Түркия БҰҰ-дан Израильге қарсы қару-жарақ эмбаргосын енгізуді сұрады. Құжатқа 52 ел мен екі халықаралық ұйым, соның ішінде Қазақстан да қол қойды.
(Суреттер haber.com, gazeta.uz және aa.com.tr сайттарынан алынды)
Хатта Израильдің халықаралық құқықты бірнеше рет бұзғаны, нәтижесінде бейбіт тұрғындар – әйелдер мен балалардың жаппай қырылып жатқаны айтылған. Хат авторлары «эмбарго енгізу қажет» деп санайды, өйткені олардың пікірінше, Израиль Газа мен Ливандағы ұрыс қимылдары барысында адам құқықтары мен халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын бұзуда.
Анадолы агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Түркия бұл хатты 1 қарашада БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришке тапсырған.
Аталмыш хатқа 2 ұйым да қол қойған. Олар: Араб мемлекеттері лигасы және Ислам ынтымақтастығы ұйымы. Сондай-ақ, қол қоюшылардың бірсыпысары: Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Бразилия, ҚХР, Иран және т.б.
Ал Израиль тарабы аталған айыптауларды жоққа шығарды.
Израиль Газа секторында «ХАМАС» қозғалысына қарсы және Ливанда «Хезболлаға» қарсы әскери операциялар жүргізуде.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған аталған бастамаға қатысты: «Мұсылман мемлекеттеріне ынтымақ керек. Онсыз Таяу Шығыстағы соғыстың кеңеюіне жол бермеу мүмкін емес. Қазір өз арамыздағы барлық келіспеушіліктерді ұмытуымыз қажет. Егер біз мұны жасамасақ, онда бұл сынақтан өте алмаймыз», - деді Ердоған.
ҚАЗАҚСТАН ЛИВАНДАҒЫ АЗАМАТТАРЫН ЭВАКУАЦИЯЛАДЫ
Тақырыпқа тұздық: Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі Ливан аумағындағы өз азаматтарын эвакуациялағанын мәлімдеді.
«Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, сондай-ақ Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдарының көмегімен Ливаннан ҚР азаматтары мен олардың отбасы мүшелері эвакуацияланды.
Аталған операция Стамбул және Дубай қалалары арқылы жүзеге асырылды, нәтижесінде 2024 жылғы 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматыға 41 адам аман-есен оралды», - делінген хабарламада.
Эвакуация ұрыс қимылдары аймағында қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүргізілді.
Mezgil.kz