Ресейде Кремлльдің төңірегін торуылдап жүрген, Ресей президентімен жақсын сыйлас еп сипатталатын Сергей Караганов дейтін саясаткер бар.
(Суреттер Википедиядан және Google іздеу жүйесінен алынды)
Сол Сергей Караганов жуырда «Ресей әскери-саяси басшылығы ядролық қаруды қолдануы керектігін» айтып, мәлімдеме жасады. Сөзбе-сөз:
«Ядролық қару – бұл Құдайдың бізге берген сыйы. Оны қолданбау – күнә! Бізде осы қарудың пайда болуы тегін емес. Жоғарғы тылсым күштің көмегі бар. Құдай елден бұрын ядролық қару жасағысы келген немістердің жолына тосқауыл болды. Сөйтіп, Құдай оппенгеймерлер мен Фукстердің қолымен ядролық қаруды бізге берді. Осылайша Құдай адамзатты апаттан аман алып қалды.
Біз де Құдайды ашуландырмай, бұл қаруды белсенді қолдануымыз керек. Бұл қару бізге өзімізді құтқару үшін берілген», - деді.
Сергей Караганов бұл сөздерді «Тежеуші күштен – қорқытушы күшке дейін: Ядролық қару. Геосаясат және Ұжымдық стратегия» дейтін кітаптың тұсаукесерінде айтқан.
Караганов: «Ядролық қаруды қолданбасақ – Совет және Ресей халқы алдында кешірілмес күнә болмақ. Бұл қарудың жасалуы жолында миллиондардың өмірі құрбан болған», - деп қосты.
Сергей Караганов деген кім?
Бұл көшедегі көптің бірі емес. Ресей басшылығының төңірегінде жүрген саясаткер адам. Мәскеудегі «Жоғарғы экономикалық мектеп» ҰҒЗИ-де дәріс оқитын адам. РФ Президенті әкімшілігінің кеңесшісі дейтін қызметі тағы бар. Ресей Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Кеңестің мүшесі.
2023 жылы: «Ресей Польшаға ядролық соққы жасауы керек», - деп мәлімдеме жасаған. Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысын ашық қолдағаны үшін Халықаралық санкция арқалаушылардың бірі. Бұған Украина, Канада, Еуроодақ пен Аустарлия санкция салған. «Украинадағы ұрыс қимылдарын тоқтатып, келіссөзге отыруға» үзілді-кесілді қарсы адам.
ПУТИН ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?
29 қазанда Ресей Қорғаныс министрлігі ядролық қаруды қолдану бойынша даттығу өткізді. Президент Путин тікелей эфирде бақылап отырды.
Ресей әскері шартты қарсыласқа ядролық соққы жасау жаттығуында «Синева», «Ярс», «Булава» баллистикалық зымырандарын қолданды.
Ресей Қорғаныс министрлігі: «Қарсыластың ядролық соққысына қарымта ядролық соққы жасау жаттығуын пысықтап жатырмыз», - деп мәлімдеді.
Ал президент Путин болса: «Ядролық қаруды қолдану – мемлекет қауіпсіздігін қорғаудың ең ақырғы амалы. Біз бұл принципті ұстанымнан айныған жоқпыз. Ядролық триада – Ресей Тәуелсіздігінің, территориялық тұтастығының ең сенімді кепілі!
Мәскеу ешкіммен ядролық қарулану жарысына түспейді. Бірақ, біз өз қауіпсіздігіміз үшін өзіміздің ядролық қаруларымызды дамытып, жетілдіруіміз керек», - деп сөйледі.
Осыған дейін Ресей президенті Путин Украинаға ядролық қару жасауға жол бермейтінін айтқан.
Mezgil.kz