Уақыт белдеуін ауыстыру дұрыс шешім болды ма?

Биыл 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне өткен еді. Жаңа уақытқа қарсы шыққан тұрғындар петиция жариялап, қажетті 50 мың қолды жинады. Жаңа уақыт белдеуі шынымен ағзаға зиян ба? Бұл сұраққа Астана Медицина университетінің Профилактикалық медицина ҒЗИ ғылыми қызметкері, петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Жанна Нұрберген жауап беріп, агенттік тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

1734107738242287.jpeg 

(Сурет: Қазақпарат сайтынан алынды)

 − Жанна Нұрбергенқызы, осы күнге дейін уақыт белдеуіне қатысты түрлі ғалымдарды тыңдап келдік. Енді сіз дәрігер тұрғысынан айтыңызшы, уақыт белдеуін ауыстыру шешімі дұрыс болды ма? Бұл қазақстандықтардың ағзасына қалай әсер етті?

 

− Жалпы уақыттың бір сағатқа шегерілуі ағзаға айтарлықтай көп өзгеріс әкелмейді. Бірақ қазір петиция жарияланып, кей тұрғындар уақытты кері қайтаруды талап етіп отыр. Олар түрлі дәрігерлер мен ғалымдардың сөздерін алға тартып, жаңа уақыттың адам ағзасына зиян екенін дәлелдегісі келеді. Мұндағы мәселе – халқымыздың басым бөлігі ерте жатып, ерте тұруға үйренбеген. Сол себепті оларға таңның ерте атқаны қолайсыз. Сағат 22-де ұйықтап, 5-те тұратын кез келген адамнан жаңа уақыттың қалай әсер етіп жатқанын сұрасаңыз, еш әсер байқамағанын айтады. Өйткені оларда биологиялық режим қалыпты жүріп жатыр. Қалыпты ұйқы үшін адам сағат 22.00-де ұйықтап қалуы керек. Бізде түнгі жүріс көп, сағат 2-ге дейін отырады да, ұйықтайын десе таң атып жатады.

 

Расымен де астаналықтар қазір ерте жатып, ерте тұруды үйренді. Мысалы өзім көпбалалы анамын, жер үйде тұрамыз. Бұрын түнгі 10-11-ге дейін дала жарық боп тұратын, балаларды үйге кіргізе алмайтынбыз. Ал қазір 9-да қараңғы түседі, балалар үйде отырады, уақытында ұйқыға жатады, бұл қай жағынан алып қарасаң да ыңғайлы.

 

− Бұл жерде Шығыс Қазақстан халқы көп шағым айтып жатыр ғой. Сағат 2-де таң ағарып ата бастайды, ұйқыны ашып жібереді деген уәж бар. Бұған не дейсіз?

 

− Иә, уақтылы ұйықтау мәселесі Шығыс Қазақстан халқына да қатысты. Егер адам кешкі 10-да ұйқыға жатса, таң 2-де атты ма, 3-те атты ма – азға оны сезбейді. Өйткені терең ұйқыда жатқанда азғада мелатонин гормоны бөлінеді. Сол мелатонин ағзамызға жеткілікті көлемде жиналған соң, оның орнына стресс гормоны кортизол бөлінеді. Кортизол бізді ұйқыдан оятады.

 

Қазір 2-де жарық басталса, бұрын 3-те таң атып келген, айырмашылық 1 сағат қана. Бұрын оянбаған адамдар неге қазір оянады? Мұндағы басты себеп – адамдардың кеш ұйықтауы. Кешкі 9-10-да адам ағзасы ұйқыға дайын тұрады. Бұрын сағат жоқ замандарда адамдар күннің атуы мен батуына сай өмір сүрді. Ал біз қазір қараңғы батса да, ұйқыға асықпаймыз, адамдар көшеде қыдырып жүреді, смартфон секілді девайстарға назар ауып кетеді. Сондықтан ағза жұмысын бірқалыпты ұстау қиындады.

 

− Ел тұрғындарында жаңа уақытқа бейімделу қалай өтіп жатыр? Петиция жазушылар соңғы 4 айда созылмалы аурулар, диабет көбейгенін айтады... 

 

− Ондай статистика жоқ. Керісінше қазіргі таңда аурулардың азаюы байқалады, әсіресе стационарға қаралу азайған. Негізі салауатты өмір салтын ұстанбаған, дұрыс ұйқы режимі болмаған адамдарда бейімделу қиындау өтеді. Уақытында ұйықтап, түнімен телефон қарамай, теледидар көрмей, дұрыс режимде ұйықтаса еш мәселе болмайды.

 

Жалпы ұйқы – кез келген адам үшін ем. Дәрігер ретінде ұйқының маңыздылығын бұрыннан айтып келе жатырмын. Күні бойы түрлі эмоцияны бастан кешеміз, ашуланамыз, шаршаймыз. Ал ұйықтағанда ағзамыз қалпына келеді, қайта жаңарады. Тіпті семіздік, дәрумен жетіспеушілігі байқалса да, бірінші ұйқыны реттеу керек.

 

Петицияның бір жақсы тұсы – адам денсаулығына баса мән беріліп жатыр. Петиция болмаса, адамдар дұрыс режимді қолға алмай, «уақыттың ауысқаны зиян болды-ау» деп ойлап жүре берер еді. Қазір керісінше халыққа денсаулықты күту туралы дұрыс ақпаратты жеткізе алатын мүмкіндік туды.

 

− Сағат белдеуін ауыстырарда «Циркадтық ырғақ» ұғымын көп естідік. Мұны оқырманға қарапайым тілмен қалай түсіндірсек болады?

 

− Түнгі уақытта, қараңғы түскенде ағзамызда мелатонин гормоны бөліне бастайды. Ондайда адам есінеп, ағза ұйқыға дайын екенін білдіреді. Менің үнемі айтып жүретін қағидам – мелатонин бөлініп жатқанда адам бар шаруасын тастап, ұйқыға жатуы керек. Түнгі 12-ден кейін терең ұйқы фазасы басталады, мелатонин мейлінше көп бөлініп, ағзамыз қалпына келеді.

 

Мысалы, жас босанған әйелдерді алып қарайықшы, бала күтімінен ұйқысы қанбай, күні мен түні ауысып кетеді. Түнгі ұйқы бұзылған, мелатонин дұрыс бөлінбеген, салдарынан ағзада кортизол өте көп болады. Сол үшін көптеген жас аналарда гормоналды бұзылыс, артық салмақ, стресс, босанудан кейінгі депрессия байқалады. Бәрі сол кортизол гормонының әсерінен, циркадтық ырғақтың бұзылуынан.

 

Мелатонин гормоны барлық жастағы адам үшін өте маңызды. Петиция жариялағандар ішінде бір әйел мелатонинді биологиялық белсенді қоспа түрінде ішуге болатынын алға тартты. Әрине, қосымша қабылдауға болады, бірақ синтетикалық мелатонинге тәуелділік өте қауіпті. Ол стресске, жүйке жүйесінің бұзылуына, ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін. Оның орнына дұрыс ұйықтап, табиғаттың өзі берген дайын мелатонинді неге алмасқа?

 

− Ал жақында америкалық хронобиолог Мэри Карскадон қазақстандықтар уақыт белдеуі ауысқаннан бері «jet lag жағдайында жүр» деп пікір білдірді...

 

− Мен олай айтпас едім. Өйткені адамның биологиялық сағаты ауыспайды – кеш батқанда біздің ағза ұйқыға дайындалады, таң атқанда оянамыз. Үнемі солай болған. Біздің ағзамызды ештеңе өзгерте алмайды. Басында сағат белдеуін ауыстырарда оның денсаулыққа әсері зерттелді. Қазақстанның батысына барып-келіп жүрген адамдардың денсаулығында еш айырмашылық болмайтын.

 

Негізі М. Карскадон көп нәрсені дұрыс айтады. Бірақ оның айтқан фактілері бұрмаланғанын байқап отырмыз. Ол уақыттың бір сағатқа кейін шегерілуі ерте тұратын адамдарға ғана тиімді, ал көбіне ыңғайсыз деп айтқан. Иә, расымен де америкалық ғалым денсаулыққа зиян деп тұрған жоқ, тек ерте жатып, ерте тұратын адамдарға ғана тиімді деп отыр. Онда проблема неде? Денсаулық дұрысталсын десек, кез келген аурудың профилактикасы – дұрыс ұйқы, дұрыс тамақ, спорт емес пе? Тіпті уақытты қайтадан бұрынғы қалпына келтірсек те, адамдар бәрібір түнімен ұйықтамаса, пайдасы болмайды. Бұл жерде уақыттың бір сағатқа шегерілуі денсаулыққа еш әсерін тигізбейді. Тек қана адамдар денсаулығын күтуді бастап, режимді дұрыстауы керек.

 

− Петиция авторларының сағат белдеуі ауысса, күн көзін көрмейміз, Д3 витамині дефициті көбейеді деген уәжі бар. Мұны қалай шешеміз?

 

− Мен Д витаминін өте көп зерттеген нутрицолог-маманмын. Нақты Д3 дәрумені ағзаға екі жолмен түседі. Біріншісі – күн сәулесіндегі ультрафиолет терімен жанасып, эпидермиске барып синтезделеді. Екінші жолы – тұтынған тағам арқылы түседі. Осы күн сәулесінен түскен Д2 мен тағамнан алған Д витамині қосылып, ағзада Д3 дәруменін түзеді. Демек, адам таңнан кешке дейін күннің астында жатса да, Д3 дәрумені оңайлықпен пайда болмайды. Д3 дәрумені сіңу үшін пайдалы майлар, үйдің жұмыртқасы, балық, сары май секілді дәруменге бай тағамдар жеу керек және 15 минут далада серуендесе жеткілікті.

 

Тағы бір қызықты дерек, тіпті күні ыстық Африканың өзінде халықтың 80 пайызында Д3 дәрумені тапшы. Өйткені ол жақта тамақтануға қатысты проблема бар. Дұрыс тамақтану болмаса, кез келген биологиялық қоспа, дәрумен көмектеспейді. Күн сәулесінің бір сағатқа азаюы да Д3 дәруменінің тапшылығына әкелмейді. Мұндағы басты назар – тамақтануда болуы керек.

 

− Қазір дәрумендер жарнамасы қаптады, оны өз бетінше іше беретіндер туралы айтып өтейікші, дәрумен таңдаудың дұрыс жолы қандай? 

 

− Қазір биологиялық белсенді қоспалардың кең тараған уақыты. Көптеген қоспаның арасынан синтетикалық емес, табиғи түрлерін мұқият таңдау керек. Мысалы минерал, теңіз балдырлары немесе шөптен жасалған, жеміс-жидек пен көкөністерден жасалғандары бар. С витамині цитрустан алынуы керек, бұл қымбат әрі ұзақ процесс болғандықтан, аскорбин қышқылы секілді 200-300 теңге тұрмайды.

 

Қазір көптеген дәрігерлер кеңестік жүйемен кез келген биологиялық қоспаны құрамын тексерместен жазып береді. Тіпті, емханада инфекциялық аурумен ауырған балаға аскорбин қышқылын жазып береді. Аскорбин қышқылы – синтетикалық өнім, яғни табиғатта кездеспейтін, химиялық қоспалардан жасалған нәрсе. Бұл біздің ағзамызға қайшы, оған тек табиғи өнімдер ғана сіңімді. Сондықтан, білікті мамандардың көмегіне жүгініп, табиғи қоспаларды ғана алу керек.

 

Бірінші кезекте – сынама тапсырып, дефицитті анықтап алу керек. Мысалы С дәруменін, Д3, темір ішу керек болса, оның қанша көлемде қажеттігін де білу керек. Ал егер анализ тапсырмай, қолға түскен дәруменді кішкентай дозада іше берсеңіз, еш пайдасын тигізбейді, керісінше зиян болуы мүмкін.

 

− Біраз өзекті сұраққа жауап алдық. Сұхбат соңында оқырманға салауатты өмір сүру жолдарын айтып өтсеңіз...

 

− Профилактикалық медицинамен айналысатын дәрігер ретінде айтарым – болашақта ден сау болуы үшін, аурудың алдын алу үшін, әдемі қартаю үшін ең бірінші дұрыс тамақтану керек. Ауызға салған асқа мән беру керек. Екіншіден, дұрыс ұйқы режимі маңызды. Одан кейін әрине спорт, физикалық жүктеме болуы керек. Адам көбірек қозғалуы керек, күніне 10 мың қадам жүруі керек. Өйткені адамның ас қорыту-ішек жүйесі 10-12 метрге дейін созылып жатыр. Салыстырып қарасақ, адамның тұтас бойының өзі екі метрге жетпейді. Сол 12 метрден тамақ дұрыс қорытылуы үшін, токсин, шлак болмауы үшін қимыл-қозғалыс өте маңызды.

 

Жалпы қазір ас қорыту, бауыр, өт, жүрек-қан-тамыр, диабет аурулары жасарып келеді. Бұрын үлкен кісілерде ғана кездесетін аурулар қазір жасөспірімдерде, мектеп жасындағы балаларда белең алып барады. Бәрінің себебі тамақтануға келіп тіреледі. Дүкендерде химияға толы тағам өте көп. Шырын, фаст-фуд, жаңа туған нәрестеге беретін пюрелер, тәттілер – трансмайларға, канцерогенді заттарға толы. Мектеп жасындағы балалар да көше тағамына әуестеніп, ауруға шалдығып жатыр. Бұл болашақта адамдардың өмір жасының қысқаруына да әкеп соғады.

 

Мемлекет тамақ қауіпсіздігі үшін іс-шаралар жүргізеді. Ең өзекті мәселе – энергетикалық сусындар еді, біздің ұсынысымызбен 21 жасқа дейінгі жастарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынды. Жақында вейптің де сатылмауы жөнінде заң қабылданды. Тағамдар құрамына түрлі химиялық заттар ДСҰ бекіткен норма бойынша тәуліктік рұқсат етілген мөлшерде қосылады. Мәселен, қантсыз кока-колаға аспартам қант алмастырғышын қосады, бұл – Еуропа елдерінде тыйым салынған өте химиялық канцерогенді зат. Оны рұқсат етілген мөлшерде аз ғана қосады. Бірақ адам күніне 0,5 л коланы місе тұта ма? Күніне 4-5 банка энергетикалық сусын ішетін тәуелді адамдарды білемін. Сондықтан адам өз денсаулығын өзі қолға алып, дұрыс тамақтанса, дұрыс ұйықтаса, қимыл-қозғалыс жасаса, ағзаға артық ештеңе керек емес.


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар