағдайды ушықтырмауға күш салуға шақырамыз», - деді Түркия СІМ басшылығы.
Ресей де Израиль жағына шықпады. Иранға жасалған жауап соққыларды айыптады. Ресей СІМ басшылығы: «Таяу Шығыстағы ушығып тұрған әскери-саяси ахуалды дереу дипломатиялық жолмен реттеу керек. Бұл өңірдің іші және сыртқы ойыншылары үшін ең тиімді жол. Біз тараптарды ұрыс қимылдарын тоқтатуға шақырамыз. Иранды жауап соққы жасауға мәжбүрлемеуге үндейміз», - дейді.
Ал Ирақ Израильдің үстінен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шағым түсірді. «Израиль Иранға шабуылдау кезінде Ирақтың әуе кеңістігін өрескел түрде бұзды. Сол арқылы біздің суверендігімізге қол сұқты. Біз Израильдің бұл әрекеті үшін жауапқа тартылуын талап етеміз», - деді Ирақ СІМ басшылығы.
ӘЛЕМДІК БАҚ: ИРАН МЕН ИЗРАИЛЬ АШЫҚ СОҒЫСҚА КӨШУІ МҮМКІН!
«Israel Hayom» агенттігі: «Израиль мен Иран арасындағы жанжал жаңа кезеңге аяқ басты. Тараптар бір-біріне агрессивті түрде жауап беруге көшті. Екі тарап та ашық соғыс жағдайына келіп тірелді.
Ондаған жылдар бойы жүріп келе жатқан астыртын айқастар, енді бір-біріне ашық және төтелей соққылар жасауға ұласты. Израильдің соңғы жасаған соққыларын Иран ашық соғысқа шақыру деп қабылдауы мүмкін. Ондай жағдайда өңірдің туталақайы шыққалы тұр», - деп болжайды.
«The New York Times» басылымы: «Израиль мен Иран арасындағы «бақылаулы» қақтығыс басқарудан шығып кетуге таяп тұр. Ондай жағдайдың салдары тым ауыр болмақ. Израиль ұзақ жылдар бойы «стратегиялық үнсіздіктен» соң, Иран жерінде диверсия жасап, операция жүргізгенін ашық мәлімдеді. Израильдің соңғы жасаған соққыларынан соң Иранның мұнай нысандары қорғаусыз қалып отыр. Израиль Иранның мұнай өңдеу және мұнай-химия зауыттарын қорғап тұрған ПВО кешендеріне соққы жасап, бірсыпырасының көзін жойды. Бұл жағдайға Иран тарабы үнсіз қалмайды», - деп жазады.
«Washington Post» басылымы: «Израиль Иран тарабы келтірген шығынды жасырып қала алатындай, сәйкесінше жауап беруге тырыспайтындай етіп соққы жасады. Ал Иран тарабы Израиль шабуылынан келген шығынды азайтып көрсетуге мүмкіндік алды», - дейді.
«Axios» агенттігі: «АҚШ Израильге ескерту жасап, Иранның қайта шабуылдау жоспары барын мәлімдеді. АҚШ дерегінше, Иранның ендігі шабуылы айтарлықтай ауқымды болмайды. Деседе, АҚШ Израильге Иран шабуылынан қорғануға көмектесетінін айтты», - деп жазады.
Mezgil.kz