Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында 2024 жылдың көктемінде орын алған Солтүстік, Орталық және Батыс Қазақсандағы жойқын су тасқыны туралы сөз қозғады. Парламентте жаңа «Су кодексінің» жобасы қаралып жатқанын айтып, «Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы» және оның кешенді жоспары бекітілгенін жеткізді. Онда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген. Осындай ауқымды жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу үшін су мамандары қажет.
(Суреттер: mezgil.kz және baq.kz)
Президент мақалада су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін 2024 жылы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылғанын атап өтті. Жаңа құрылған жоғары оқу орны су шаруашылығы саласындағы мамандар тапшылығын шешуде қандай нақты қадамдар мен бағдарламаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр? Университеттің мақсат-міндеттері және жаңа Су кодексі мен Қазақстандағы су ресурстарын басқарудың болашағы жайлы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Су ресурстары кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Сапарбек Жолдасовпен сұхбаттасқан едік.
– Сапарбек Құрақбайұлы, сұхбатты жаңадан құрылған Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті туралы бастасақ. Су шаруашылығы мен ирригация саласындағы мамандардың тапшылығын жою мақсатында университет қандай білім беру бағдарламаларын енгізіп, қандай жаңа мамандықтар бойынша мамандар даярлауды бастады?
– Су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін 2024 жылы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Аталған жоғары оқу орны Тараз қаласындағы бұрынғы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты базасында жұмыс жасайтын болады.
Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты 1962 жылы Жамбыл қаласында Қазақ аграрлық университетінен бөлініп, жеке институт болып құрылған болатын. 1962-1998 жылдары республикаға және бұрынғы КСРО елдеріне 15000 астам маман даярлап шығарды. 1998 жылы Жамбыл қаласындағы үш институт бірігуімен, Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты – Жамбыл университеті құрамына еніп, жеке ЖОО атағынан айырылып қалды. Бұрынғы институт құрамынан 1998-2023 жылдар арасында тек бір ғана факультет сақталды, яғни «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» деп атауын қалдырды. 2023 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті құрамында елімізде су мәселесі көтеріле бастауымен, Дулати университеті құрамында «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институты деп қайта ашылды.
Енді ел Президенті бұйрығымен бұрынғы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты базасында, жаңа айтып өткенімдей, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылып отыр. Бұл су мамандары тапшылығын шешуде үлкен рөл атқарары хақ. Себебі, 2023 жылдан бастап «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар», «Елді мекендерді сумен қамту және суды бұру» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау жүзеге асырып жатыр және еліміздің су мамандары тапшылығын жою мақсатында 2025-2026 оқу жылынан бастап – «Гидроэкология», «Гидроэнергетика», «Гидромелиорация», «Гидромеханизация» және «Су шаруашылығының экономикасы» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланатын болады.
– Су шаруашылығы саласындағы зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары қандай болады? Қандай салаларға басымдық беріледі?
– Мен жұмыс жасайтын «Су ресурстары» кафедрасы негізінен су тасымалы құрылымдарының конструкцияларын жетілдіру; су толқындарынан және жағаларды қорғау құрылымдарын жобалау, салу және пайдалану әдістерін жасау; арналар мен жағаларды қорғауды реттеу, су тасқынынан қорғау құрылымдары мен жүйелерінің жаңа конструкцияларын жасау; гидротехникалық құрылымдардың іргелес аумақтарға әсерін бағалау әдістерін әзірлеу, инженерлік қорғау құрылымдарын есептеу мен жобалаудың жаңа әдістерін жасау; гидроциклондар мен гидроциклонды сорғы қондырғылары гидравликасы; еліміздің әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарында жұмыс істеуге арналған гидротехникалық құрылымдарды салудың жаңа технологияларын құру, құрылыс ұйымдарының соңғы және техникалық қарулану деңгейінің жеткілікті ресурстарының болуын ескере отырып, әртүрлі құрылыс материалдарынан гидротехникалық құрылысты басқару әдістерін жетілдіру; гидротехникалық құрылымдардың пайдалану сенімділігі, олардың қауіпсіздігінің жаңа критерийлерін, құрылымдарды бақылау мен тексерудің жаңа жүйелерін әзірлеу; су жүйелері мен объектілерін техникалық диагностикалау және мониторингтеу әдістерін жетілдіру; су жинау құрылымдарын, тұндырғыштар мен құмтұтқыштарды, арнайы гидротехникалық құрылымдарды есептеу мен жобалаудың ғылыми негіздерін, әдістерін әзірлеу; бастоған құрылымдарының сенімділігі мен беріктігін арттыру; су алу құрылымдары мен тұндырғыштардың конструкцияларын жетілдіру; Қазақстан өңірлерінде тиімді технологиялық процестерді, табиғи суларды тазарту және ауыз су сапасын жақсарту технологияларын ғылыми негіздеу және әзірлеу; суды тиімді пайдалану, тұрақты дренаждық жүйелерді дамыту, су тасқыны суын жинау мен суды сүзудің табиғи жүйесін зерттеу; антропогендік факторлардың әсерінен өзен сипаттамаларының гидрологиялық болжамдарын талдау; сумен жабдықтау объектілерін және бүкіл су шаруашылығы саласын цифрландыру; суару арналарын реконструкциялау, гидротехникалық құрылымдарды дербес басқару, суды есепке алуды автоматтандыру; су ресурстарын тиімді пайдалану және т.б. ғылыми бағыттарда зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
– Студенттерге практикалық тәжірибе беру мақсатында қандай оқу полигондары немесе зертханалар құрылады?
– Білім мен өндірісті интеграциялау мақсатында «Су ресурстары» кафедрасы «Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-мен (Тараз қаласы), «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы, «Шу-Талас бассейндік инспекциясы» РМК және «Казюжгипроводстройпроект» ЖШС тығыз байланыс орнатқан. Кафедрада практиканы және ғылыми жұмыстарды орындауға жақсы зертханалық жағдай жасалынған. Студенттер, магистранттар мен докторанттар зерттеу және тәжірибе жұмыстарын жүргізу үшін заманауи жабдықтармен толықтырылған «Гидравлика және гидротехникалық құрылымдар» зертханасын пайдаланады және зерттеу жұмыстарын жүргізеді.«Су ресурстары» кафедрасы «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалымен келісімге отырған, екі жақты серіктестік жасауға меморандумға қол қойылып, өндірістік жағдайда мекеменің ғимаратында кафедраның филиалы ашылып, сабақтар өткізіледі. Мекеме Талас су торабы маңында орналасқандықтан, білім алушылар үшін тәжірибелік маңызы зор. Болашақта, бұрын Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты құрамында болған «Жасөркен» оқу-тәжірибелік лагерін қайтадан іске қосса, «Инженерлік геодезия», «Гидрометрия», «Гидрология және ағынды реттеу» және «Гидротехникалық құрылымдар» пәндерінен өндірістік тәжірибелер өткізуге болар еді.
– Университет түлектері су ресурстарын басқару мен ирригация саласында қандай міндеттерді орындауға дайындалады?
– Университет дайындайтын түлектер су ресурстарын басқару саласында кең бейінді жоғары білікті маман ретінде, іргелі білім негізінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, бөлу және басқару мәселелерін шеше алады. Су шаруашылығының теориялық және практикалық міндеттерін шешуге қабілетті және мемлекеттің негізгі ресурстарының бірі ретінде су ресурстары мен гидротехникалық құрылымдарды ұтымды пайдалану мәселелеріне бағдарланған су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыс саласында кең бейінді жоғары білікті маман болып шығады. Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мен өнеркәсіп саласындағы кәсіби міндеттерді шешуге қабілетті жоғары білікті маман болып, табиғи, сарқынды және айналмалы суларды тазартудың инновациялық процестерін әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік және халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес азаматтық және өнеркәсіптік мақсаттағы құрылыс объектілерінің су шаруашылығының жаңа технологияларын жобалау және енгізу жұмыстарын жүргізетін болады.
– Су тапшылығы мәселесін шешу үшін ауыл шаруашылығы мен өндірісте суды үнемдеуге бағытталған қандай жаңа технологияларды зерттеу және енгізу қажет?
– «Суармалы жерлер инфрақұрылымының техникалық жағдайының нашарлауына байланысты ауыл шаруашылығында су өнімділігі әсіресе төмен. Нәтижесінде, суды суармалы алқапқа жеткізу кезінде пайдалану коэффициенті соңғы 30 жылда 0,8-ден 0,5-0,55-ке дейін төмендеді. Бұл ретте суармалы егіншіліктің басым бөлігі шоғырланған елдің оңтүстік өңірлерінде су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейі суармалы жерлердің жалпы көлемінің 3 %-ын ғана құрайды» деп жазылған «Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында». Бұл жерде нақты айтатын болсақ, су үнемдеу технологияларына жаңбырлатып суару, тамшылатып суару, ирригация каналдары табанын бетондау, суалу тораптарын автоматтандыру және т.б. жұмыстарды жатқызуға болады. Біздің елімізде, әсіресе суды негізінен суармалы егіншілікке пайдаланатын - Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында әліге дейін ирригациялық каналдардың басым бөлігінің арналары грунтта өтеді, бұл дегеніміз сүзілу шығындарының көптігі және оған булануды қосыңыз. Менің ойымша, жаңбырлатып суарудан гөрі суармалы алқаптарға құрастырып, орнату оңайырақ тамшылатып суару технологияларын енгізген дұрыс болар деп ойлаймын. Қазақстанда соңғы кездері тамшылатып суару технологиясының құрылғылары және техникаларын жасаумен айналысып жатқан фирмалар баршылық.
– Еліміздің су қоймалары мен ирригациялық жүйелер туралы не айтасыз?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында 2024 жылдың көктемінде орын алған Солтүстік, Орталық және Батыс Қазақстандағы жойқын су тасқындары туралы тілге тиек етті. Парламентте жаңа «Су кодексінің» жобасы қаралып жатқанын айтты. Сонымен қатар, «Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы» және оның кешенді жоспары бекітілді деді. Мұнда су қоймалары мен ирригациялық жүйелерге аса үлкен мән берілген. Тұжырымдамада - Қазақстанның су шаруашылығы кешеніне жобалық көлемі 87,8 км3 болатын 405 су қоймасы, 118 су торабы, 8 577 канал, 461 бөгет және 3 805 басқа да құрылымдар, оның ішінде тұрақты тексеруді талап ететін 1 502 имараттар кіреді делінген. Қазіргі уақытта су қоймалары мен ирригациялық жүйелердің басым бөлігі тозған немесе орта деңгейде жұмыс істейді.
– 2030 жылға дейін жоспарланған 40-тан астам жаңа су қоймасының құрылысы елімізге қандай экологиялық және экономикалық тиімділік әкеледі?
– «Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы» және оның кешенді жоспарында 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ қосымша, жалпы ұзындығы 14450 шақырымды құрайтын суару каналдарын реконструкциялау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары, жайылымдық алқаптарда суару құрылымдарын қайта құру және салу, және сонымен бірге Орталық Қазақстанның су күре тамыры - Қаныш Сәтбаев атындағы каналды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Жоғарыда аталған су құрылымдары пайдаланатын суды үнемдеу нәтижесінде экономикалық тиімділіктермен қатар, су тасуын болдырмау салдарынан қоршаған ортаға жақсы әсер етеді.
– Ескі ирригация каналдарын жаңғыртудағы негізгі қиындықтарды атап бере аласыз ба және оларды шешу үшін қандай шаралар қабылдануы тиіс?
– Ирригация каналдарын жаңғыртудағы негізгі қиындықтарға – арна табандары мен жақтауларының шөп қаптап өсуінен, олардың өтімдері кемуінен туындайтын ирригация кезіндегі суды пайдаланудың пайдалы әсер коэффициенті 0,5-0,6 дейін төмендеуін көтеру үшін арналарды тазалау жұмыстарына кететін орасан қаржылай шығындарды айтуға болады. Және де біздің республикадағы суармалы алқаптар негізінен қуаңшылық аймақтарда орналасқандықтан, ирригация каналдарынан булану мөлшері көп болуымен қатар, арналар табаны топырақта өтетіндіктен, судың сүзілуі, яғни фильтрациялық шығындар да көп.Сол себепті ирригация каналдрын жаңғыртуда, - булану, сүзілу шығындарын азайтуға аса көңіл бөлу қажет.
– Жаңа Су кодексі су ресурстарын басқару жүйесін қалай өзгертеді деп ойлайсыз?
– Жаңа Су кодексінде суды үнемдеуге аса қатты көңіл бөлінеді. Мысалы, су пайдаланушылар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, суды үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу жөнінде шаралар қабылдауға, сондай-ақ жерасты ауыз суларын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге міндетті. Ал суды қайта пайдалану жүйесі жоқ ұйымдар жаңа Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей мұндай жүйелерге көшу жоспарын ұсынуы тиіс. Су саласына инвестиция тартуды ынталандыруды және су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарды мемлекеттік қолдау арқылы су ресурстарын басқару жүйесін дамытуға болады.
– Трансшекаралық өзендерге байланысты Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай ғылыми зерттеулер жүргізілу қажет деп ойлайсыз?
– Трансшекаралық өзендердің су сапасын жақсартуға, көршілес елдер тарапынан төнетін су басумен күресуге және трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған «Су кодексін» құру қажет. Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, трансшекаралық өзендермен шектесетін елдермен жалпыға ортақ келісімшарт жасау керек, онда әр мемлекеттің мүддесі қаралып, БҰҰ бекіткен мемлекетаралық өзендерді пайдалану тұжырымы сақталуы тиіс.
– Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін халықаралық тәжірибені енгізу қаншалықты маңызды?
– Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін әлемнің көптеген елдерінің су заңнамасы мемлекеттік су шаруашылығы органдарын құра отырып, су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік реттеуді көздейді. Экономикасы дамыған елдерде ластану деңгейін төмендету және су ресурстарының сарқылуын болдырмау мақсатында су объектілерін кешенді пайдалану мен қорғаудың ұзақ мерзімді бағдарламаларын әзірлеу қажеттілігі заңнамалық тұрғыдан белгіленген.Су ресурстарын басқару әртүрлі деңгейлерде жүзеге асырылады: мемлекетаралық, мемлекеттік, бассейндік, аумақтық, сондай-ақ су пайдаланушылар деңгейінде. Қазақстан үшін халықаралық тәжірибелерді негізге ала отырып, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардың мүдделерін тең сақтайтын су ресурстарын басқару жүйесін құру дұрыс шығар деп ойлаймын.
– Қазақстандағы су ресурстарын басқарудың болашағы жайлы не айтасыз?
– Қазақстандағы су ресурстарын басқаруда республикада қалыптасатын және елімізге сырт елдерден келетін ағын мөлшерін мұқият есепке алу, су ресурстарын пайдаланушылардың деректерін талдау, қолданыстағы гидротехникалық құрылымдардың жай-күйіне үнемі мониторинг жасау, олардың қауіп-қатерін бақылап отыру, мүмкіндігінше су қоймаларының көлемі мен ирригациялық каналдардың өтімін автоматтандырылған жүйелермен тексеру, су үнемдеу технологияларын енгізу және осындай жұмыстарды жүргізу үшін кәсіби мамандарды даярлайтын білім ордаларына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету қажет.
Сұхбаттасқан Жанна Жомарт
Mezgil.kz