«Түркі әліпбиі, сөздігі мен Әнұраны»: Қадам сайын «Тұранға» таяп келеміз!

Әуелі жаңалықтан бастайық: ТМҰ аясында Түркі мемлекеттерінің ортақ Әнұраны жазылғалы жатыр.

1732188925889352.jpg

(Суреттер: parlam.kz, eadaily.com, sn.kz сайттарынан алынды)

Бұл бастаманы Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің ректоры, профессор Ерхан Өзден көтерген. Қазір Әнұранмен жұмыс жедел қарқынмен жүргізілуде. Арнайы сараптамалық комиссия құрылып, тұжырымдама талқылануда.

Қазір әлемдік ақпарат беттерінде Тәуелсіз түркі елдері мен өзге елдердің боданындағы түркі елдері арасындағы мәдени-экономикалық интеграция өзекті тақырыптардың біріне айналағаны жасырын емес.

Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде әріптестікті дамытып келе жатқан Түркі әлемі елдері  ортақ өнер терминдерінің бірыңғай сөздігі мен Әнұранын жазу бойынша бірлескен жұмыстарды қолға алған.

Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің ректоры, Түркі мемлекеттері өнер университеттері одағының төрағасы, профессор Ерхан Өзден: «Жобаның мақсаты – барлық түркі елдері үшін түсінікті әрі қолжетімді терминдердің бірыңғай базасын құру. Бұл біздің аймақ халықтарының тілі мен мәдениетінің бірлігін нығайтуға көмектеседі», - дейді.

Егер осы бағытта атқарылатын жұмыстар қолға алынатын болса, онда сөздік өнердің барлық бағыттарын қамтып, әртүрлі түркі тілдеріндегі мағыналарын ескере отырып, бауырлас халықтар тіліне енуге тиісті терминдер ұсынылады. Осылайша, жұмыла қолға алынғалы жатқан бұл игілікті іс - энциклопедияның бір түрі болып табылмақ.

Ерхан Өзден мырза қолға алмақшы болған келесі маңызды жобаның бірі – түркі мемлекеттерінің ортақ Әнұранын жазу болып табылмақ. Профессор Әнұранның мәтіні мен әуені түркі халықтарын біріктіретін тарихты, дәстүрлер мен құндылықтарды бейнелейтінін де сөз орайында алға тартты.

«Әнұран барлық түркі елдерінің өкілдеріне түсінікті тілде жазылады. Біз оның бірлігіміз бен ортақ болашағымыздың символына айналуына ұмтыламыз», - дейді профессор.

Аталған жаңалыққа қатысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи мырза: «Қадам-қадам сайын «Тұранға» тақап келеміз. 150 миллион халқы бар Түркі дүниесі бір одаққа біріксе, терістіктегі аюға да, шығыстағы айдаһарға да пысқырмас едік», - дейді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар