Ресейлік «Аэрофлот» компаниясы «Волга-Днепр» компаниясынан бес дана Boeing 737–800BCF жүк тасу ұшақтарын сатып алмақ. Бұл туралы ресейлік басылымдар жазуда.
Компания шығарылғанына 20-22 жыл болған ескі ұшақтарды 1,5-2 млрд рубль арасындағы бағаға алады. Аталған ұшақтар «Волга-Днепр» компаниясының құрамына кіретін «Атран» компаниясына тиесілі.
«Аэрофлот» ұшақтарды сатып алып, өзінің лоукостері саналатын «Победа» компаниясына бермек. Boeing 737–800BCF жүк таситын ұшақтарын жолаушыларды тасымалдау ұшағына айналдыру санкциялық қысым сәтінде оңайға соқпайды. Сол себепті де компания ұшақтарды бөлшектеп, қосалқы бөлшек алу ретінде қолдануға тырысады.
2023 жылдан бері «Аэрофлот» шетелдік лизинг беруші компаниялардан жүзден астам түрлі типтегі ұшақтарды сатып алуға келіскен. Компания Ресей аумағындағы ескі ұшақтарды сатып алып, олардың бөлшектерін қолдануда.
Ресейдің Украинаға соғыс ашуына дейін ресейлік компанияларда 1031 ұшақ бар болды. Ұшақтардың басым көпшілігі Boeing және Airbus компаниясының өнімдері еді. Алайда АҚШ пен Еуропа Ресейге санкция салып, Мәскеуге ұшақ сатуға және ұшақтарына техникалық қызмет көрсетуге тыйым салды. 2023 жылы Ресей үкіметі бейресми негізде №353 жарлыққа қол қойып, ескі ұшақтарды бөлшектеуге рұқсат етті.
Mezgil.kz