Польша соғысқа даярлануда: Ресей қаруынан «Шығыстағы қалқан» қорғай ма?

Польша кезінде Ресей империясы құрамында болған ЕО-дағы жалғыз ел екені белгілі. Әрі Польша дербес мемлекет болған кезде КСРО оған әпербақандықты аз жасаған жоқ. Ежелгі кек, ежелгі дау бар арада. Бұл туралы кейінірек...

1730461381549270.jpg

(Суреттер polskieradio.pl сайтынан алынды)

Қазір әлемдік ақпаратты Польшаның Ресеймен екіарадағы шекараны бойлай ор қазып, қорғаныс қамына кірісіп кеткені туралы хабар шарлап жүр. Анығы солай – Польша Ресеймен шекарасын бекемдеп, қорғаныс шараларын күшейтуде.

Ал бүгін Польша Ресеймен шекараны бойлай «Шығыстағы қалқан» атты қорғаныс шебін құруды бастады. Бұл туралы премьер Доналд Туск мәлімдеді.

«Шығыстағы қалқан» жобасы екі жыл бойы салынбақ. Жобаның мақсаты – Польшаның шығыс шекарасындағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Бұл үшін бюджеттен 2,5 млрд доллар бөлінген.

ПОЛЬША СОҒЫСҚА ДАЯРЛАНУДА!

Жалпы Ресей Украинаға соғыс ашып, қалаларына әскермен кіргелі әлемнің есті жұрты жаһандық қарулану, қорғанысты күшейту додасын бастап кеткені белгілі. Польша да потенциалды қауіптерден қорғану үшін түрлі шараларды жүзеге асыруда. Соның ішінде, Польша билігінің Қорғаныс саласына бөлінетін бюджетті көбейткенін айта кетсек жөн шығар. Оған қоса: Польша әскер санын 300 мың адамға жеткізу туралы шешім қабылдады. 2035 жылға дейі нәскерді модернизациялау туралы бағдарлама қабылдады. 2024 жылғы әскери бюджетті 29,4 млрд долларға немесе елдің ЖІӨ-нің 3,3 пайызына жеткізу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, Польша Оңтүстік Корейден «K2» танктерін, АҚШ-тан «M1A2 Abrams» танктерін көптеп сатып ала бастады. Биылдың өзінде Польша 18 дана «HIMARS» ДАРЖ сатып алған.

Премьер Туск пен президент Дуда тандеміндегі Польшаның Қорғаныс қамына едел-жедел кірісуіне тағы бір себеп – Ресей мен Беларусь тарапынан айтылып жатқан соғыс туралы риторикалар!

Кремль төңірегін торуылдаған түрле деңгейдегі саясаткерлер Ресей телеэфирлерінен Польшаға қарсы ашық агрессияны күшейтті. 2023 жылы Ресей президенті Путинге жақын адам саналатын Сергей Караганов: «Польшаға ядролық соққы жасау керек», - деп мәлімдеген.

Ал Беларусь басшысы Александр Лукашенко Польша атауын күніне үш мәрте қайталап айтпаса, басы ауырып, балтыры сыздайтын хәлге жеткен.

Сондықтан да, Польша тарапын да соғысқа даярлық туралы риторика жиілеген. Солардың бірсыпырасын сөзмысал етейік:

2024 жылдың мамыры. Польша армиясы Бас штабының басшысы Кшиштоф Крул: «Біз НАТО елдері жаттығуларын өткізіп, өңірлік қорғаныс күштерін күшейтудемізх. Біздің жоспарлы міндетіміз – Еуропаның шығыс қанатын қорғау. Солтүстікте Калининградпен, Шығыста Беларусьпен шектесетін Польша соғыс болып жатқан Украинамен құрлықта 500 шақырымдық ортақ шекарасы бар. Сондықтан, қауіп жоқ деп айта алмаймыз», - деген.

2024 жылдың шілдесі. Польша президенті Анжей Дуда: «Ресей НАТО үшін ең басты қауіпті ел. Егер Украина жеңілетін болса, Ресей мен Батыс арасындағы соғыс сөзсіз болмай қоймайды. Сондықтан, Ресейдің бетін Украинада қайтаруымыз керек және біз де соғысқа даярлануымыз керек», - деп сөйлеген.

2024 жылдың тамызы. Польша Қорғаныс министрінің орынбасары Цезарий Томчик: «Дәл қазіргі жағдайда Польша соғыс жағдайынды тұр. Гибридтік соғыс жағдайындамыз! Әсіресе, Беларусьпен шекарадағы жағдай күрделі», - деп сөйлеген.

ПОТЕНЦИАЛДЫ ҚАУІП БЕЛАРУСЬТЕН ЖӘНЕ РЕСЕЙДЕН...

Жоғарыда айтқанымыздай, Польшаның Ресеймен де, Беларусьпен де арасы жақсы дей алмаймыз. Путин режимі мен Лукашенко басқаруындағы Беларусьтің Польшаға жиі-жиі шүйлігуінде логика бар. Әлгібірде, Беларусь басшысы: «Польшаның түкпі ниеті – Украинаның батыс бөлігіне қол жеткізу», - деп сөйлеген еді.

Лукашенко: «Егер Польша Украинаның батысына ауыз салса, біз Киевті қолдаймыз. Біз Укринаның батысын Польшадан қорғау үшін күресеміз. Бұл әуелі біздің қауіпсіздігіміз үшін болатын күрес», - деді Ресейдің Украина жерін тартып алып жатқанын тарс естен шығарған кейіп танытып.

Осы сипаттағы Польша-Беларусь-Ресей басшы-қосшыларының арасындағы сөзқағыстар аз емес. Мысалы, өткенде Польша премьері Доналд Туск Беларусь мигранттары туралы мәлімдеме жасады.

«Польша мен Беларусь шекарасында бізден пана сұрап, баспана сұрап жатқан адамдар аз емес. Бізден баспана сұрау құқығын балалы әйелдер, Миниск режимі тарапынан қудалау мен азаптау көрген мигранттар, Беларусь оппозициясының өкілдері пайдалана алады. Лукашенко режимінен қудалау көрген оппозиция өкілдерін пана алу құқығынан айырмаймыз», - деп сөйледі.

Тусктің сөзінше, әрбір жекелеген жағдайды шекара қызметі жеке шешеді. «Беларусь оппозиционері Польша-Беларусь шекарасын заңсыз кесіп өтуге тырысқан бірде-бір жағдай болған жоқ», - деді Туск.

ПОЛЬША ЕО-ҒА: АБАЙЛАҢДАР, РЕСЕЙ ТЫҢШЫЛАРЫ ҚАПТАП ЖҮР!

Польша ресми тұлғалары бірнеше айдан бері Ресейді «ел аумағында диверсия жасамақ болды» деп айыптап келеді. 21 қазанда поляктар Вроцлавта ресейлік арнаулы қызметтердің тапсырмасымен жүрген тыңшыны ұстаған. Осыдан соң Польша Ресей елшісін елден қуатынын айтып, Познаньдағы Ресей консулдығын жапты. «Ресей арнаулы қызметінің адамдары консулдықтар арқылы қызмет етіп, Польша мен Еуропа елдерінде диверсия жасауға әрекеттенген», - деп мәлімдеді Польша СІМ басшылығы.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар