Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді», - деп сыртқы саясаттың бірқатар маңызды бағыттарына тоқталып өткен болатын.
(Сурет: Спикердің жеке мұрағатынан алынды)
Расында да қазіргі таңда еліміз әлемнің бірқатар елдері үшін стратегиялық маңызы бар мемлекет болып саналады. Қазақстанмен байырғы серіктестеріміз ғана емес, өзге де алыс-жақын елдер достық қатынас құруға мүдделі. ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлішер Тастенов қоғамда жаппай талқыланып жатқан сұхбатты негізге ала отырып Қазақстанның жаһандық саясаттағы рөлі туралы өз пайымдауларымен бөлісті.
«Еліміздің ішкі дамуы, оның ішінде біздің саяси реформаларымыз - ұлттық мүдделерін алға қоятын, халықаралық аренадағы үйлесімді және белсенді Қазақстанның ұстанымын білдіреді. Қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында орта держава ретінде Қазақстан теңгерімді мінез-құлық пен саяси көзқарастың үлгісін көрсетуде. Осылайша еліміз аймақтар мен мемлекеттер арасында көпір салып жатыр. Бұл тәсіл елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді және Қазақстанның аймақтық әрі халықаралық үдерістердегі жауапты, сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Соның нәтижесінде белсенді көпвекторлы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері пайда болады», - деді сарапшы.
Әлішер Тастенов, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатындағы басты тақырып - Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы туралы сөз қозғады.
«Соңғы жылдары Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы «мәңгілік стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілді. 2023-2024 жылдар Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстар маңызды кезеңге айналды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары Қытайдың Орталық Азиядағы басты серіктесі ретінде Қазақстанның рөлін айқындай түсті. Қос елдің көшбасшылары өзара сауда көлемін екі есеге арттыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл мақсатқа жету үшін өзара сенім, саяси ерік-жігер және экономикалық интеграция сынды ең қажетті алғышарттар толық қарастырылған», - деді ол.
Қазіргі таңда Қытаймен визасыз режимге өтуіміздің арқасында туристер ағыны артып, экономикалық және іскерлік байланыстардың нығайды. Инвестициялық жобалар мен мәдени байланыстар екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашты. Белгілі болғандай, биыл 2025 жылы маңызды оқиғалардың бірі – «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді. Әлішер Тастеновтың пікірінше, мұндай жоғары деңгейдегі іс-шаралар аймақ елдері арасындағы конструктивті өзара іс-қимылды тереңдетуге және экономикалық әріптестікті нығайтуға ықпал етеді.
«Мемлекеттер басшылары «Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша Сиань декларациясына қол қойғаны мәлім. Саммит 2025 жылы Қазақстанда өтетін болды. Сонымен қатар, Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше болу Қазақстан үшін аса маңызды. Өткен жылы Қазақстанның төрағалығымен Ұйым аясында бірқатар ірі жетістіктерге қол жеткізілді. Олардың ішінде маңызды сауда-экономикалық, логистикалық және гуманитарлық жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізіліп, түркі халықтарының бай мәдени мұрасы әлемге таныстырылды. Түркістан қаласы, Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде, интеграциялық үдерістерде ерекше орын алады. Бұл қала тек мәдени және тарихи орталық қана емес, сонымен қатар аймақтық ынтымақтастықтың стратегиялық алаңы болып табылады.
ТМҰ-ға мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық әрекеттер жылдан жылға құлашын кеңге жайып келеді. Бұл өзара тауар айналымының артуымен дәлелденіп отыр. 2024 жылы бұл көрсеткіш 45 миллиард доллардан асты», - деген мәліметтер келтірді сарапшы.
Сарапшының пайымдауынша, Қазақстан жаһандық тұрақсыздық жағдайында да сенімді серіктес ретіндегі рөлін нығайтып, халықаралық аренада тыныштық пен қауіпсіздік болуы үшін өз үлесін қосуда. Орта держава ретінде еліміз геосаяси шиеленістерді азайтып, сындарлы диалог орнатуға ықпал етуде. Қазақстан жасап жатқан бұл қадамдар халықаралық аренада бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Mezgil.kz