ҰҚШҰ-ның қазіргі Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ресейлік БАҚ-қа сұхбат беріп: «НАТО-ның Беларусь пен Ресейдің батысына қарай жақындап қалғанын, НАТО-ның аталған аумақтарға мысалды түрде басып кіруі абсолютті ақымақтық болатыны» айтты. Енді осыны тарқатып айтайық...
(Суреттер: kaztag.kz, kremlin.ru, odkb-csto.org сайттарынан алынды)
ПУТИН МЕН ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ СӨЗІ БІР. ІСІ ШЕ?
Әуелі Иманғали Нұрғалиұлы не дейді? Қараңыз:
ҰҚШҰ Бас хатшысы НАТО күштерінің Беларусьтің немесе Ресейдің батыс бөліктеріне басып кіруінің болжамды мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере отырып: «Ұйым өзінің жауапкершілік аймағының шығыс-еуропалық бөлігіндегі жағдайды жіті бақылап отырғанын» атап өтті.
«Біз НАТО-ның шабуылшы инфрақұрылымдарының Беларусь пен Ресейдің батыс шекараларына қарай жақындағанын, әскери белсенділіктің өсуін және жалпы геосаяси турбуленттілік кез келген сценарийді жоққа шығара алмайтынын көріп отырмыз», - дейді Иманғали Тасмағамбетов.
Бұл жерде баса назар аударарлық сөз – «кез келген сценарийді жоққа шығармаймыз» деген сөз. Бұл – «керек болса, ҰҚШҰ күштері Ресей-Украина соғысына немесе Ресей мен НАТО қақтығысына араласады» деген сөз!
Әрі қарай Иманғали Тасмағамбетов Ресей Федерациясының ядролық доктринасына енгізген соңғы өзгерістерге тоқталып, әлгінде ғана Ресей Украинаға соққы жасаған «Орешникті» жер-көкке сыйғызбай мақтайды.
«Бүгінгі таңда әлемде теңдесі жоқ, гипердыбысты «Орешник» қаруының жауынгерлік жағдайлардағы сынақтарын да әлеуетті қарсыластар ескермеуі мүмкін емес. Сондықтан, болжаммен НАТО күштері Беларусьтің немесе Ресейдің батыс шекараларына басып кіре қалады десек, бұл НАТО тарапынан абсолютті ақымақтық болып саналар еді», - дейді ҰҚШҰ бас хатшысы.
Бұл анығында – Мәскеудің әскери һәм саяси басшылығының бірнеше кезек айтқан риторикасы. Иманғали Тасмағамбетов бұл жерде ойынан сөз қосып, жасаған жоқ. Ресей басшысы Владимир Путиннің айтқандарын сөзбе-сөз қайталады.
Онан соң: «Біз барлығымыз Ресей Федерациясының ядролық доктринаға өте елеулі өзгерістер енгізгенін жақсы білеміз. Сондықтан, егер гипотетикалық түрде Беларусьтің немесе Ресейдің батыс шекараларына басып кіру жоспары мүмкін деп есептесек, бұл НАТО тарапынан абсолютті ақымақтық болады», - деді.
РЕСЕЙДІҢ ӘСКЕРИ ТЕХНИКАСЫН МАҚТАУ: ҰҚШҰ-НЫҢ БОЛАШАҒЫ ТУРАЛЫ БОЛЖАМ
Тасмағамбетов өз сөзінде. «ҰҚШҰ-ның «жаңа шиеленіс нүктелерінің пайда болуымен» және «гибридті сипаттағы» қауіптермен бетпе-бет келгенін» атап өтті. Оның сөзінше, қауіп – НАТО-дан болып тұр!
Әрі қарай Ресейдің қару-жарағын мақтапсөйлеген Тасмағамбетов, ҰҚШҰ-ның өзге елдері де, Қазақстан да Ресейден қару-жарақ, әскери техника сатып алып отырғанын айтты.
«Ресейдің әскери-өндіріс кешені тиімді жұмыс жасауда. Ал ҰҚШҰ елдерінің Ресейден әскери техника сатып алуына келсек, бұл екіжақты әскери-техникалық әріптестік мәселесіне жатады», - деді.
Тасмағамбетов осы жолы әскери саладағы ақпараттар алмасу, ҰҚШҰ-ның алдағы әскери жаттығулары және Арменияның ҰҚШҰ-дан шығуы секілді тақырыптарды қамтып сөйледі.
АРМЕНИЯ ҰҚШҰ-ҒА ҚОШ АЙТЫП, ЕСІГІН ЖАПТЫ!
Армения туралы сөзінде: «Арменияның ҰҚШҰ-дан шығуы ұжым жұмысына айтарлықтай кері әсерін тигізбейді. Армения бәрібір ҰҚШҰ-ның одақтасы болып қалады. Егер Ереван бір күні одаққа оралғысы келсе, құшағымыз ашық», - деді Тасмағамбетов.
Күні кеше ғана Армения премьері Никол Пашинян: «Біз ҰҚШҰ-ға қош айттық. Енді оған қайтып оралмасымыз анық», - деп мәлімдеген еді.
Иманғали тасмағамбетов бұл мәлімдемелерді 2024 жылғы ҰҚШҰ қызметінің қорытындыларына арналған Мәскеу - Минск - Астана - Бішкек - Ереван бейнекөпірі барысында жасады. Тасмағамбетов бұл сөздерді Мәскеуде отырып айтты.
Иманғали Тасмағамбетовтің бұл айтқандары мәскеулік позиция екені әріп танитын әркімге де түсінікті-ақ. Бір кездері қазақ жұрты төбесіне көтерген саясаткер ҰҚШҰ Бас хатшылығына тағайындалғалы бері, қазақ құптамайтын бірқатар мәлімдеме жасаған еді. Бұл да сол санатқа жатарлық сөздердің бірі болды.
Өйткені, елдегі азаматтар Қазақстанның ҰҚШҰ-дан шығуын қолдайды. Бұл үшін тіпті, арнайы петиция да жарияланған.
Түйін: Әлгінде Астанаға мемлекеттік сапармен келіп-кеткен Ресей президенті Владимир Путин ҰҚШҰ күштерін соғысқа араластыру деген тақырыпқа жеке тоқталған. Астана төрінен гипердыбысты «Орешник» қаруын армансыз мақтаған Путиннен орыс журналистері: «Украина Ресейдің Курскі облысына кірді. ҰҚШҰ ұрысқа аралса ма? Ресейге көмектесе ме?», - деп сұрады.
Сонда Путин: «ҰҚШҰ бізге не көмек көрсете алады? Біз өз жерімізді өзіміз қорғай аламыз. Ал ҰҚШҰ-ға қару-жарақты біз жеткізіп беріп отырмыз. Сондықтан, бұл бағытта ойлаудың өзі артық», - деп сөйлеген. Әрине, біз Путиннің сөздерін қаз-қалпында емес, мазмұнына сәйкес келтіріп отырмыз.
Енді басты сұрақ – Путиннің өзі менсінбей отырған ҰҚШҰ-ны Тасмағамбетов неге сонша жарнамалауда?
Mezgil.kz