Тәуелсіздік тарихында алты мәрте президент ауыстырған, ең ақырында Садыр Жапаров бастап, Қамшыбек Ташиев қоштап, тізгінін ұстаған айыр қалпақты ағайындар кешелі-бері Мемлекеттік Әнұранды ауыстыру жайын талқылап жатыр.
(Суреттер: kabar.kg, kaktus.media сайттарынан алынды)
Алдымен Қырғыз билігінің ресми тұлғалары Әнұранды ауыстыру туралы не деді, соларды бір шолып шығайық:
ЖАПАРОВ: 5 МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТАНЫТАТЫН ЖАҢА ӘНҰРАН КЕРЕК!
Садыр Жапаров, Қырғызстан Президенті:
«Әнұранды жаңартқанда тұрған не бар? Қазіргісі осыдан 33 жыл бұрын, ең алғаш тәуелсіздік алған кезде жазылған. Біз мемлекет ретінде толығымен қалыптастық. Әлемге танылдық. 100 жыл өтсе де, қалай азат, тәуелсіздікке жеткенімізді жырлай береміз бе? Неге біз халқымыздың бес мың жылдық тарихы бар екенін болашақ ұрпаққа арнап Әнұран жазбаймыз? Әрине, қазіргі Әнұран да ұмытылмайды. Ол тарихта республикамыздың тұңғыш Әнұраны ретінде қалады», – деді.
Әрі қарай: «Әнұранды ертең өзгерте салайық деп жатқан ешкім жоқ. Әнұранды шығармашыл адамдар, ақындар мен композиторлар дайындап, елге ұсынсын. Көпшілік қолдап жатса, жаңа Әнұран ретінде қабыл алынатын болады.
Әнұранымызды оқушы балалардан ақсақалдарға дейін шырқап тұрса жақсы емес пе? Керек болса, той-концерттерде айтылып тұрса несі жаман? Әнұранның мазмұны – Мемлекетімізді биікке, азаматтарымызды отаншылдыққа, бірлік пен ынтымаққа шақырып тұруы қажет. Тәуелсіздігімізді ғасырдан-ғасырға сақтап қалайық деген ұранды сөздер болуы керек.
Қытайдың архивтерінде 5 мың жылдық тарихымыз қатталып жатқанын дәлелдедік. Қазір біздің тарихшыларымыз сол архивтерді ақтарып-төңкеріп, Қырғыз тарихын түгендеп жатыр», - дейді Садыр Жапаров
Аскат Алагозов, Қырғыз Президентінің баспасөз хатшысы:
«Бұл шешімді халықтың өзі қабылдауы керек. Әнұранды өзгерту ұсынысы көтерілсе, мәтін мен музыкаға ашық конкурс жариялануы қажет. Бұл конкурсқа ақындар, жазушылар, композиторлар, философтар және өз дарынына сенетін кез келген азамат қатыса алады», – деді.
Нурланбек Шакиев, Қырғызстан Парламентінің спикері:
«Қазіргі Әнұран Қырғызстан Кеңес Одағынан енді шыққан кезде қабылданған екен, ал қазір ел дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Сондықтан біз Әнұранды өзгертуміз керек. Ол бүкіл халық бірдей орындайтындай болуға тиіс», – деді.
Сөйтіп, Қырғыз жұрты ескі Әнұранды алмастыруға білек сыбана кірісіп кеткен екен. «Ескі Әнұран – Советтік стильде жазылған» дегенді алға тартқан ел басшылары қызу пікір-таласты жалғастырып жатыр.
ЕЛТАҢБА ДА ӨЗГЕРУІ МҮМКІН!
Қырғыз билігі Әнұранды ғана емес, Елтаңбаны да бір ретке келтіру жағын ұсынуда. Қырғызстан Үкіметі: «Мемлекеттік органдағы Елтаңбалардың біріңғай стандарты жасалған жоқ. Мұның кесірінен бюджеттеқосымша жүктемелер туындауда. Сондықтан, Мемлекеттің рәміздер туралы заңды қайта қарау керек. Мемлекеттік органдардағы Елтаңбаның біріңғай стандарты болуы керек», - дейді.
ҚЫРҒЫЗ ГИМНІ ОСЫҒАН ДЕЙІН ДЕ ӨЗГЕРТІЛГЕН!
Айта кету керек, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік әнұраны 1992 жылы 18 желтоқсанда бекітілген. Әуелде Қырғызстан Әнұраны 3 шумақтан тұрған. 2012 жылы өзгерту енгізіліп, екінші шумағы алынып тасталған. Қырғызстан Әнұраны мен Мемлекеттік Туына өзгерту енгізу туралы комиссия 2011 жылы құрылған. Ол кезде Қырғыз жұрты Әнұран сөзін толық алмастыру немесе түзету енгізу жайын талқылаған. Сол кездегі ел басшысы Алмазбек Атамбаев бұл бастаманы қолдаған.
ҚЫРҒЫЗДАР БЫЛТЫР ТУДЫ ӨЗГЕРТТІ
Қырғызстан былтыр Мемлекеттік Туды өзгерткен. Қырғыздың бұрынғы Туында күн шуақтары тоқын болып бейнеленген. Сол кезде: «Тудыға күн – күн емес, күнбағысқа ұқсайды», - деп айтқан Қырғыз жұрты. Былтыр оны тік шашыратып өзгерткен. Ол кезде Туды өзгерту бастамасының авторы – Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың өзі болған.
Mezgil.kz