Қазақтың қазба-байлығы қаншаға дейін жетеді? Үкімет не дейді?

Бүгін Қазақстан Үкіметінде екі маңызды мәселе қаралды. Оның бірі – ауыл мектептерін дамытуға арналған іс-шаралар кешені болса, екіншісі – геология саласын дамыту мәселелері. Біз бүгін геология саласын дамыту бойынша жиында айтылған маңызды ақпараттарға шолу ұсынбақпыз. Себебі, бұл – Қазақстанның тікелей қазба-байлығына қатысты мәселе.

1733223517162863.jpg

(Суреттер: Үкіметтің телеграм арнасынан және halyq-uni.kz сайтынан алынды)

Дәл осы жиында Қазақстанның кен қорының қаншаға жететіні, Қазақстанда кен орындарын кімдер зерттеп, кімдер аныптап жатқаны туралы егжей-тегжейлі айтылды. Ендеше қараңыз:

АЛТЫН МЕН МЫС ҚОРЫ: МИНИСТР ШАРЛАПАЕВ НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндама жасады. Оған зер салсақ: Соңғы 30 жылда Қазақстанда темір, марганец, алтын, уран, мұнай және газ қорларының өскен екен. Қазақстанның минералдық-шикізат базасына 987 қатты пайдалы қазбалар бар екенін және оларды барлау динамикасы оң болып қалатынын айтқан министр Шарлапаев: «Алтынның орнын толтыру коэффициенті – 1,2. Бұл алтынның барланған қорының көлемі алтын өндірудің көлемінен көп екенін көрсетеді. Мыс бойынша коэффициент – 0,7. Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушыларымен мыс бойынша перспективалы жер қойнауы учаскелері белсенді түрде барлануда», - деді Қанат Шарлапаев.

Мыс бойынша коэффицент 0.7 екен. Министрлік дерегінше, Қазақстандағы мыс қоры 40 жылдан асар уақытқа жетеді екен.

Шарлапаевтың сөзінше, Қазақстанда жерде сирек кездесетін металдардың перспективалы аумақтары табылған. Ол сирек кездесетін металдар саласын дамытуға бағытталған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында 12 учаскеде іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда жерде сирек кездесетін металдар қоры шамамен 800 мың тоннаға бағаланатын Күйректікөл учаскесі учаскесінің болашағы туралы деректер бар», - деді Қанат Шарлапаев.

Ал сирек кездесетін металдарды барлауды – «Cove Capital» және «HMS Bergbau» сияқты жеке компаниялар жүргізуде.

Министр Шарлапаев геологиялық барлау жұмысына инновациялық әдістер енгізіліп жатқанын айтты. Солардың бірі – аэрогеофизикалық зерттеулер, ол жер қойнауының құрылымы туралы сапалы заманауи ақпарат беретін және жер қойнауын барлауға инвестиция тарту үшін қажетті деректер көзі болып саналады.

Пилоттық жоба Қазақстанның перспективалы өңірлерін, соның ішінде Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым аймағын қамтиды.

Геологиялық деректерді цифрландыру бойынша одан әрі жұмыс жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ақпаратты өңдеудің инновациялық әдістерін қолдануды көздейтін жеке жоба шеңберінде жоспарланған. Жасанды интеллектіні қолдану еліміздің геологиясы туралы жинақталған ақпаратты тез және тиімді пайдалануға және еліміздің болашағын анықтау үшін деректерді талдауға мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ осы жылдың мамыр айында «Тау-Кен Самұрық» пен Ivanhoe қатысуымен бірлесіп геологиялық барлау жүргізу үшін ынтымақтастық туралы келесім жасалды. Бірлескен жұмыс кезінде Қазақстанда мыс, алтын, күміс кен орындарын 1,5 км тереңдікте анықтай алатын Typhoon технологиялары пайдаланылатын болады», - деді Қанат Шарлапаев.

Ал ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов көмірсутектер саласындағы геологиялық барлауға $82,5 млн инвестицияланатын айтты. Ол Қазақстанның зерттелмеген немесе аз зерттелген әлеуетті ресурстарға ие екенін сөз етті.

«Биыл 2 электронды аукцион өткізіліп, 15 учаске іске асырылды. Қол қою бонусының түпкілікті көлемі 32,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде бүгінгі таңда бюджетке 9,1 млрд теңге түсті. Геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі – $82,5 млн», - деді Ерлан Ақкенженов.

Онан соң сөз алған Ұлттық геологиялық қызметтің (ҰГҚ) төрағасы Ерлан Ғалиев Қазақстанның геологиялық деректерін цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ғалиевтің сөзінше: Қорларда – қағаз материалдары, магниттік таспалар, картридждер түрінде сақталатын карталарды, графиканы және мәтіндік ақпаратты қосқанда, 4,5 млн-нан астам деректер бірлігі бар. 2023 жылдан бастап материалдардың шамамен 40%-ы цифрландырылған.

Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов геологиялық барлауға инвестициялар тарту, сондай-ақ саланың перспективалық бағыттарын талдауға ықпал ететін цифрлық технологияларды енгізу жөнінде жан-жақты шаралар қабылдау туралы айтты.

«Қолда бар жұмыс тәсілдерін өзгерту керек. Минералдық-шикізат базасын ұтымды әрі тиімді пайдалануға және жаңа кен орындарын игеруге бағытталған мемлекеттік саясатты әзірлеп, оны нақты іске асыру керек. Бүгінде пайдалы қазбалардың сапалық құрамы төмендеп барады. Бұл осы салаға көлемді қаражат тартуды және кен өндіру мен тазартудың жаңа технологияларын әзірлеуді талап етеді. Яғни инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылдап, жеңілдіктерді қарастыру керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Онан соң Үкімет басшысы: 30 немесе одан да көп жыл бұрын алынған географиялық ақпаратты цифрландыруды тапсырды.

Жиын соңында келесідей тапсырмалар міндет етіп қойылды.

1)Геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін, оның ішінде «терең» қабаттар күрделі кен орындарын игеру кезінде преференциялар беру жолымен нақты тетіктер мен қажетті заңнамалық түзетулер әзірлеу (өнеркәсіп және құрылыс, энергетика министрліктеріне).

2)Халықаралық стандарттарға жауап беретін тау жыныстарын талдамалық зерттеу жөніндегі мамандандырылған аккредиттелген зертхана құру (өнеркәсіп және құрылыс, сауда және интеграция министрліктері мен «Самұрық-Қазына» қоры).

3)Ұлттық геологиялық қызмет базасында ғылыми экологиялық-геологиялық кластер құру бойынша жұмыс жүргізу. Бастапқы кезеңде «Тау-Кен Самұрық» компаниясының қолда бар технологиялық мүмкіндіктерін пайдалану керек (өнеркәсіп және құрылыс, энергетика министрліктері «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп).

4)Жыл соңына дейін бірінші кезектегі маңызы бар алаңдарда аэрогеофизикалық түсірілімді қаржыландырудың және жүргізудің пәрменді тетігін әзірлеу (өнеркәсіп және құрылыс министрлігі энергетика, цифрлық даму және қаржы министрліктерімен бірлесіп).

5)Тарихи деректерді цифрландыруды жандандыру және оның сақталуы бойынша тиісті жұмысты қамтамасыз ету (өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қаржы, цифрлық даму министрліктерімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп).

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар