Сөзсіз, Ресейдің Украинаға соғыс ашуы һәм халықаралық өркениетті қауымдастықтың Ресей агрессиясына қатқан қатал жауабы геосаяси картада айтарлықтай өзгерістерге себеп болды. Әсіресе, Ресей ықпалы күшті Орталық Азия елдері жаңа интеграциялық жолдарды белсенді іздестіре бастады.
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: korea.net, korrespondent.net, azattyq-ruhy.kz сайтынан алынды)
РЕСЕЙДІҢ ОРНЫ БОС ТҰРМАС: ОА ҮШІН РЕСЕЙГЕ БАЛАМА КӨП...
Соңғы жылдары Орталық Азия елдерімен әріптестікті дамытуға ниет білдірушілердің саны өсті. «ОА5+1» форматы аясында АҚШ, Қытай, Түркия, ЕО, Германия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корей, Ұлыбритания секілді мемлекеттер кезек-кезек хат алмасып, сапарласып, Орталық Азия елдеріне жол сала бастады.
Осы ретте президент Тоқаев «Орта державалардың рөлі» концепциясын ұсынып, ол саяси аренада шетке ысырылып келе жатқан көптеген мемлекеттер тарапынан қолдау тапты.
ФРАНЦИЯ ҚАЗАҚСТАНҒА АЭС САЛУҒА НИЕТТІ
Президент: «Қазақстанның тату көршілік қағидатын берік ұстануы елдерге Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық бағыт - «Орта дәліз» сияқты жобалар арқылы өңіраралық интеграцияны белсенді дамытуға мүмкіндік береді», - деп жазды француз басылымына жариялаған мақаласында.
Аталған мақалада президент Тоқаев сөз еткен 2 мәселеге жеке тоқталғанды жөн санадық. Әуелі: «Қазақстан әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші бола отырып, француздық атом энергетикасының сенімді серіктесі болып қала береді», - деді.
Онан соң: «Қазақстан мен Франция сирек кездесетін металдар, жаңартылатын энергия көздері және атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға өзара қызығушылық танытты. Бұл стратегиялық әріптестікті кеңейту үшін жаңа перспективалар ашады. Болашақта өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізін тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу туралы жуырда өткен жалпыұлттық референдумның оң қорытындылары қалайды», - деп жазды.
Бұл мақала президент Тоқаевтың Францияға сапары кезінде француз басылымына француз тілінде жария болды. Онда Франция мен Қазақстан АЭС құрылысы бойынша, бейбіт атом саласы бойынша әріптестік орнатуға мақұл екендігі анық жазылған.
Анығы Қазақстан мен Франция АЭС құрылысы туралы талқылауларды 2023 жылы жүргізе бастаған. Франция президенті Макронның Астанаға жасаған сапарында, жабық есік жағдайында Қазақстандағы АЭС құрылысы тақырыбы сөз болғаны айтылады.
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ РЕСЕЙДІҢ АЭС САЛУЫН ҚОЛДАМАЙДЫ...
Ресейге балама іздеу бағытына қатысты тағы бір маңызды іс-сапарды осы орайда сөз ете кеткеніміз орынды. Өйткені, жұрт АЭС салуды қолдағанымен тек оны Ресей салмасын деген көңіл-күйде. Міне, осыны ескерген Қазақстан билігі Ресейге балама бағыттарды іздестіруге бел шеше кіріскен секілді.
Қазақстан тарабының бұл шешімі солтүстіктегі сойы бөлек көршілерге ұнай қоймайтыны бсенеден белгілі. Сондықтан да, соңғы айларда Ресей тарабынан Қазақстанға қарата қасақана жасалып жатқан түрлі экономикалық түртпектердің шеті қылаң бере бастады.
ОҢТҮСТІК КОРЕЙГЕ САПАР ҺӘМ АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ
Осы тұста Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Оңтүстік Корейге жасаған сапарына да аз-кем тоқтала кетсек жөн болар. Аталған сапар барысында Қазақстан СІМ басшысы Оңтүстік Корей президенті Юн Сок Ёлмен, Оңтүстік Корей СІМ басшысы Чжо Тэ Ёльмен кездесулер өткізіп қайтқан.
Ресми ақпараттарда тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-корей ынтымақтастығының негізгі мәселелері талқыланғаны айтылады.
Ал БАҚ бұл сапардың жарияланбаған бір тақырыбы – Қазақстандағы АЭС құрылысы екенін жазады.
«Орда» сайты: «Қазан айының соңында Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Оңтүстік Кореяға барып, кореялық жетекші компаниялардың өкілдерімен кездесті. Бұл келіссөздердің басты тақырыбы атом энергетикасы болды. Сондықтан Оңтүстік Корейдің бірінші қазақстандық АЭС құрылысына мердігерлік алу мүмкіндігі күрт өскен сияқты», - деп болжайды.
Ал «The Times of Central Asia»: «Сеулдегі келіссөздердің негізгі тақырыбы – атом энергетикасы болып табылды. Бірақ Сатқалиев осы сапарында бірыңғай Оңтүстік Корейдің Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрімен мұнай-газ секторындағы және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудағы ықтимал ынтымақтастықты талқылады», - деп жазады.
Энергетика министрлігінің басшысы сондай-ақ осы сапары барсында корейлік «Doosan Enerbility», «Korea Hydro & Nuclear Power» (KHNP), «Korea Electric Power Corporation» (KEPCO), «Korea National Oil Corporation» (KNOC), «Samsung» сынды жетекші компанияларының өкілдерімен кездескен.
Министр кездесіп, келіссөздер өткізді деген компаниялардың ішінде - «Korea Hydro & Nuclear Power» (KHNP) компаниясы бар. Ал бұл компания – Корей электр энергетикалық корпорациясының (KEPCO) еншілес компаниясы. Ол Оңтүстік Корейдегі ірі атом және су электр станцияларын басқарады. Бұл компания Қазақстандағы АЭС құрылысына өтінім берген алты шетелдік компанияның бірі.
Түйін: Жоғарыдағы ақпараттарды қорытындылай келе – Қазақстандағы АЭС құрылысына ниетті екі елдің сұлбасы айқын көріне бастағандай.
Mezgil.kz