Ресей МемДума депутаты Анатолий Вассерман КСРО-ның қалпына келетінін айтты. Бұл туралы ойын ресейлік депутат кезекті дөңгелек үстелдердің бірінде айтқан.
«КСРО-ның қандай да бір типте қайта қалпына келуі жалған үміт емес, қашып құтылмас шындық. Неге қашып құтылмас шындық? Былай ғой. Империялар ерте ме, кеш пе ыдырайтыны белгілі. Бұл бір-бірінен өте алыс қашықтықта орналасқан аймақтарды қосып, бір орталықтан бағындырылған отарлық империяларға тән қасиет.
Одан бөлек ғасырлар бойы ықпалдасып келе жатқан түрлі ұлттардан құралған құрлықтық империялар бар. Құрлықтық империялар қандай да бір себеппен құласа, көп ұзамай қайта қалпына келіп жатады. Қарапайым ғана мысал ретінде ЕО-ны айтсақ болады. Егер жақсылап қарасақ ол тура Рим империясының еуропалық бөлігін қайталап тұр. Ал Рим империясына кірмеген елдер қазір ЕО құрамында өздерін жат мүше іспетті ұстауда.
Ал Ресей ше? Ресей - құрлықтық империяның классикалық үлгісі. Өз тарихында ол бірнеше мәрте құлап, бірнеше мәрте қалпына келді. Әр қалпына келу сәтінде оның көлемі де, күші де нығая түсті. Өйткені Ресейде тұратын ұлттар өзара әріптестіктің формаларын өздері таңдап отырды. Сол себепті де, бұл жолы да біз (империяны) қалпына келтіреміз», - дейді ол.
Оның ойынша КСРО-ның қалпына келу сәті биыл басталуы мүмкін. «Біз биылдан бастап, яғни 2025 жылы қалпына келтіруіміз мүмкін немесе тағы біраз жыл күте тұруға тура келеді», - дейді ол.
Mezgil.kz