Қазақ мұнайының иесі кім? Депутаттар министр Сәтқалиевке шүйлікті...

Кеше өткен Үкімет сағатында еліміздің Энергетика министрі Алмассадам Сәтқалиев мұнай саласын дамыту туралы есеп берген болатын. Жиында бірқатар Мәжіліс депутаттары: «Қазақ мұнайының қожасы кім?» деген мәселе көтеріп, министрге сауал жолдаған болатын. Солардың бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.

1732621985594776.jpg

(Суреттер: akzhol.kz, qaz365.kz және dknews.kz)

ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ИЕСІ КІМ?

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты: 

– Үш алып – «Теңіз Шевройл», «NCOC» мен «Қарашығанақ Петролиумнан» басқалары жанар-жағармаймен қамтамасыз ету керек дейді. 2022 жылы реформаға сәйкес Конституцияға өзгеріс енгізілген болатын. Онда: «Жер мен жер асты байлығы қазақ еліне тиесілі», - делінген. Ал қазір өнімді бөлу туралы келісімде, өнімді өндірушілер бізше сыртқы бағамен сатуда. Сонда бұл жерде мұнайдың иесі кім?  Халық па әлде өндірушілер ме?

Қазақстан мұнайдан түскен пайданың 10 пайызын ғана алады. Бұл жерде қандай ережеге негізделген? Бізге оны кім түсіндіріп береді? Сонда халық өз байлығын шетелдік компани ялардан қайта сатып алуы керек пе? Министр айтқандай – бұл жүйе халықаралық келісімдерге негізделген. Бірақ, біздің Конституциямызда жазылған: Халықаралық келісімдерден Парламент ратификациясы арқылы басымбыз. Ал біз оны ратификңацияламадық! Оны халық білуі керек!

ҚҰЛЫБАЕВТА ТОЙЫМ ЖОҚ ПА? ҚАЗАҚҚА ДА БІРДЕҢЕ ҚАЛДЫРУ КЕРЕК!

Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты:

– «Елдің иесі - билік, жердің иесі – қазақ» деген тәмсіл бар. Билік бүгін келеді, классикалық вариант бойынша ертең кетуі керек! Ал қазақ пен оның жері мәңгілік қалады.

Бұрынғы билік жердің үстін сатып бітірді. Жер үстіндегі басқа байлықты айтпағанда, ауылдағы қазақтың азын-аулақ малын бағатын жер қалмады. Енді, міне, жаңа биліктің заманында жекелеген ескі олигархтар жердің астын, қазба байлықты сатуды әлі де жалғастырып жатыр деген деректер бар.

«IСIJ» консорциумының зерттеуіне қарағанда «Vitol» сауда трейдерлік компаниясының иесі - аты-жөні әйгілі олигарх Тимур Құлыбаев. Оның 22 шет мемлекетте 200-ден аса компаниясы және Тимур мен оның командасына тиесілі компаниялары бар.

Тойым керек, қанағат керек! Болашақ қазаққа да, халыққа да бірдеңе қалдыру керек қой! Екі аралықтағы маржа офшорларда, шетелдік банктерде шөгіп қалады. Бұл екі арада биыл біздің ел тартқан табиғи апаттан мемлекеттік бюджет орасан зор тапшылыққа тап болды, енді елдің әлеуметтік сұранысын өтеу үшін ұлттық қорға қол салдық. Тіпті бюджеттің жыртығын жамау үшін шетелдік банктерден несие алып, еліміздің сыртқы қарызын тағы еселей түстік. Біз осындай әділетсіз және қазақ үшін қиянатты саудадан әлдекімдерді қисапсыз байытып отырмыз. Осы жолда бірегей оператор құру мәселесін шешуіміз керек деп ойлаймын.

Бір парадокс: Бізде мұнай өндіретін ұлттық компания бар, мұнайды тасымалдайтын ұлттық компания бар, ал мұнайды саудалайтын бірегей ұлттық оператор неге болмауы керек? Үкіметтің тарапынан ұсыныс болса, ұлттық оператор құру жөніндегі ұсыныстарды Парламент қарап, заңдастырып береді деген сенімдемін.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар