Абхазия: Отанды сатудың Бжаниялық формасы немесе Бжания қайда қашпақ?

Халықтың шыдамдылығы шегінен шығатын болса, ешқандай қоршау көмектесе алмайды. Бұған әлемдік тарих та, бүгінде Абхазияда болып жатқан оқиғалар да дәлел.

1732018556407468.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Википедия, ekhokavkaza.com сайттарынан алынды)

Ресеймен жасалған инвестициялық келісім Абхазияда жаппай наразылық акцияларын тудырды. Даулы құжат Ресей компанияларына аймақта айтарлықтай салықтық жеңілдіктермен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беруді көздеген.

Абхазия оппозициясы: «Аталған құжат қабылданса, Абхазия Ресейге толықтай жұтылып кетеді», - деп дабыл қақты. Халықты алаңға алып шықты. Бірнеше күнге жалғасқан наразылықтар кезінде Оппозиция мен халық Абхазиядағы барлық мемлекеттік ғимаратты, соның ішінде Президент әкімшілігін, Парламентті, күштік құрылымдар ғимараттарын басып алды.

Ақыр соңында, Абхазияның басшысы Аслан Бжания оппозициямен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Ұзын-ырғасы 10 сағатқа жалғасқан келіссөздердің соңында президент Аслан Бжания отставкаға кететінін мәлімдеді.

ПРЕЗИДЕНТ ҚҰЛАДЫ: КЕЛІСІМ ҚАЛАЙ ЖАСАЛДЫ?

Келіссөзде келіскендей: Абхазия президенті Аслан Бжания өз еркімен отставкаға кететінін жариялады.  «Абхазия Республикасы Конституциясының 65-бабына сәйкес, елдегі тұрақтылық пен конституциялық тәртіпті сақтау мақсатында, Мен Абхазия Республикасының президенті қызметінен кетемін», - деді Бжания.

Бжаниямен бірге: Абхазия премьер-министрі Александр Анкваб және «Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы» Дмитрий Дбар та отставкаға кетті.

Аслан Бжанияның отставкасы туралы өтінішін Абхазия Парламенті қарап, шешім шығарады. Қазіргі министрлер Абхазия Республикасының жаңадан сайланған президенті қызметіне кіріскенге дейін өз міндеттерін атқарады. Абхазияның «конституциясына» сәйкес, «басшының» міндетін қазіргі «вице-президент» Бадра Гунба атқаратын болады.

Келісім бойынша: Оппозиция мен наразы халық басып алған үкіметтік ғимараттар босатылады.

БЖАНИЯНЫ БИЛІККЕ ӘКЕЛГЕН ЖОЛ – ӨЗІНЕ ТАЯҚ БОП ТИДІ...

Абхазия дейтін Грузиядан бөлініп шыққан, әлемде ешбір мемлекет мойындамаған «ергежейлі ел» - жікшіл аймақ. Ондағы болған «Президентті құлату операциясы» - Абхазия үшін қалыпты жағдай. Аслан Бжанияның өзі билікке айна-қатесіз осы жолмен келген. 2019 жылы Бжания бастап, халықты артына ілестіріп, Абхазия басшысын қуған. Дәл осындай схема бойынша, үкіметтік ғимараттардың терезе-есіктерін сындырып, басып алып, өзінен бұрынғы басшыны отставкаға қол қоюға мәжбүрлеген.

Осыдан соң, 5 жыл билікті қолында ұстаған Бжания бірінші кезекте үкіметтік ғимараттарды, Президент әкімшілігі ғимаратын бүлікшілерден қорғау үшін қоршау салды. Брондалған көліктер сатып алып, бейнебақылау камераларын орнатты. Жеке күзет пен ІІМ-нің саны мен жабдықталуын ұлғайтты, қарсыластарын қуғындады, билікті толықтай басып алды.

Расталмаған дерек: Осы жолы Аслан Бжания отставкаға кетпес бұрын, ресейлік әскери базада жасырынып, Ұлттық гвардиядан көмек сұраған. Бірақ, сұраған көмекке қол жеткізе алмаған.

ГРУЗИЯ АБХАЗИЯДАҒЫ АХУАЛ ТУРАЛЫ НЕ ДЕДІ?

Шындығында Абхазия Грузиядан бөлініп шыққан жікшіл аймақ екенін айттық. Осы жолғы Абхазиядағы болған оқиғалар Грузиядағы саяси күн тәртібіне ешқандай әсер ете қойған жоқ. Грузиядағы ресми билік те, саяси күштер де Абхазияға қатысты пікір білдіріп, баға берген жоқ.

Жалғыз – қамаудағы Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили: «Абхаздар грузиндердің істеуге тиісті нәрсесін жасады. Олар – «Ресейдің отаршылдық заңына» тосқауыл қойды», - деп жазды.

ОТАНДЫ САТУДЫҢ БЖАНИЯЛЫҚ ФОРМАСЫ...

10 сағаттық кезіссөздерден соң, тараптар тату тарқасқанымен, оппозиция өкілдері Президент әкімшілігін басып алған уақытта Аслан Бжанияның Абхазия мен Ресей арасында жасасқан құжаттарын тәркілеп алған.

Қазір Абхазия оппозициясы аталған құжаттарды жіті зерттеуге кірісіп кеткен. Соның ішінде «Козак-Бжания» секілді Ресей мен Абхазия арасындағы келісім хаттамалары бар. Аслан Бжания Ресей олигархтарының Абхазиядан жер мен мемлекеттік мүлікті, маңызды ресурстарды сатып алуына мүмкіндік беретін келісімдер жасасқан. Шетелдіктерге жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндік беретін заңдар қабылдауға тиіс болған.

Бжания Мәскеудің алдында өзіне міндеттеп алған істі едел-жедел орындауға кірісіп, халықтық наразылыққа себеп болған «Ресеймен инвестициялық келісімді» қабылдаған. Өйтпеген жағдайда Бжанияны Мәскеу отставкаға жіберетін болған. Өйткені, Аслан Бжания: «Аталған міндеттер орындалғана жағдайда, 1 қыркүйекте отставкаға кетемін», - деп келіскен.

ЯНУКОВИЧ СЕКІЛДІ ҚАША МА, ӘЛДЕ ГАМСАХУРДИЯ СЕКІЛДІ ЖҰМБАҚ ӨЛІМГЕ КЕЗІГЕ МЕ?

Осылайша, Бжания өзінің президенттік мерзімін ұзарту үшін барын салған. Әрине, Аслан Бжания оппозицияны сан соқтыруға барын салды. Өйткені ол құрған Парламент көп жағдайда оның жақтастарынан тұрды. Олар заң мен Конституцияны өз игіліктеріне бұрмалауда аянып қалған жоқ.

Қазір Бжания отставкаға кеткен соң, істің арты әшкере болуда. Енді Аслан Бжанияның өз тағдыры не болмақ деген сұрақ туындайтыны заңдылық.

Аслан Бжания не Укаринадан қашып, Ресейді паналаған Виктор Януковичтің, не жұмбақ жағдайда өлген Грузияның бірінші басшысы Звиад Гамсахурдияның тағдырын қайталауы мүмкін.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар