Жуырда Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың өзі қатысқан Қырғыз Құрылтайы өтті. Сол жиында президент Жапаров Еуропарламентке үндеу жасап, елдің ішкі істеріне араласпауға шақырды.
(Сурет: kaktus.media)
Бішкекте республиканың барлық өңірінен өкілдер жиналған 3-ші құрылтай (съезі) өткен. Жапаров: «Біз тәуелсіз мемлекетпіз, сондықтан біздің ішкі процестерге араласудың қажеті жоқ. Қырғызстаннан мыңдаған шақырым жерде отырған олар біздің елімізде не болып жатқанын қайдан біледі?.. Егер сіздерді қандай да бір мәселе алаңдатса, онда бізге келіңдер, көріңдер. Біз сендерге жау емеспіз. Біз әлемдегі барлық елмен доспыз және барлығымен әріптеспіз. Алайда біз тәуелсіз және суверенді елміз, біздің ішкі саясатымызға араласудың қажеті жоқ», - деді.
Ал осының алдында Еуропарламент Қырғызстан Социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) көшбасшысы Темірлан Сұлтанбековты қорғап, резолюция қабылдаған. Қырғызстанның құзырлы органы: «Сұлтанбеков пен оның екі партияласы «сайлаушыларды сатып алды» деген күдікке ілінді», - деп мәлімдеп, тұтқындаған. Осыдан кейін ҚСДП сайлауға қатысудан шеттетілді.
Сонымен қатар, Қырғызстан президенті «қазір республика өз дамуының кезекті кезеңінен өтіп жатқанын» еске салды.
Садыр Жапаров елде сайлау процесіне наразылықтар салдарынан үш революция болғанын еске салып, дауыс сатып алумен күресудің маңыздылығына тоқталды.
Президент республикада сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету, оның ішінде Орталық сайлау комиссиясының жұмысын жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Болашақта бізде Президент пен Жогорку Кенеш сайлауы болады. ОСК-ны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 2 миллиард сом жұмсадық. Алдағы уақытта үйден дауыс беруге болады», - деді ол.
Өз сөзін қорытындылай келе, Садыр Жапаров Қырғыз Республикасы дамуды жақтайтынын және Еуропа елдерінің табысты тәжірибесін алуға дайын екенін атап өтті.
«Қазір біз бастан өткеріп жатқан дүниелерді сіздер 100 жыл бұрын бастан өткердіңіз. Біз де сіздерді қуып жетуге тырысамыз. Бұл туралы ұмытпаңыздар», - деді ол.
Тақырыпқа тұздық: Қырғыз президенті Садыр Жапаров биылғы жылдың сәуірінде Еуропа сынаған «шетелдік агент» туралы заңға қол қойып, бекіткен еді. Бұл заң – Ресей заңы саналады.
Бұл заңның талабы бойынша Қырғызстан аумағында жұмыс жасайтын шетелдік құрылымдар, кәсіптер мен БАҚ-тар, қоғамдық ұйымдар т.б. немесе шетелден қаржыландырылатын кез келген ұйым – «шетелдік өкілдер» деп аталады және арнайы тізімделеді.
Оларға жоспарлы (жылына бір реттен жиі емес) және жоспардан тыс тексерулер белгіленеді. Сондай-ақ, «шетел агенттері» өз қызметі туралы егжей-тегжейлі есептерді, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражаттың аудиті мен олардың пайдаланылуын, басшылық туралы ақпаратты, қызметкерлердің саны мен олардың жалақысын тұрақты түрде ұсынуға міндеттеледі. Сонымен қатар, олар жарты жылда бір рет БАҚ-та өз қызметі туралы есебін жариялауы тиіс.
Еуропалық одақ пен Еуропарламент Қырғызстанның бұл шешімін қатал сынға алуда.
Mezgil.kz