Қыстың көзі қырау болды. Ал алақандай жер үшін араша сұрап, жанайқайын айтқан «Рахат» базарының кәсіпкерлері өткен жұмада БАҚ өкілдерін базарға шақырды. Жағдайды көзбен көрсетті. Жергілікті басшы-қосшыларға (Алматы әкімдігі мен Жетісу ауданы әкімдігіне) күптікөңіл кәсіпкерлер түрлі қысымдар мен қудалаулардың басталып кеткенін айтты.
(Суреттер: Редакция)
7 ЖЫЛДЫҚ КҮРЕС: БАСШЫЛАР ХАЛЫҚПЕН НЕГЕ ҚЫСТА КҮРЕСУГЕ ҚҰМАР?
Алматыдағы Барахолка аталып кеткен алып базарлар кешенінің қақ ортасында орналасқан «Рахат» базарының дауы жалғасып келе жатқанына 7 жыл болды. Базар жеріне алғашқы көзі түскен әкім – Бауыржан Байбек еді. Заңда «жерді пайдаланудың артықшылық құқы» бар болса да, «қолынан келіп, қонышынан басып», жерді алмақ болды. Сондағысы базар орнына жаһаз фабирикасын салатынын айтты.
Бірақ, онысынан түк өнбеді. «Рахат» базарынан кәсіпкерлері сотта жеңді. Байбек жеңілді. Десе де, «Рахат» базарының жері үшін талас тоқтаған жоқ. Байбек әкімдіктен кетті. Қазіргі тағдыры жұртқа мәлім. Ал ол жиһаз фабрикасын салады деген компанияның бар-жоғы белгісіз (бәлкім бар да шығар).
Байбектен соң, Алматыға екі әкім ауысты. Бірі Бақытжан Сағынтаев еді. Ол «Рахат» базарының дауыс айналып өтуге тырысты. Ал Ерболат Досаевтан «Рахат» кәсіпкерлері рақым көрген жоқ.
Енді міне, қыс түсіп, дала суған кезеңде «Рахат» базарының кәсіпкерлеріне Алматыдағы Ауданаралық мамандандырылған экономикалық сот шешім шығарып, орынды босату туралы хабарлама жібере бастаған.
«Қазақ билігі қыс түссе қарапайым халықпен алысуды неге әдет қылды?», - деп ашынған кәсіпкерлер бізге жанайқайларын жеткізді. Біз егжей-тегжейлі тыңдадық...
МҮРДЕНІҢ ҮСТІНЕ ҚАНДАЙ САЯБАҚ САЛМАҚ?
Ильсияр Оспанова, кәсіпкер:
– Ұзақ жылдардан бері «Рахат» базарында жұмыс жасап келеміз. Кемі 15 жылдан асты. Бала-шағамыз осы жерде жүріп өсті. Бүгін жиналғандар – мұндағы ашынған халықтың жартысы ғана.
Біздің жанайқайымызды барлық телеарналар түсірді, сайттар жазды. Біздің сұрайтынымыз біреу ғана, ол – әкімдік бізді жайымызға қалдырсын! Біздің әрі қарай жұмыс жасауымызға, тіршілік етуімізге, дамуымызға кедергі келтіруді доғарсын! Біздің осы жерде жұмыс жасап, отбасымызды асырауымызға, базарымызды дамытып, сауда орталығына айналдыруымызға мүмкіндік берсін!
Біз барлығын өзіміз жасаймыз. Сауда орнын да саламыз, бау-бақшасын да жасаймыз. Заман талабына сай базар сала аламыз. Үкіметке алақан жаймаймыз!
Әкімдік: «Мұндай саябақ саламыз», дейді. Мүрденің үстінде неғылған саябақ? Осы жақын жерде бейіт бар. Онан соң: «Сквер салынады», дейді. Қайдағы сквер? Бұл жердің айналасы толған базар! Ең әуелі мұнда: «Жиһаз фабрикасы салынады», деген. Онысы да күлкілі. Дау басталғалы-бері олардың сылтауы сан рет өзгерді. Түпкі мақсаттары белгілі. Ешқандай да фабрика, ешқандай да саябақ немесе сквер салынбайды. Мақсаттары жерді тартып алу. Сонан соң, басқа біреулерге сатады. Олар мұнда базар салады. Бұл бесенеден белгілі дүние. Ал біз ше? Біз далада қаламыз ба?
Неге биліктегілер қарапайым адамдарды ойламайды? Біз өмір бойы осында тұрып келеміз. Осында кәсібімізді жасап, мемлекетке салығымызды төлеп отырмыз. Заңды кәсіпкерміз. Неге бізге қолдау жасаудың орнына, бізді түртпектеп жатыр? Сізге парк керек пе? Президент паркіне барыңыз, 28 Панфиловшылар паркіне барыңыз. Тау жақты аралаңыз. Ал бұл жер базар. Айнала толған базар!
Мұнда қазір 220-250 кәсіпкер бар. Әрқайсысының отбасы бар, сатушылары т.б. жұмысшылары бар. Мыңдаған адам осы базардан нан тауып отыр. Біздің өміріміз осы жерде өтіп жатыр. Бұл біздің өміріміз! Мұндағы әрбіріміз үлкен бір отбасы болып кеттік.
Әкімдік бізге келіп, «шық та шыққа» салғанда неге қараша халықтың жағдайын ескермейді? Білеміз, өздері былыққа батып отыр. Орынбасарларының үстінен қылмыстық іс те қозғалған. Ал біз ше? Біз керісінше, қазақстандықтарды қолдауда алдымызға жан салмаймыз. Су тасқыны кезінде де біздің базардың ұжымы қаншама дүние жинап, тасқыннан зардап шеккен өңірлерге жіберіп жатырмыз...
Біз қазір ауыр жағдайдамыз. Басқа жаққа барып күн көре алмаймыз. Бізге басқа базарлардан орын іздеп әуре болмасын. Бізді жайымызға қалдырсын. Біздің барлығымыздың сатып алушыларымыз осы жерде. Мен басқа жерден сауда орнын ашайын десем, 20-40 мың доллар керек. Ондай ақша сізде бар шығар, менде жоқ! Біз бірінші сотты жеңіп шықтық. Судя біздің сөзіміздің дұрыстығын қолдады. Ал кейінгі соттар әкімдіктің жағына шықты.
БІЗДІ БАЗАРЫМЫЗДАН АЙЫРУ - ҮЙІМЫЗДЕН, ӨМІРІМІЗДЕН АЙЫРУ!
Виталий Кузьминых, кәсіпкер:
– Мен осы базарда сауда жасап, кәсіппен айналысып жүргеніме биыл 25 жыл болды. Әлі осында кәсіпкермін. Менің барлық белсенді ғұмырым осы базарда өтті. Бұл базар менің екінші үйім.
Әуелі, технологиялық шаң-тозаңымен қоса, біздің базардың орнына жиһаз фабрикасын салмақ болып шықты. Оларынан түк шықпады. Біз құқығымызды сотта қорғап, жерімізді алып қалдық. Әкімдік, жиһаз фабрикасын салу ойынан қайтты. Енді әкімдік сквер саламыз деп, жұлқынып отыр. Бірнеше шақырымға созылып жатқан кілең базардың ортасына қайдағы скверді салмақ? Түсінемін, қоғамдық демалыс орны керек шығар. Бірақ, базар кешендері орналасқан жерде емес қой. Қаланың ішіне салсын. Бұл жерге жұрт демалу үшін емес, сауда жасау үшін келеді.
Оның үстіне, бізді қос тараптан - оңтүстік пен солтүстік жақтан қысып, қазір біздің базардың аумағы 1 гектар жерді ғана құрайды. Мақұл, олар мұнда ағаш егіп, сквер жасапты дейік. Ол мұнда өне ме? Жоқ. Мысалы қараңыз: «Адемның» ар жақ, бер жағына 1 мың түп ағаш екті. Сол ағаштардың 70 пайызы қурап қалды. Себебі, бұл жердің географиясы саябақ салуға келмейді.
Тағы бір маңызды мәселе – экономикалық сот біздің бірнеше кәсіпкерге орынды босату туралы хабарлама жіберді. Алматының экономикалық соты өзі шешім шығарыпты. Бірақ, біз Жоғарғы сотқа шағымдандық қой. Іс Жоғарғы сот қарауында. Әлі сот басталған жоқ. Сонда, Алматының экономикалық соты Жоғарғы сотты пысқырмай ма?
Біз күресіп жатырмыз. Бұл күрестің жалғасып жатқанына 7 жыл болды. Біз қазір Жоғарғы соттың шешімін күтіп отырмыз.
ӘКІМ БІЗБЕН НЕГЕ КЕЗДЕСПЕЙДІ?
Айбар Албеков, кәсіпкер:
– Әкімдік ай сайын өз қызметкерлерін бізге жіберіп, базарды босатуды талап етуде. Олар әр жолы келіп: «Ертең орынды босатыңдар», деп талап етіп кетеді. Сөзімізді тыңдамайды да.
Бізге жерімізді беріңдер! Біз мұнда сауда орнын заман талабына сай етіп салып, әкімдік еккісі келетін ағаштарды да өзіміз егеміз. Біз ол ағаштарды егіп қоймай, күн сайын олардың күтімін өзіміз жасаймыз! Біз мұнда әлдеқашан заманауи сауда орнын салып тастар едік. Рұқсатымыз жоқ.
Әкімдіктің, басшылардың төтеден келіп, орынды босатыңдар деуінің өзі ақымақтық қой. Біз сотта да өзіміздің ой-пікірімізді, көзқарасымызды айтайық деп бардық, жиналып. Бізді тыңдаған жан болмады. Сөз де бермеді.
Мақұл, ең болмағанда әкіммен кездесу де өткізбеді. Әкіммен кездесу өткізсе, біз сол жерде де өз ұсынысымызды айтар едік. Бірақ, бізбен жолыққысы келетін, біздің жанайқайымызды естігісі келетін бірде-бір басшы табылмай тұр.
Рас, олар ертең бұл жерге ағаш егеді. Онысы келер жылы-ақ қурап қалады. Сосын ше? Сосын бұл жерді өзге біреулерге сауда орнын салуға сатып жібереді. Сол баяғы жемқорлық схемасы. Басқа түк те емес.
Соттардың өзі түсініксіз. Аудандық сотты біз жеңдік. Қалалық сотты олар жеңді. Енді Жоғарғы сотқа шағымдандық. Соттардың өзі бастаған істі аяқсыз қалдыруда. Ал әкімдік біздің кәсіпкерлерге келіп, ескерту таратқанда неге сүйеніп отыр? Қандай Заңға? Қандай соттың шешіміне сүйенуде? Сот әлі жалғасып жатыр. Ақырғы шешім әлі шыққан жоқ. Біз Заң үстемдігі бар мемлекет емеспіз бе? Ендеше әкімдік неге Заңнан аттап отыр?
ТҮРЛІ ҚЫСЫМДАРДАН СОҢ АУРУ БОЛЫП ЖАТЫРМЫЗ...
Павел Купинь, кәсіпкер:
– Біздегі Галина Ивановна деген кәсіпкер осындай түртпектеулерден қазір жүрегі ауырып, ауруханаға түсті. 2 операция жасалды. Мұнда қалай жұмыс жасауға болады? Бізді қуалап жатыр. Менде барлық құжаттар бар. Инфаркт болғанын, 2 ота жасалғанын растайтын құжаттар бар. Бұған кім жауап береді? Бізге әрдайым түрлі түсініксіз қағаздар жолдап, орнымыздан қуып жатыр.
ӘКІМДІК БІЗДІ ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТУГЕ КӨШТІ...
Иминжан Марванов, кәсіпкер:
– Қазір бұл базардың белсенділеріне орынды босату туралы хабарламалар жіберіп жатыр. Неге белсенді сөйлеп, бас көтеріп жүрген азаматтарға жіберуде? Себебі – қорқыту. Маған: «Орныңды дереу босат», дейді. Қандай Заңмен босатуым керек? Кімнің шешімімен босатуым керек? Оны ешкім түсіндірген жоқ. Біздің көбіміз заңгер емеспіз. Біз адвокат та емеспіз. Қарапайым саудагерлерміз. Ал әкімдік осы қағазбен бізді қорқытып-үркітіп жатыр.
Біз мемлекетімізді жақсы көреміз. Заңдарын сыйлаймыз. Ал бұл жерден бізге жер бұйырмаса, біз қайда баруымыз керек, айтыңыздаршы? Біз ешкінің ештеңесін ұрлап отырған жоқпыз. Біз өз орнымызды, өз кәсібімізді қорғап жүрміз. Біздің тілек біреу ғана – біздің жерімізді, базарымызды қалдырсын!
Бұл жерде бұрын көмір базасы болған. Бұл жерге қанша ағаш ексең де, өнбейді! Себебі, жердің барлығы көмір. Бұл жерге бізден басқа ешкім шыдамайды. Ағаш та шыдамайды! Мен 1997 жылдан бері осы базардамын. Біз күресеміз. Біз ешқайда кетпейміз.
БАЗАРДАН КЕТСЕМ МЕНІҢ 6 БАЛАМДЫ ҮКІМЕТ АСЫРАЙ МА?
Серік Молдабаев, кәсіпкер:
– Біздің базарға әкімдіктен келіп, тиісіп жатыр. 5 адамға орынды босату туралы хат жолдады. Бұл Заңсыз! Қарапайым халық, ертең қайда барамыз? Біз ешкімге алақан жайып, Үкіметтен көмек сұрап отырған жоқпыз. Адал еңбегіміз. Заңды кәсібіміз. Салықты уақытылы төлеп отырмыз. Менің осы базарда істеп келе жатқаныма 20 жылға жуықтады. 6 балам бар. Бұл жерден кетсем, 6 баламды Үкімет асырай ма? Қыс келді. Доллар өсіп жатыр. Айнала қымбатшылық. Бұл базарды жайына қалдырсын!
ЖАҒДАЙЫМЫЗ СОҒЫС БОЛЫП ЖАТҚАН УКРАИНАМЕН ТЕҢ БОЛДЫ!
Төкен Адоңғарова, кәсіпкер:
– Мен зейнеткермін. Мүгедектігім тағы бар. Мен «Рахат» базары алғаш ашылған кезден бері осы базарда жұмыс жасап келемін. Жетісу ауданының әкімдігі бүкіл қаладан сквер салатын басқа орын таппай қалды ма?
Мен барлық сотқа қатысқанмын. Бұл жер 1 гектарға толмайды. Осы жердегі 250 кәсіпкерге осы жерді көп көріп тұрсыңдар ма, Жетісу әкімдігі? Әр жолы келіп саудагерлерді қорқытасыңдар. 48 адамның 5-еуіне экономикалық сот хабарлама жолдап, орынды босатуын талап етуде. Ол соттың шешімі негізсіз. Ай сайын келіп: «Ертең босат», деп қорқытып кетеді.
Біздің жарығымызды да өшіріп тастады. Кешіріңіз, жағдайымыз соғыс болып жатқан Украинаның жағдайындай болды. Генератормен отырдық. Біздің жерімізге тиіспеңдер! Мен 120 мың зейнетақы аламын. Егер бұл базарды жауып тастаса, мынау Алматыда 120 мыңмен күн көруге бола ма?
Mezgil.kz