27 қараша таңға таяу Сирияның Идлибіндегі антиүкіметтік әскери құрылымдар Алеппоны бетке алып, ұрысқа шықты. Бұл аймақ 2020 жылдан бері біршама тыныш еді. Белсенді ұрыс қимылдары бола қоймаған.
(Суреттер: ulysmedia.kz, РИА Новости және Спутник сайттарынан алынды)
Шабуылда «Хаят Тахрир аш-Шам» дейтін әскери құрылым бастады. Кейінірек, бұл шабуылға Башар Асад басшылығына қарсы өзге құрылымдар қосылды. Сөйтіп, қыз-қызыл соғыс басталды да кетті...
Таяу Шығыста жаңа басталған бұл соғыс – анығы қайта тұтанған ескі соғыс еді. «Хаят Тахрир аш-Шам» негізгі күрескері атанған бұл соғыстағы антиүкіметтік әскердің басты мақсаты – Асад режимін құлату. Шабуылды бастаушылар Асадтың қос жақтаушысы – Иран мен Ресей өзге соғыстармен әлек боп жатқан ұрымтал тұста ұрыс бастады.
Қазір ұрыс қимылдары қалай өрбуде?
«Хаят Тахрир аш-Шам»: Алеппо, Кафр-Халаб қалалары үшін шайқас
Қазір негізгі шайқас Сирияның ең ірі қалаларының бірі саналатын Алеппо үшін жүріп жатыр. Асадқа қарсы әскер Алеппоның батысындағы Кафр-Халаб қаласын және ондаған елдімекенді толықтай бағындырған. Қазір Алеппоның батысы түркияшыл күштердің бақылауында. Кей деректерде, 48 сағаттың ішінде Башар Асад 50-ден астам елдімекенді және 15 әскери блок-бекеттерін жоғалтқаны айтылады. Оппозициялық күштерге АҚШ қолдап отырған «Күрдістан жұмысшы партиясының» жасақтары қарсылық танытуда.
«M5» стратегиялық жолы – жеңістің жолы...
Алеппо маңындағы «М5» дейтін маңызды стратегиялық автомобиль магистралі оппозициялық күштер бақылауына өткен.
«M5» стратегиялық жолы – Алеппо өнеркәсіп орталығын Хаманың орталық облысымен байланыстыратын маңызды позриция. Бұл үкіметтік күштердің логистикалық мүмкіндіктеріне айтарлықтай соққы. «M5» тас жолы Сирияның көлік жүйесінде маңызды рөл атқарады. Ол әскерлердің жабдықталуын, орын ауыстыруын және елдің солтүстік және оңтүстік бөліктері арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Бұл көлiк артериясын бақылауды жоғалту техника мен ресурстарды тасымалдауда қиындықтар туғыза отырып, үкiмет әскерлерiнiң операцияларын едәуiр қиындатады.
«М5» автомобиль магистралі 13 жылдан бері жалғасып келе жатқан Сириядағы соғыста тараптардың бірінің жеңісін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. 2020 жылы Асадтың армиясы Ресей мен Иранның қолдауымен радикалды исламшыл оппозицияны солтүстікке ығыстырып, бұл магистральға толық бақылау орнатты, бұл соғыс кезіндегі ең маңызды жеңістердің бірі болды. Жолды бақылауға алу – Сириядағы жағдайдың Асад режимінің пайдасына күрт өзгеруіне алып келді. Дамашық пен Алеппо арасындағы «халықаралық жол» деп аталатын «М5» жолы Сирияның маңызды қалаларын байланыстырады. Бұл магистральді кім бақыласа, қандай да бір мағынада елді де бақылауға мүмкіндігі бар.
Стратегиялық маңызды «М5» трассасы елдің оңтүстігіндегі Иордания шекарасынан басталып, түрік шекарасындағы Алеппо қаласына дейін созылады. Ұзындығы 450 километрге жуық бұл жол халық саны жағынан аса ірі төрт қаланы: Дамашық, Хомс, Хама және Алеппоны қосады және қазіргі уақытта өте маңызды Идлиб қаласының жанынан өтеді.
«М5» жолы ел экономикасының «артериясы» болып табылады. Сарапшылардың бағалауынша, соғысқа дейін бұл жол күніне 25 миллион долларға жуық соманың саудасын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарған. Бидайды және мақтаны шығыстан елдің солтүстік бөлігіне тасымалдаудың негізгі желісі болып табылатын бұл жол өңір елдерімен,атап айтқанда: Түркиямен, Иорданиямен, Сауд Арабиясымен және басқа да араб елдерімен саудада маңызды орын алады.
Сирия ұлттық армиясы: Тель-Рифаттағы «КЖП-ға» қарсы соғыс
Сирия мен Түркия шекарасында тұратын түркімендерден тұратын оппозициялық құрылымдардың шабуылшы бригадалары Тель-Рифат пен Алеппо бағытында күрделі операция жүргізуді бастап кеткен. Түркия қолдап отырған Сирия ұлттық армиясы (СҰА) Таль-Рифааттың солтүстігінде ауыр бронетехника мен жауынгерлерді жинап, қаланы АҚШ қолдап отырған «Күрдістан жұмысшылар партиясынан» (КЖП лаңкестік ұйымынан) тазартуда.
Осылайша, СҰА Түркияның артиллериялық қолдауымен Асад режимінің күштеріне қарсы екінші майдан ашты.
Қазір Сирияның оппозициялық күштері Анкараға жауласқан күрд лаңкестерінің - «Күрдістан жұмысшы партиясының» базасы болып табылатын Эль-Рифат қалашығына кірген.
Әскери техникалар әлеуеті
Асадқа қарсы әскерде корпус пен мұнараның төбесінде қорғаныс торлары бар «Т-72» танктері мен «БМП-1» техникалары бар. Оппозициялық күштер Алеппо маңындағы (батыс бөлікте) Асад әскерінің позицияларын, шегініп бара жатқан Асад әскерінің ұзын-сонар колонналарын соққылаушы дрондармен әуеден жасанды жарылғыш құрылғылар арқылы соққылауда.
Асад әскері қалай қарсыласуда?
Сирия оппозициясының шабуылының ауқымы өсуде. Алдыңғы қатарлы жасақтар Алеппоның батысын бақылауда. Ал ресейлік арнайы жасақ «Менаг» авиабазасынан, Тель-Рифат пен Алеппо қаласынан эвакуацияланған. Сирия президенті Башар Асадтың әскерлері, «Хезболла» содырлары мен ресейлік жалдамалы әскер Алепподағы өз позицияларынан шегінуде.
Алеппо/Анадан ауданындағы шайқастар
«Хаят Тахрир аш-Шам» Алеппоның солтүстік-батысындағы Анадан қаласын басып алғанын мәлімдеді. Ал «Сирия ұлттық армиясы» өз жақтастарына үндеу жасап, қатарға қосылуға шақырды. Қазір Алепподағы Анадан ауданында сириялық армия мен оппозицияның арасында нағыз қантөгіс ұрыстар жүріп жатыр.
Ресей Асад режиміне болысуда
Асад әскеріне Ресейдің әскери ұшақтары көмек көрсетуде. Оппозициялық күштер әскеріне Сирия және Ресей авиациясы оқ атуда, ұрыс аумағына резервтер жіберіліп, жауынгерлік авиация іске қосылған.
«Хаят Тахрир аш-Шам» қазір ұрыс аумағына жаңа күштерді тартып, қаладан тұрғындарды шұғыл эвакуациялауда.
Осы шайқастар кезінде Асад режимін қорғаушы «Вагнер» ЖӘК-тің оншақты жалдамалы жендетінің көзі жойылған. Асадқа қарсы әскер Ресей қарулары мен техникаларын олжалаған.
Антиүкіметтік жасақтар өздеріне бағындырылған аумақтарды Асад портреттері мен Ресей символикаларынан тазарта бастаған. Антиүкіметтік күштер: «Асад режимін қолдаушы Ресей мен Иран біздің дұшпанымыз», - дейді.
Асад Мәскеуге ұшты. Кремль қандай көмек бермек?
«Хаят Тахрир аш-Шам» бастаған Асад режиміне қарсы күштер ұрыс бастап, Сириядағы Асад әскері шегінгеннен соң Башар Асад едел-жедел Мәскеуге ұшып барған.
Сарапшылар: «Асад Ресейден өз билігін сақтап қалуға көмектесуді сұрайды», - деп жазады. Сирия президенті Башар Асадты Ресейден басқа, Иран мен оған одақтас содырлар, соның ішінде ливандық «Хезболла» қолдайды.
2020 жылғы келісім: Путин мен Ердоған не келісті?
2020 жылғы наурызда Түркия қолдайтын топтар мен Асадтың күштері арасындағы ұрыстан кейін, Путин мен Ердоған Сочиде жолығып, келіссөз жасады. Сол жолы ұрысты тоқтату туралы келісім жасалған. Келісім бойынша: Асадқа қарсы күштер «М4» автомагистралінен шегінуі тиіс, ал оған бақылауды Ресей мен Түркияның бірлескен патрульдері жүзеге асыруы тиіс болған. Ал келісімде «M5» автомагистралі туралы айтылмаған. Өйткені, сол кезде бұл жол толығымен Асад әскерінің бақылауында болған.
Осы келісімнің шарттарын орындамау, атап айтқанда оппозициялық күштер әскерінің «М4» автомагистралінен шығуы Ресей мен Түркия арасындағы қайшылықтардың қайнар көзі болды.
Биылғы жылдың шілдесінде Ресей мен Түркия әскерлерінің кезекті келіссөздерінде «М4» трассасын ашу және Түркия мен Ресей күштерінің жолды бірлесіп қарауылдауы туралы жаңа уағдаластыққа қол жеткізілді. Алайда, Түркия қолдап отырған кейбір топтарды қоса алғанда, Асад режиміне қарсы күштердің кенеттен шабуылы жағдайды өзгертті.
Мәскеудің мүмкіндігі шектеулі
Сарапшылар: «Барлық ресурстарды Украинаға шоғырландыра отырып, Мәскеу қазір Асадқа қолдау көрсету мүмкіндіктерін шектеп отыр. Кезінде соғыс барысын Асадтың пайдасына өзгертуде маңызды рөл атқарған «Вагнердің» жалдамалы армиясы әлсіреп, іс жүзінде істен шықты», - дейді.
Тегеранның қолы қысқа...
Асадтың басқа бір одақтасы - Иран қолдайтын шиит топтары да қиын кезеңдерді бастан кешуде. Бұл күштердің негізін «Хезболла» құраған, бірақ Израиль Ливанда «Хезболланы» талқандап, оның барлық иерархиясын іс жүзінде жойғаны белгілі. Сонымен қатар израильдік авиация Сириядағы «Хезболла» базаларына бірқатар соққы жасады.
Mezgil.kz