Сириядағы жағдай жаһандық геосаяси тартыста үлкен өзгерістер жасай бастағанын сарапшылар әл-әзірден әңгімелеуде. «Асадтың құлауы Ресейдің Сириядағы және бүкіл осы өңірдегі әскери ықпалына қауіп төндіреді», - дейді көп жұрт.
(Суреттер: pnp.ru, dzen.ru)
СИРИЯДАҒЫ АЛАСАПЫРАН: РЕСЕЙ ҚОС ӘСКЕРИ БАЗАСЫНАН АЙЫРЫЛДЫ МА?
2015 жылдан бері Ресей Сирия жеріне берік орнығып, онда екі бірдей әскери базаны жабдықтаған. Сирияда Асад режимінің құлауы және оппозициялық күштердің аталған базаларға соққы беруі Мәскеуді алаңдатуда. Бүгін Ресейдің Сирия жеріндегі қос бірдей әскери базасының әлеуеті һәм ондағы қару-жарақ арсеналы туралы аз-кем әңгіме шығармақпыз...
ТАРТУС ӘСКЕРИ-ТЕҢІЗ БАЗАСЫ: РЕСЕЙДІҢ ТЕҢІЗ КҮШТЕРІНЕ ЖАСАЛҒАН СОҚҚЫ
Ресейдің Сирияның Тартусында әскери-теңіз базасы бар. Ресей дәл осы базасы Сирияға ғана емес, бүкіл Таяу Шығысқа, одан әрі Африкаға және осы өңірдегі басқа елдерге сес болып тұрған плацдарм. Ресей 2015 жылдан бері қарай аталған әскери-теңіз портын жабдықтауға әжептәуір күш салды. Балтық пен Қара теңңіздегі кемелерді пайдаланып, ауыр қару-жарақ пен құрылыс техникаларын жеткізді.
«Radio Free Europe» дерегінше, бұл портқа атомды су асты кемелерін қоса есептегенде, ұзын-саны 11 кеме емін-еркін тұрақтайды. Ресей осы портты субмариналар арқылы Сириядағы нысандарды «Калибр» қанатты зымырандарымен соққылау үшін пайдаланып келген. Бұл порттың бір артықшылығы – түбі терең. Сондықтан, ірі кемелер де еркін келіп-кете алады.
Бельгияның ӘТК доғарыстағы (отставкадағы) офицері Фредрик Ван Локерен: «Тартус порты Ресей теңіз күштерінің қуаты мен Таяу Шығыстағы саяси ықпалын кедергісіз жүргізуге мүмкіндік беріп келген», - деп жазады.
ХМЕЙМИМ ӘУЕ БАЗАСЫ: ТЕРРОРШЫДАН ЗАҢДЫ ОППОЗИЦИЯҒА ДЕЙІН
Бұдан басқа Ресейдің әскери-әуе күштері Тартустан шамамен 60 шақырым қашықтықта орналасқан Хмеймим әуе базасын пайдаланып отыр.
Ресей Хмеймим әуе базасын соққылаушы ұшқатар мен тікұшақтарды, әскер мен материалдық құралдарды Сирияға және өңірдің басқа елдеріне жеткізу үшін пайдалануда. Ресейлік инженерлер 2016-2017 жылдары ұшу-қону жолақтарын ұзарту және тұрақ орындарын көбейту арқылы базаны кеңейтті.
2017 жылы аталған базаға Ресей президенті Путин барып, сол кезде Сирияның оппозициялық күштерін «терроршылар» деп атаған. Сол терроршылар әлгінде Асадты биліктен құлатты. Ал Ресей билігі оларды «Сирияның заңды оппозициясы» деп атады.
СИРИЯДА РЕСЕЙДІҢ ҚАНША АРСЕНАЛЫ БАР?
2016 жылы жарияланған ресми баяндама мен ашық дереккөздерден топтастырғанымыз бойынша: Сириядағы (Хмеймим) Ресейдің әуе флоты 20-дан астам Су-24 және Су-25 бомбалаушы және шабуылдаушы ұшқатарынан, кемінде 8 дана Су-30 истребитель-бомбардировщиктерінен 12 дана Ми-24 және Ка-52 соққылаушы тікұшақтарынан құралған.
Дәл осы базада қысқа қашықтыққа соққы жасайтын «Искандер-М» баллистикалық зымырандары мен алыс қашықтықты көздейтін «С-400» ӘШҚҚ жүйесі, қысқа қашықтықтық «Панцирь» және «Тор» қорғаныс жүйелері орналастырылған.
Егер Сирияның жаңа басшылығы Ресеймен келісімге келмейтін болса, Ресейге осы арсеналды едел-жедел алып шығуға тура келеді.
Бұл үшін екі жол бар. Бірі – теңіз арқылы алып кету, екіншісі – әуе арқылы. Сирияның Хмеймимде қазір Ресейдің жүк тасушы Ил-76 ұшақтары орналасқан.
Сирияда Ресейдің қаруы аз емес. Ресей оны Сирия оппозициясына тастап кеткісі және жоқ! Ал оны Сириядан алып кету үшін Ресейге біршама уақыт қажет.
РЕСЕЙДІҢ ТМД-ДАҒЫ ӘСКЕРИ БАЗАЛАРЫ: КРЕМЛЬ ЕКІНДІ ОСЫ ЖАҚҚА ТҮСІРМЕК
Сарапшылардың пікірінше, Ресей енді екпінді ТМД елдеріндегі әскери базаларына түсіруді ойластыруда. Біз бүгін оқырмандарымызға Ресейдің ТМД-дағы 7 маңызды әскери базасына қатысты ақпараттарды ұсынбақпыз. Қараңыз:
1. Армения
Арменияда жеке құрамы 5 мыңға адамға жуық Гюмридегі 102-ші ресейлік әскери база орналасқан. С-300 зениттік зымыран кешенімен және МиГ-29 жойғыштарымен жарақталған бұл база 1995 жылы құрылған және мемлекетаралық шартқа сәйкес ТМД ӘҚ Біріккен жүйесі шеңберінде 49 жыл мерзімге жауынгерлік кезекшілік атқарады. Бұл шарт бойынша Ресейден төлем алынбайды.
2. Беларусь
Беларусьте Ганцевичи елді мекенінің маңында «Волга» радиолокациялық станциясы жұмыс істейді. Ол зымыран шабуылы туралы ескерту жүйесінің құрамына кіреді. 2003 жылғы 1 қазанда жауынгерлік кезекшілікке қойылған станция солтүстік-батыс бағытта құрлықаралық баллистикалық зымырандардың ұшырылуын бақылауға мүмкіндік береді. «Волга» және оның инфрақұрылымы алып жатқан жер учаскесі Ресей тарапына 2020 жылға дейін пайдалануға берілді. Қазір бұл шарт ұзартылды.
Одан бөлек, соңғы жылдардағы өзгерістерге сәйкес, Беларусь пен Ресей «одақтас елдер» саналады. Ол бойынша, Беларусь толықтай Ресейдің әскери қалқанының ішіне кіреді.
3. Тәжікстан
Тәжікстан аумағында 2004 жылғы қазаннан 2005 жылғы қазанға дейін 201-ші Гатчина мотоатқыштар дивизиясының базасында құрылған 201-ші әскери база орналасқан. Базаның құрамына Тәжікстан Республикасының үш қаласында орналасқан бірқатар бөлімдер мен бөлімшелер, сондай-ақ үш полигон - Ляур, Момирак, Самбули кіреді. Қазіргі уақытта база әскери қызметшілерінің саны - шамамен 7, 5 мың адам.
4. Қырғызстан
2012 жылы Мәскеу мен Бішкек арасында Қырғызстанда авиациялық базаны, су асты торпедалық қарудың сынақ базасын және Ресей ӘТК Бас штабының жауынгерлік кезекшілікте су асты қайықтарымен байланысын қамтамасыз ететін «Марево» ӘТК-нің 338-ші байланыс торабын қамтитын біріккен ресейлік әскери база құру туралы келісім жасалды.
5. Қазақстан
Қазақстан аумағында 5-ші Мемлекеттік сынақ ғарыш айлағы (Байқоңыр құрамында), көліктік авиацияның жеке полкі (Қостанай), жеке радиотехникалық торап, сондай-ақ стратегиялық ӘШҚҚ және Сарышаған АБҚ құралдарының мемлекеттік сынақ полигоны орналасқан.
6. Абхазия (мойындалмаған сепаратистік аумақ)
2009 жылдан бастап Абхазияда Ресей Қарулы Күштерінің саны 4 мың адамға дейінгі 7-ші біріккен әскери базасы орналасқан. Негізгі орналасу пункттері: Гудаута ауданындағы Бомбора әскери әуеайлағы, полигон және Очамчирдегі порттың бір бөлігі, Кодор шатқалындағы және Ингур ГЭС маңындағы бірлескен ресей-абхазия әскери гарнизондары.
7. Приднестровье (Молдоваға тиесілі бүлікші территория)
2015 жылғы мамырдағы жағдай бойынша Приднестровьеде Ресей әскерлерінен құрамында 412 адамы бар бітімгершілік күштерінің бір батальоны және Колбасна ауылындағы оқ-дәрілер қоймасын күзету үшін 1,5 мыңға жуық сарбазы бар № 13962 әскери бөлімінің екі батальоны болды.
Mezgil.kz