Ресейдің империялық саясаты «Тұран одағын» оятуда!

Осыған дейін Түркі елдері Тұран одағының (ТМҰ) байрағын қабылдады. Оның алдында Түркі елдерінің ортақ латын әліпбиін ақылдасып-мақұлдасты.

1732705656172457.jpg

(Сурет sn.kz сайтынан алынды)

ОРТАҚ ӘНҰРАН. ОРТАҚ ТУ ЖӘНЕ «MADE IN TURAN»

Кейінгіде Түркі елдері ұйымының Әнұраны жазылатыны айтылды. Артынша Түркі әлемі елдері ортақ өнер терминдерінің бірыңғай сөздігі әзірленіп жатқаны жария болды.

Осы ізбен кеше тағы бір маңызды мәселе сөз болды. Қапқаздағы Бақыда өткен сауда және экспорт мәселелері талқыланған форумда Әзербайжандық кәсіпкерлер Түркі елдерінің тауарларына «Made in Turan» деген ортақ бренд енгізу туралы бастама көтерген. Бастамашы – Әзербайжан Франчайзинг қауымдастығының басшысы Жамид Мовсумов деген адам.

«Енді әлемдік нарыққа шығаратын Түркі елдерінің тауарларына «Made in Turan» деген ортақ бренд енгізуді қолға алдық», - дейді бастамашылар.

Тақырыпқа тұздық: Ресейдің империялық пиғылы мен амбициялық соғыстары бүгінде «Тұран одағының» бірігуін тездетуде десек қателеспейміз.

АҚШ-тың «Diplomat» басылымы осыған дейін: «Түркі елдерін біріктіретін ұйым  - аймақта ықпалды бірлестікке айналған. Ірі державалар бәсекеге түсіп жатқан шақта, бұл ұйым стратегиялық автономияға ұмтылып жатыр», - деп жазған еді.

Биыл Түркі мемлекеттері ұйымына 15 жыл толды. Аталған ұйым 2009 жылы өзара мәдени байланыстарды дамыту мақсатын көздейтін «Түркі кеңесі» деген атаумен дүниеге келген. Кейін әскери және саяси ынтымақтастық мәселелерін де қамтыған. 2021 жылы ол – «Түркі мемлекеттері ұйымына» айналды. Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркия мүше. Ал Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипр бақылаушы мәртебесіне ие.

ТМҰ – ОДАҚТАСТЫҚ ШЕҢБЕРІН ҰЛҒАЙТУДА!

Бүгінгі ТМҰ (бейресми Тұран одағы) мәдени-гуманитарлық байланыстар шеңберінінен шығып, қаржы-экономикалық, әскери байланыстарды белсенді дамытуда. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындалуда. Сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар да беки түсті. Түркі инвестициялық қоры жұмыс жасауда. Түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру жайында жобалар қолға алынды. Соңғы 10 жылда ТМҰ елдері арасындағы өзара сауда айналымы 45 млрд доллардан асқан.

РЕСЕЙДІҢ ИМПЕРИЯЛЫҚ ПИҒЫЛЫ «ТҰРАН ОДАҒЫН» ОЯТУДА!

Соңғы жылдары Ресейдің имперлік амбициясы асқына түсіп, бейбіт жатқан Украинаға соғыс ашуы жаһандық саясатта көп дүниені өзгерткені белгілі. Әлемнің өркениетті елдері басқыншы елге дөге-дөге санкция салып, Халықаралық қауымдастық Ресейді оқшаулау керектігін бек түсінді. Солтүстік Корей, Иран, Беларусь секілді бірлі-жарым ел болмаса, өзге жұрт Ресей өктемдікпен алған жерлерді мойындаған жоқ. Қазақстан да Ресейге жаңа қосылған жерлерді Ресейдікі деп мойындамайтынын ашық айтты.

Тіпті, осыдан соң Қазақстан мұнай экспортын Бақы арқылы экспорттауды мықтап қолға алды. «Қазіргі уақытта Қазақстан мұнайының 80%-ы Ресей арқылы өтеді, бұл геосаяси шиеленістер жағдайында қауіп төндіреді», - деді Қазақстан билігі.

ҚР Энергетика министрлігі кеше: «Қазақстан Бақы - Тбилиси - Джейхан (БТД) құбыры арқылы мұнай тасымалдау көлемін 13 еседен көпке ұлғайтуды жоспарланып отыр. Қазір бұл бағыттағы көлем жылына 1,5 миллион тонна. Енді осыны 20 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда», - деп мәлімдеді. Бұл «Орта дәліз» - Қазақстан Ресейді айналып өтетін жол!

Түйін: Осылайша, күллі түрік дүниесінің армандаған «Түркі бірлігі», «Тұран одағының» оянуына қазіргі Ресейдің жүргізіп отырған империялық саясаты себеп болғалы тұр. Сөз түйінінде Қазақ ұлттық поэзиясының падишасы Мағжан Жұмабаевтың мына бір өлең шумағын оқырманға ұсынғанды жөн санадық...

Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,

Түріктен басқа от боп жан туып па!

Көп түрік енші алып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па!


М.Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңінен


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар