«Құдайдың сыйы» һәм Украинаның талабы: Әлем басшылары СОР29-да не деді?

11-22 қараша аралығында Әзербайжанда БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 29-шы сессиясы (қысқаша - СОР29) өтеді.

1731497386728957.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Ақорда, azernews.az, climaterealism.com сайттарынан алынды)

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қарашада Дүниежүзілік СОР29 климаттық саммитіне қатысу үшін Бакуге барған болатын.

Бакуде өтіп жатқан БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы COP29 сессиясына БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерреш, Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишель, Қасиетті Тақтың мемлекеттік хатшысы Кардинал Пьетро Паролин бастаған 80-ге жуық мемлекет және үкімет басшылары қатысуда.

1731496562310276.jpg

(Сурет azernews.az сайтынан алынды)

COP29 ҚАНДАЙ САММИТ?

COP29 - жаһандық климаттық саясат талқыланатын маңызды жиындардың бірі. Оған қатысушы елдер әлемдегі климаттың өзгеруі салдарын азайту және энергетикалық қажеттіліктерді шешу тақырыптарында пікірталастар өткізеді.

COP29-дың «қаржылық COP» дейтін сипаты да бар. Себебі елдер үшін климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын қаржыландырудың жаңа жаһандық мақсаты белгіленеді. Дағдарыстың тереңдеуіне қарай, қазіргі уақытта дамушы елдер қажет ететін климаттық қаржыландырудың нақты сомасы жылына 500 миллиардтан 1 триллион долларға дейін бағаланады.

Осыған дейін: COP29 Біріккен Араб Әмірліктерінде (2023 жылы), Египетте (2022 жылы) және Шотландияда (2021 жылы) өткен болатын.

КЛИМАТТЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ РЕТТЕЙТІН ҚОР ҚҰРЫЛАДЫ

Осы жолғы конференцияны ұйымдастырушылар: «COP29-дың күн тәртібіндегі басты бастамалардың бірі – климаттық қаржыландыру жөніндегі іс-қимыл қорын құру. Бұл қор климаттық қаржыландырудағы кемшіліктерді жоюда маңызды рөл атқарады деп күтілуде», - деп мәлімдеді.

1731496663604996.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

«COP29 – ҚҰДАЙДЫҢ СЫЙЫ»: ИЛХАМ ӘЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ?

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев COP29 өткізілмей тұрып (биыл жазда): «Осы конференцияны өткізу Әзербайжан халқының үлкен табысы болмақ», - деген еді. Президенттің пікірінше, COP29 арқылы мұнайлы һәм газды Әзербайжанның күн тәртібі жасыл энергиямен байланысты екеніне әлем жұрты тағы бір мәрте көз жеткізе алады.

Кеше COP29 көшбасшылары саммитінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Илхам Әлиев былай деп мәлімдеді: «Мен мұны бірнеше ай бұрын: «Құдайдың сыйы», - деп айтқан едім. Мен мұны бүгін осы аудиторияның алдында қайталағым келеді: Бұл - Құдайдың сыйы!

Мұнай, газ, жел, күн, алтын, күміс, мыс - осының бәрі табиғи ресурстар. Елдерді осы ресурстарға ие деп айыптауға болмайды. Сондай-ақ, оларға бұл ресурстарды нарыққа шығаруда кінә қоюға болмайды. Себебі нарық оларға мұқтаж. Адамдар оларға мұқтаж. Президент ретінде біз COP29-ды, «жасыл энергетикаға» көшуді қолдаймыз және біз мұны жасаймыз. Дегенмен, біз шынайы болуға тиіспіз», - деді.

1731496711661588.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

КАСПИЙ МЕН АРАЛ ПРОБЛЕМАСЫ: ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ?

Қазақстан Президенті СОР29 саммитінің пленарлық сессиясында бірінші болып сөз сөйлейді: «Қазақстан климаттың өзгеруі бойынша міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайды және COP29 жұмысына белсене қатысуды жоспарлап отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Бакудегі СОР29 саммитін қолдайтынын осыған дейін Әзербайжанның Шуша қаласына жасаған сапары кезінде де мәлімдеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Климаттық жағдай күрделенуде. Әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан аномалды ыстық, орман өрттері, құрғақшылық пен су тасқыны бұл үрдісті айқын дәлелдейді. Біз түркі әлемімен климат мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз. Биыл біз Әзірбайжанда өтетін СОР29 климаттық конференциясының жұмысына белсене қатысуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан климаттың өзгеруі бойынша міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайды», - деп мәлімдеді.

Ол сондай-ақ, 2026 жылы Қазақстан БҰҰ аясында Өңірлік климаттық саммит өткізетінін айтты.

«Біздің түркі бауырларымыз оның жұмысына белсене қатысады деп сенемін», - деген Қазақстан президенті Каспий және Арал теңіздерінің экологиялық проблемаларын шешу үшін күш біріктіруге шақырды.

«Біз Каспий теңізінің логистикалық әлеуетін арттырудың маңыздылығын атап өттік. Бұл ретте оның экологиялық мәселелерін елемеуге болмайды. Теңіз жойылып кету алдында тұр. Қоршаған ортаны, флора мен фаунаны қорғау маңызды міндет болып табылады. Каспийдi құтқаруға бағытталған нақты шешiмдердi әзiрлеу керек. Түркі елдері ғалымдарының өзара іс-қимылын жандандыратын уақыт келді», - деді Тоқаев.

1731496793448417.jpg

(Сурет Өзбекстан президентінің ресми сайтынан алынды)

КЛИМАТТЫҚ АСТАНАЛАР АЛЬЯНСЫ: ШАВКАТ МИРЗИЁЕВ НЕ ДЕДІ?

Өзбекстан парезиденті Шавкат Мирзиёев әлемдегі экологиялық проблемалармен күресу бойынша бір-біріне білім мен тәжірибе бере алатын климаттық астаналар альянсын құруды ұсынды. Оның айтуынша, Ташкент жаһандық климаттық өзгерістерді еңсерудегі өзінің тәжірибелік үлесін кеңейтуге дайын.

Өзбек президентінің баяндамасынан тезистер:

Бірінші. Дамушы елдер ұшырасатын климаттық сын-қатерлерді айқындау үшін жетекші мемлекеттер мен көпжақты институттар тарапынан техникалық жәрдемдесуді кеңейту маңызды. Бұл орайда Климаттық шығындар мен залалды бағалау жөніндегі халықаралық орталық құруды ұсынады.

Екінші. Трансшекаралық су ресурстарының ластануын болдырмауда және орнықты биологиялық әртүрлілікті сақтауда бірыңғай тәсілдер қажет.

«Біздің өңірде бір ұрпақтың алдында Арал теңізі толығымен жоғалғанын атап өткім келеді, бұл планетарлық ауқымдағы қасіретке айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен өзен экожүйелерінің денсаулығы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер туралы декларацияны әзірлеуді қолдаймыз», - деді Мирзиёев.

Үшінші. Жетекші құрылымдардың қатысуымен өсімдіктердің климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру үшін Өңірлік генетикалық ресурстар банкін іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Төртінші. Климаттың өзгеруінен зардап шегетін мегаполистер мен қалаларды орнықты дамыту саласындағы озық білім мен тәжірибелерді трансферттеу үшін Әлемнің климаттық астаналары альянсын құруды және оның алғашқы форумын Ташкентте өткізуді ұсынамыз.

Бесінші. Келесі жылдың 15 мамырында - Халықаралық климат күнінде Арал өңірінде өтетін Цифрлық «жасыл» бастамалардың жаһандық фестивалінде сіздердің мемлекеттеріңіздің өкілдерін күтеміз.

1731496878859423.jpg

(Сурет climaterealism.com сайтынан алынды)

ТРАМП ПЕН ОНЫҢ ӘКІМШІЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Трамп пен оның әкімшілігінің «Климат жөніндегі келіссөздердегі» ұстанымы:

«Климат жөніндегі келіссөздер - бұл АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Доналд Трамптың салауатты түрде саясат жүргізу мүмкіндігі. Трамп пен оның әкімшілігі Үкіметке қайта оралу және Үкіметке ақыл-ой енгізу туралы айтты. Менің ойымша, ол осы салада да осындай тәсілді қолдана алар еді», - деп мәлімдеді Бакудегі саммитке қатысушы «Exxon Mobil-дің» атқарушы директоры Даррен Вудс. Вудс сондай-ақ әлемдік шығарындылар проблемасын шешу үшін жаһандық жүйе қажет екенін атап өтті. Ол компаниялар үшін тиімдірек энергия көздеріне өтуі үшін ынталандыру жасауға шақырды.

Президенттігінің алғашқы мерзімінде Трамп климат жөніндегі Париж келісімінен шықты. Сол кезде ол қазіргі жағдайда бұл АҚШ үшін тиімсіз екенін мәлімдеп, егер АҚШ келісімнің барлық ережелерін орындаған жағдайда 2025 жылға қарай 2,7 млн адам жұмыс орнын жоғалтуы мүмкін екенін айтқан.

Жо Байден 2021 жылы АҚШ президенті қызметіне кіріскенде, Трамптың жарлығының күшін жойып, АҚШ климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосылды.

1731497155847293.jpeg

(Сурет mepr.gov.ua сайтынан алынды)

УКРАИНА БАКУДЕ РЕСЕЙДЕН 40 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ТАЛАП ЕТЕДІ

Бакуде өтіп жатқан COP29 саммитінде украиналық делегация Украинадағы көпжылдық ресейлік агрессия нәтижесінде, климаттық өзгерістерге қарсы күресте жаһандық күш-жігерге келтірілген залал мәселесін көтереді.

Украинаның қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Виктория Киреева: «Украина бір емес, бірнеше агрессордың басып кіруіне тап болды. Бакудегі саммитте біз соғыс қоршаған ортаға ғана емес, климаттың өзгеруі сияқты проблеманы одан әрі ушықтырып отырғанын көрсеткіміз келеді», - деді.

Украина делегациясы: «Соғыс климаттық өзгерiстер проблемасына тiкелей және жанама әсер етедi. Тікелей әсер – бұл жарылыстар, әскери техниканың орын ауыстыруы, бомбалаудан болған өрт және т.б. Жанама әсер – бұл халықтың көші-қоны, Украинаның әуе кеңістігін айналып өтетін халықаралық әуе рейстерінің ұзақтығын арттыру т.б.», - деді.

Украиналық делегация Бакудегі саммитте тағы бір мақсатты көздеп отыр – ол климаттық өзгерістер жөніндегі саммиттің күн тәртібіне Украинаға келтірілген экологиялық залалды өтеу мәселесін енгізу.

Киреева Украинадағы соғыстың екі жылында атмосфераға 180 миллион тонна СО2 шығарылғанын, залал сомасы 40 миллиард долларға бағаланғанын айтады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар