Сириядағы Асад режимінің құлауы һәм Украинадағы үш жылға созылған соғыс тақырыбы жаһан жұртының ызу-қызу талқысында екені белгілі.
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: bbc.com, euronews.com, katehon.com)
Осы тұста біз «Ресей жұрты Сталиннен бастау алған Путиндік жаңа ертегіні санасына сіңірмек. Кезінде КСРО финдерден жеңілген кезде, «Біз жеңдік! Жер қосып алдық» деп қол астындағы жұртын сендірген еді. Тап осындай ертегіні Путин де бүгінгі Ресей жұртына дайындап жатыр» деген ойды ортаға салмақпыз...
СИРИЯ: ТҮРКИЯ ҰТТЫ. РЕСЕЙ ҰТЫЛДЫ
Польшалық «OSW» аналитиктері жуырда: «Асад режимінің құлауы Түркия мен Ресейге қалай әскер етеді» деген атпен сараптама жариялады. Онда: «Сириядағы Асад режимінің құлауы Түркия үшін жаңа саяси және әскер мүмкіндіктерді ашса, Ресейдің түгел Таяу Шығыстағы ықпалына орасан зор соққы болды», - деп есептейді.
(Сурет: katehon.com)
Нақтылай айтқанда:
«Асад билігінің құлауы – Түркияның сириялық оппозициялық күштерді (Сирия ұлттық армиясы мен ХТШ) ұзақ жылдар қолдауының кульминациясы болды. Сириядағы қазіргі жағдай Түркияға Таяу Шығыстағы өз позицияларын нығайтуға, Дамашықтағы жаңа тәртіпті орнытуға мүмкіндік береді», - деп жазады.
«Ал Ресей үшін Асад режимінің құлауы – елеугі геосаяси соққы. Ресей бұл жағдайда Сириядағы ең маңызды одақтасын жоғалтады. Бұл аймақ Таяу Шығысқа ықпал етуде маңызды рөлге ие болған. Ресей үшін ең маңыздысы – Сириядағы әскери базалары. Бұл базалар Ресей үшін Жерорта теңізі мен Африкадағы операциялар үшін маңызды логистикалық нүкте болған. Ресей қайткен күнде осы базаларды сақтап қалуға және Сирияның жаңа жетекшілігімен байланыстарын жақсартуға тырысады», - дейді.
Енді осы Сириядағы Ресейдің әскери базаларының әрі қарайғы тағдыры не болмақ дегенге аз-кем тоқтала кетсек: Шын мәнінде Сириядағы Ресейдің қос бірдей әскери базасының тағдыры қыл үстінде. Ал Ресей билігі соңғы 9 жылда бұл базаларды жетілдіруге, әскери активтерге жүздеген миллиард доллар қаражат жұмсаған.
(Сурет: euronews.com)
СИРИЯДАҒЫ КАПИТУЛЯЦИЯ: ҚОС ӘСКЕРИ БАЗАНЫҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?
«The Moscow Times»: «Асад билігі құлады. Енді Ресей Тартустағы теңіз порты мен Хмеймимдегі әуе базасынан кетуі әбден мүмкін», - деп жазады. Бұл туралы Кремль төңірегінде де әңгіме-талқы аз емес.
Сирияның оппозициялық күштері жеңіске жетіп, Асад елден қашқанда Сириядағы Ресейдің қос бірдей әскери базасы қоршауда қалды. Сонда Кремль дипломатиялық таныс-тамырлығын іске қосып, Ыстамбұл, Иерусалим, Вашиңтон мен Лондонға хабарласқан. Қос базаны қорғап қалу үшін аянып қалмайтынын айтқан.
«Ресей билігінің Сириядағы қос базаны сақтап қалуға жанталасы – нәтижелі бола қоймас. Бұл базалар Африкалық корпусты қамтамасыз етуде маңызды рөлге ие. Ресей сол үшін жанталасуда. Бірақ, баламалы жол да жоқ емес. Мысалы, Алжир. Бірақ, қалай десек те, Кремль үшін қиын жағдай», - дейді Берлиндегі Карнеги орталығының сарапшылары.
Ал Ресейдің сарапшылары: «Сириядағы Асад режимінің құлауы – Мәскеуден бұрын Тегеранның жеңілісі. Өйткені, Ресейден гөрі Сирияға Иран көп инвестиция жасаған. Көп жоғалтқан да солар», - дейді көңіл жұбатқандай күйде.
Ал саясаттанушы Дмитрий Орешкин: «Ресей армиясы Сирияда капитуляция жасады. Украинадағы стратегиялық қалаларды ала алмайды», - деген ойды ортаға салады.
Сириядағы соңғы оқиғалар мен Украинадағы жағдайлы өзара байланыстыра сарап қылған саясаттанушы Орешкин: «Сириядағы Башар Асад режимінің құлауы Ресейдің мемлекет ретіндегі және Владимир Путиннің оның көшбасшысы ретіндегі беделінің ауыр жоғалуына әкелді. Асадтың қашуына дейін Путин Ресейді саяси қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде Батысқа шынайы әскери балама ретінде танытып келген еді», - дейді.
(Сурет: bbc.com)
СИРИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ РЕСЕЙДІҢ ЕШКІМГЕ КЕПІЛ БОЛА АЛМАЙТЫНЫН КӨРСЕТТІ!
Шын мәнінде, Ресей әу бастан-ақ, экономикалық, демографиялық, мәдени және әлеуметтік бағыттарда Еуропалық бірлікке балама бола алмайтыны түсінікті жайт еді. Ресей Федерациясы әлемдік ІЖӨ-нің 2 пайызымен Батысқа геосаяси бәсекелестікте жеңілуде. Бірақ Путин: «Біз әскери тұрғыдан ең күштіміз», - деген риториканы алға тартады. Сол себепті де Ресей 2016 жылғы қақтығыстарды пайдаланып, Тартус пен Хмеймимде әскери базаларды құрды. 2017 жылы Путин Хмеймимде тұрып: «Егер терроршылар осында бас көтерер болса, өмірінде көрмеген соққыны көретін болады», - деп сөйлеген еді.
Енді міне, Асад жеңілді. Тіпті елден қашып, Мәскеуді паналауға мәжбүр болды. Енді? Енді «жаһандық Оңтүстікке» (Путиннің саяси терміні) бағдар ұстанып, Путинге үміт артқандардың бәрі бүгін Кремльдің еш нәрсеге кепілдік бермейтінін бек жақсы түсінді.
Әлбетте, Путин әлі де Сириядағы әскери базаларын сақтап, бұл мәселені дипломатиялық жолмен шешуге үміттенеді. Дегенмен, көпшілігі ішінара немесе толығымен авторитарлық болып табылатын африкалық, азиялық және өзге де режимдер үшін қауіпсіздік кепілдігінің Путиндік моделіне орасан зор нұқсан келтірілді.
(Сурет: myc.news)
УКРИАНАДАҒЫ СОҒЫС: РЕСЕЙДІҢ ҚАРУЫНА СЕНІМ АЗАЙДЫ
Сириядағы оқиғалардан соң, Кремльдің тұмсығын тасқа соққан тағы бір проблема – Ресейдің қару-жарақ, әскери техника өндірісіндегі имиджіне айтарлықтай нұқсан келтірді. Сарапшылардың пікірінше, Ресей Украинаға басып кіргенге дейін ресейлік ӘӨК (әскери өндірістік кешен) жылына 15 миллиард долларға дейін қару сататынын мәлімдеген. Үндістан, Африка, Латын Америкасы және азды-көп Азия елдерінен Ресейдің қару-жарағына сұраныс болған.
Әскери сарапшылардың пікірінше, Украинадағы соғыс Ресей қаруының қауқарын әлемге әшкерелесе, Сириядағы Асадтың қашуы – Ресей қаруының онсыз да құлап бара жатқан беделіне қосымша соққы болып тиді.
Енді Украинадағы соғыс тақырыбына оралсақ: Асадтың жеңісін қамтамасыз етпеген Ресей қаруы – Украинада да жеңіс сыйлай қоюы екіталай. Оның үстіне, Ресей Иран мен КХДР-да өндірілген дрондарды, зымырандар мен снарядтарды пайдалануға мәжбүр болып отырғанын көзіміз көріп отыр.
Осылайша, Украинадағы һәм Сириядағы соңғы жағдайлар Кремльдің өзінің әскери беделін жоғалтуының маңызды факторы болуда. Әсіресе, Башар Асадтың қашуымен Ресейдің беделіне түскен кіреуке өте ауыр.
(Сурет: dzen.ru)
ЖЕҢІЛІСТЕРДІ «ЖЕҢІС» ДЕП АТАУ – РЕСЕЙЛІК ДӘСТҮР!
Түйін: Ресей мен Батыста бір айырмашылық бар. Ол – Ресей өзінің экономикалық жетістіктеріне сүйене алмайтын хәлде, қазір. Сондықтан да, Кремль насихаты бұрынғысынша «ресейлік қарудың жеңісі» деген даурықпадан айныр түрі жоқ.
Оның үстіне: Жеңілістерді «жеңіс» деп атау – бұл таза ресейлік дәстүр. 1939 жылғы фин соғысында, Отто Куусинен бастаған Фин халық-пролетарлық республикасын құруға ұмтылған Кеңестік басшылық Кеңес халқын: «Финляндияда көтерілген пролетариат пен буржуазиялық үкімет арасында азаматтық соғыс жүріп жатыр. Буржуазиялық үкімет құлайды. Ал Финляндия Кеңестік социалистік республикалардың бауырлас отбасына қосылады», - деп қол астындағы жұртты сендірген. Өздеріңіз білетіндей, ондай ештеңе болған жоқ!
СТАЛИННІҢ ӨТІРІГІН ПУТИН ҚАЙТАЛАЙ МА?
Арада үш ай өткенде, Кеңес әскері жеңілді. Осы бір қантөгісті қыс соғысынан соң, Сталин «Кеңес Одағының Финляндияны жеңгенін, финдер тізерлеп, Кремль шарттарын қабылдағанын, ал Кеңес-Фин шекарасын Ленинградтан 30-50 шақырымға шегеру міндетін батыл түрде Кеңестік армия қабылдағанын» жариялады.
Сарапшылар Украинадағы соғыс та солай аяқталады деп болжайды. Яғни, Трамп Путинді тоқтататын нәрсені «Ресейдің жеңісі» деп жариялайды.
«Қазір Путиннің басты мақсаты – украиналық қақпаннан абыроймен шығу. Бұл әзірге мүмкін емес. Украина әскерінің Курск облысын басып алғанын еске салайық. Украина жарты жылдан бері ресейлік аумақтарды ұстап келеді. Иә, соңғы айларда ресейліктер қандай да бір аумақты қайтарып алды, бірақ ол үшін барлық ресурстар жұмсалды. Тіпті Солтүстік Корейдің қарулары мен сарбаздары тартылды. Нәтижесінде, Путин Украинаға бар күшін салды. Нәтижесін көріп отырмыз.
Ал Сирияда Асадты құтқара алмады. Елде дағдарыс басталғанда, Башар Асад ең алдымен Мәскеуге ұшып барып, көмек сұраған. Мәскеу Асадқа көмек те бере алмады. Өйткені, Сирияға жұмсар ресурс жоқ», - дейді әскери сарапшылар.
Mezgil.kz