Кеше Ресей президенті Владимир Путин Сочиден сөйледі. Жыл сайын өткізетін «Валдай» форумында жаһандық саясат, Ресей мен Украина арасындағы соғыс пен АҚШ-тағы сайлау т.б. тақырыптар бойынша бірсыпыра мәлімдемелер жасады. Сонымен президент Путин не дейді? Қараңыз:
(Сурет РБК сайтынан алынды)
ПУТИННІҢ БАЯНДАМАСЫ: БАТЫСҚА КІЖІНУ ҺӘМ СОҒЫСТЫ АҚТАУ
«Неліктен Украина мен Грузия НАТО құрамына шақырылды? Батыс елдерінің дәл осы әрекеттері Украинадағы «мемлекеттік төңкеріске» әкелді. Ресейді «арнайы операциясы» (Ресей соғысты солай атайды) бастауға мәжбүрледі», - деп сөйледі Ресейбасы.
Ресей президентінің сөзі әдеттегідей, «Ресей бірінші болып күштік әрекет бастаған жоқ. Ресей өз қауіпсіздігін қорғау үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болды» деген ауанда айтылды.
Путин сөздерінен тағы бір аңғарарымыз – Украина мен Грузияның НАТО-ға шақырылуы – «Ресей қауіпсіздігіне төнген қатер». Ресейдің әскери-саяси билігі НАТО-ның кеңеюіне қарсы болып, Украинада соғыс бастаған.
«Оларды (Украина мен Грузияны – ред.) НАТО-ға шақыру – интервенцияға ұқсайды және өңірдегі тұрақтылыққа қатер төндіреді. НАТО ашық анахронизмге ұрынып, әлемдегі жасампаздыққа ұмтылмай, тек өз билігі мен монополиясын халықаралық аренада ұстап тұруға тырысатын жалғыз блокқа айналған», - дейді Владимир Путин.
Әрі қарай Батыс жүргізіп жатқан саясатты айыптайды. «Батыс – шын мәнінде әлемдік тәртіп емес, өздерінің үстем рөлін сақтап қалуға тырысуда. Батыс елдерінің монополиясы қауіп-қатер төніп тұр», - деп сөйлейді. НАТО мүшелерінің БРИКС-қа мүше болуға ұмтылып жатқанын тілге тиек етеді (Бұл тұста Түркия билігінің БРИКС-пен интеграциялану туралы ұсынысын сөз етсе керек).
Путин «Ресей әлемдік билікке ұмтылғандарды бірнеше рет тоқтатқанын, алдағы уақытта да солай болатынын» айтып: «Теңсіздік - қазіргі әлемнің нағыз қасіреті», - дейді. Әрі қарай: «Ресей әрқашан өз қауіпсіздігі мен мүдделерін қорғап, жалпы әлемнің бейбіт дамуы үшін күресетін болады. Ресейдің өмір сүруі әлемдік тәртіптің табысты дамуының кепілі болып табылады», - дейді.
ПУТИН ДИАЛОГҚА ДАЙЫН: ОЛ ҚАНДАЙ ДИАЛОГ?
Ресей президенті Путин: «Ресей диалогқа дайын, бірақ басқа елдердің қысымына шыдамайды», - деп сөйледі. Сонымен қатар, Путин «орыс халқы әрқашан өз еркін таңуға емес, басқаларды көндіруге ұмтылатынын» айтады. Мысал ретінде Путин Ресейдің 90-шы жылдардағы лаңкестікпен «табысты» күресін сөз етеді.
Сөз соңында Ресейбасы былай дейді: «Ресей әрдайым өз мақсаттарына жетеді және өз азаматтары мен мүдделерін қорғау үшін барлық шараларды қабылдауға дайын. Әлемнің бұрынғы құрылымы «біржола кетеді. Біздің көз алдымызда мүлде жаңа әлемдік құрылым қалыптасуда», - дейді. Путиннің айтуынша, «алдағы 20 жыл күрделі болады».
Ресей президентінің айтуынша, «әлемде билік үшін күрес қана емес, тұтас елдер мен халықтардың қақтығысы жүріп жатыр». Ресей президентінің айтуынша, «Батыстың және оның саяси одақтастарының өз ерекшелігі мен жазасыздығына деген соқыр сенімі әлемдік трагедияға қауіп төндіреді».
Mezgil.kz