Қан мен қасіретке толы 1000 күн: Ресей неден жаңылды, Украина енді қайтпек?

Ресейдің әскери һәм саяси басшылығының шешімімен Украинаға қарсы соғыстың басталғанына 1000 күннен асты. Бұл қан мен қасіретке толы мың күнде өзгерген дүние көп. Ресейде, Украинада һәм Әлемде!

1732105107272783.jpg

(Суреттер: ВВС, dw.com, kasparov.ru, 24tv.ua, tsn.ua, wsws.org сайттарынан алынды)

2022 жылдың 24 ақпаны: Ресей президенті Владимир Путин пәрмен беріп, Ресей Украинаға соғыс ашты. РФ Қорғаныс министрлігінің әуелгі жоспары бойынша Украинаға басып кіру – жедел және жеңісті операция болуы тиіс еді. Алайда олай болмай шықты. Қанқасап соғыстың жалғасып жатқанына 1000 күннен асты.

РЕСЕЙ ҚАЙ ЕСЕПТЕН ЖАҢЫЛДЫ?

Шынында, Ресейдің әскери басшылығы есептен жаңылды. Олардың жіберген басты қателігі - өз армиясының мүмкіндіктерін асыра бағалағандығы да емес. Ресей – қарсылас армиясын, оның жауынгерлік қабілетті мен ұрысқа дайындығын жете бағалай алмады.

Әуелі осы 1000 күннің ішіндегі Украина мен Ресейдің шығынын ашық дереккөздердегі мәліметтерге жүгіне отырып, бір тізбелеп өтейік...

Сұмдық цифрлар мен бұлтратпас фактілер:

– БҰҰ-ның 15 қарашадағы есебінше: Соғыс басталғалы Украинада 12 162 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Оның 633-і бейкүні балалар.

– 39 081 адам зардап шеккен. 26 919 адам жараланған. 2406-сы балалар.

– ВВС-дің орыс қызметі мен Медуза соғыста өлген 78 329 Ресей сарбазының есім-сойын анықтаған. Ал Ресейдің адам шығыны 106-140 мыңға жуық деп бағаланады. Ал Ұлыбритания барлауы Ресейдің өлгені мен жараланғанын қосқандағы адам шығыны 700 мыңға жуықтайтынын айтқан.

– 31 100 сарбаз - бұл Украинаның қаза тапқан әскері. Бұл президент Зеленскийдің 2024 жылдың ақпанында айтқаны. Ал The Wall Street Journal 2024 жылдың қыркүйегінде қаза тапқан Украина әскері 80 мың деп есептеген. Батыс ақпараты Украинаның қаза тапқан және жараланған әскер шығыны 500 мыңға жуықтайтынын айтқан.

– 3,7 млн адам өз үй-жайларынан айрылып, Украина ішінде босқын атанған. Бұл БҰҰ-ның 2024 жылғы 24 ақпандағы дерегі.

– 6,5 млн адам Украинаны тастап, бас сауғалап, басқа елге көшуге мәжбүр болған.

– 183 млрд доллар. Бұл соғыс басталғалы Украинаның АҚШ-тан алған көмегі.

– 19 484 украин баласы Ресейге күшпен көшірілді.

– Украинаға келтірілген шығын сомасы 1, 164 трлн долларды құрады.

– Украина өзінің 16,95% аумағынан айырылды.

– 14 мыңнан астам украиндық Ресей түрмелеріне тоғытылды.

– Ресей мен Украина арасында 58 рет әскери тұтқындармен алмасу орын алды.

– Моблизацияланған 12 867 ресейлік жауынгер өз бетімен соғыс алаңын тастап шыққаны үшін істері сотқа берілді.

– 356 адам Ресей армиясын «қарағаланы» үшін заңмен қудалауға ұшырады.

– Украинаның Курскіге басып кіргеніне 100 күннен асты.

– Әуе кеңістігінде Украина аумағындағы РФ авиациясының артықшылығы толығымен жойылды.

– Ең бастысы Украина да, Ресей де заманалық жаңа соғыста өз қателіктерінен сабақ ала білді.

СОҒЫС ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

2022 жылдың 24 ақпаны: Таңғы уақытта Ресей президенті Путин Украина аумағында «арнайы әскери операция» басталғанын жариялады. Бүкіл әлем бұны «соғыс» деп атаса да, Кремль әлі бетбақтырмай, «арнайы әскери операция» деп атайды.

Путиннің сөзінен кейін Ресей Украина аумағына жаппай зымыранмен шабуылдады. Шабуылдар бір дегенде бірнеше бағытта басталды.

Ал соғыс басталғанға дейін бірнеше күн бұрын президент Путин Украинаның жікшілдері жариялап алған Донецк және Луганск облыстарын «тәуелсіз ДХР және ЛХР» республикалары деп мойындады.

Ресей соғыс басталған алғашқыда Украинаның Донецкі және Луганскі облыстарынан өзге, Киев, Харьков, Херсон, Сумы, Чернигов, Запорожье, Николаев және Одесса облыстарына да әскер бастап барды. Кейінірек, Украина армиясы бұл аумақтардан Ресей әскерін ығыстырып шығарды.

Ресейдің әскери һәм саяси билігі бұл соғыстың мақсаты – «денационализациялау» және «демилитаризациялау» деп жариялаған еді.

РЕСЕЙДІҢ ТЕРРОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРЫ: БУЧА, МАРИУПОЛЬДЕГІ ЗҰЛЫМДЫҚТАР

Ресей әскері Украинада басып алған қалаларда, елдімекендерде нағыз террор жасады: Адамдарды ұрлады, зорлады және өлтірді. Олардың үйлерін тонады, фильтрациялық лагерьлер мен азаптау түрмелерін ұйымдастырды. Украинаның көптеген қалалары мен ауылдары ұрыс кезінде түгелдей жойылды, үйінді-қирандыға айналды.

Сөзмысал: Бучадағы бейбіт тұрғындарды азаптап өлтіру, Мариупольді қоршауға алу және қаланың перзентханасы мен драма театрына шабуыл жасау, Краматорск вокзалына және Кременчугтағы сауда орталығына шабуыл жасау... Бұл әлем жұрты айыптаған террорлық қылмыстардың азы ғана.

УКРАИНА НЕДЕН АЙЫРЫЛДЫ?

WarMapper-дің OSINT-талдауының мәліметінше: Биыл қазан айының соңында Ресей әскері Украина аумағының 17,95% -ын басып алған. Бұл пайыздарға 2014 жылы аннексияланған Қырым және Донецкі мен Луганскі аумақтары, Донбасстағы ресейлік күштер мен ұрыс кезінде Украина бақылауды жоғалтқан барлық жерлер атап айтсақ, Херсон, Запорожье және Харьков облыстарының жау қолындағы бөліктері кіреді.

Соңғы күндердегі маңызды шешімдер:

– Байден Украинаға Ресей аумағына ATACMS зымырандарымен соққы беруге рұқсат берді.

– Ал Путин Байденнің зымырандар туралы шешімінен кейін, Ресейдің жаңартылған ядролық доктринасын бекітті.

Түйін: Украинаның да, Ресейдің де нақты қанша әскерінен айырылғандығы әскери құпия саналады. Жоғарыда БҰҰ келтірген деректер 100 пайыз дәл дей алмаймыз. Бұл тек құқық қорғаушылар растаған жағдайлар ғана. Мысалы, Луганскі және Донецкі облыстарының көптеген аудандарында қанша адам қаза тапқаны белгісіз. Ал бүгін әлем бұл соғысты арағайын болып, кім тоқтатады дегенді қызу талқылауда.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар