«Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары»: Қазақстан мен Франция әріптестігі қалай өрбімек?

Кеше президент Тоқаев ресми сапармен Францияға барғанын айттық. Бұл президент Тоқаев пен президент Макронның үшінші жолығуы.

1730786932368607.jpg

(Суреттер Ақорда және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің телеграм арналарынан алынды)

Осыған дейін: 2022 жылы Қазақстан президенті Елисей сарайына барған. 2023 жылы Франция президенті Ақордаға келді.

Орталық Азия елдері көпжақты саяси байланыстар қағидатын берік ұстанып, бейтараптық позициядан ұпай жинауға ынталы екендігін көрсетті. Олай дейтініміз – ОА елдері Ресейге қарсы санкцияларға қосылған жоқ. Сөйте тұра, Батыстың саясатын да қолдайтындықтарын білдірді.

Жалпы Орталық Азия өңірі – ЕО қол жеткізуге тырысып жатқан табиғи қазбаларға бай. Оның үстіне ОА-ның басты драйвері – Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар ұсынушы мемлекет. Осы жолғы сапар барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту дейтін мәселелер талқыланбақ. Бұған Қазақстанда салынатын АЭС құрылысына деген Франция тарабының ұсынысын тағы қосыңыз. Сондықтан, Қазақстан президентінің осы жолғы Францияға сапары талқылауға қызықты тақырыптар папкасынан тұрады десек жаңылмаймыз...

Бүгін Францияның әйгілі Гиме музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлем тарихындағы Ұлы даланың үш мың жылдық ерекше мәдени феноменін паш ететін көрмедегі бірегей экспонаттардың маңыздылығын атап өтті.

«Кейінгі жылдары Қазақстан мен Франция арасындағы байланыс артып, жаңа серпін алды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эммануэль Макронның өзара сапарлары екіжақты ынтымақтастықты нығайта түсті. Әріптесім, министр ханым Рашида Дати мен Гиме музейінің президенті, доктор Янник Линтцке осы көрмені ұйымдастыруда көрсеткен қолдауы үшін, сондай-ақ, Гиме музейі ұжымына жоғары деңгейдегі кәсіби біліктілігі мен үйлесімді жұмысы үшін ерекше алғысымды білдіремін», – деді Аида Балаева.

Экспозицияда Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының коллекцияларынан алынған 35 сирек артефакт ұсынылған. Олар Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін паш етеді.

«Музейдің биік миссиясы – өткеннің мәдени құндылықтарын көрсете отырып, заманауи тарихты жасау. Көрмеге қойылған ең құнды жәдігерлер алғаш рет шетелдік көрерменге заманауи, жаңашыл форматта ұсынылып отыр. Бүгін біз жаңа тарихтың – елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың даму тарихының куәсі болып отырмыз», – деді министр.

Көрермендер көшпелі мәдениеттің және мемлекеттіліктің дамуын бейнелейтін құнды мұраларды тамашалай алады, олардың қатарында ғұн-сармат кезеңінен бастап Қазақ хандығына дейінгі жәдігерлер бар. Көрменің ерекшелігі – көрерменге Қазақстан мәдениетінің санғасырлық тарихы мен бай қазынасын терең тануға мүмкіндік беретін иммерсивті мультимедиялық контент.

«Көрмеде Қазақстанның бес «Джокондасы» қойлған. Бұл көрменің идеясы бір жыл бұрын Франция президентінің Қазақстанға сапары кезінде туындады. Оның мақсаты – көрерменге Қазақстан мәдениетін, оның әлемдік тарихта алар орнын таныстыру. Көрме ежелгі тарихтан бастап 18-ші ғасырдағы Қазақстанға дейінгі аралықты қамтыған. Бұл – Қазақстанның пейзаждарын, дыбыстарын, әсіресе, осы өркениеттің бес кезеңін бейнелейтін бес шедеврді немесе шедеврлер ансамблін көрсететін иммерсивті саяхат», – деді Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейі директоры Янник Линц.

Көрме 2025 жылдың 24 наурызына дейін жалғасады. 5 қарашада көрмені Қазақстан мен Франция Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон тамашалайды.

Осы жолғы сапар аясында Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени ынтықмақтастықты арттыру бойынша бірқатар кездесулер өтіп, екіжақты келісімдерге қол қойылды.

Атап айтқанда:

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Францияның мәдениет министрі Рашида Датимен кездесіп, мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды.

Кездесу барысында тараптар музейлер және мәдени мұра саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларациясын, сондай-ақ ҚР Ұлттық музейі мен Гиме музейі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды қоса алғанда, бірқатар келісімдерге қол қойды.

Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты күшейту және «Courants du Monde» бағдарламасы аясында қазақстандық мамандарға арналған тағылымдамалар ұйымдастыру ұсынылды.

Сондай-ақ, музей сараптамасы бойынша тәжірибе алмасу, тарихи мұраны сақтау және музей ісіне жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Екі елдің министрлері креативті индустрия, оның ішінде, сән саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Аида Балаева этникалық сәнге және оның әлемдік деңгейдегі көрсетіліміне назар аударуды ұсынды.

Онан соң ҚР Мәдениет және ақпарат министр Аида Балаева мен Лувр музейінің президент-директоры Лоранс де Кар екі ел арасындағы мәдени жобаларды талқылады.

Тараптар Қазақстан музейлері мен Лувр арасында бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылады. Ынтымақтастық көрме қызметімен қатар, ғылыми-зерттеу, археологиялық зерттеулер, ғылыми материалдар жариялау және музей ісіндегі тәжірибе алмасу бағыттарын да қамтуы мүмкін.

Министр қазақстандық мамандар үшін мастер-класстар мен тағылымдамалар ұйымдастыру  кәсіби білім алмасу мен Қазақстанда музей ісін жетілдіруде маңызды қадам болатынын атап өтті.

Францияға сапар аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттонемен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, атап айтқанда, Дүниежүзілік мәдени мұра ескерткіштерін қорғау, материалдық емес мәдени мұраны зерттеу және насихаттау, креативті индустрияларды дамыту мәселелерін талқылады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар