Қазақстан қанша АЭС салмақ? АЭС-ті кімдер салады?

«Қазақстан Президенті 2024 жылғы референдум қорытындысы бойынша шешім қабылданған атом станцияларын мүмкіндігінше тезірек салу қажеттігін мәлімдеді», - деп жазады Ақорда.

1736418764296004.jpg

(Коллаж: azattyq-ruhy.kz)

Мемлекет басшысы EXPO кампусында орналасқан Жобалық кеңсенің қызметімен танысу барысында атом энергетикасын дамыту тақырыбын арнайы қозғады.

«Атом станцияларының құрылысын жеделдету керек. Мен сұхбатта екі, бәлкім, үш үлкен станция салатынымызды айттым. Біз Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған елге, жасанды интеллект жұмыс істейтін және цифрландыру толық көлемде жұмыс істейтін елге айналдыруымыз керек», - деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ПРЕЗИДЕНТ НЕ ДЕЙДІ?

Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Атом стансаларын салуға байланысты шетелдерде тәжірибесі мол, білігі жоғары «Росатом» компаниясының жобаға қатысуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ Қытайдың азаматтық мақсатта қолданылатын ядролық нысандар салу ісіндегі зор жетістіктері ескеріле отырып, осы елдің компаниясымен де келіссөз жүргізіліп жатыр. Жобаға басқа да мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің корпорациялары қызығушылық танытып отыр.

Биыл конкурстық рәсімдер өткізіледі. Содан кейін Үкімет түпкілікті шешім қабылдайды. Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Ядролық өнеркәсіп саласы қазірдің өзінде энергетика тапшылығына тап болып отырған экономикамызды өркендетуге зор серпін береді. Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналуы қажет деп санаймын. Оның болашағы зор», - деген болатын.

Қазақстанда 2024 жылдың 6 қазанында елдегі алғашқы атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтті. Республика ОСК мәліметінше, жобаны сайлаушылардың 71,12% АЭС салуды қолдады.

ҚАЗАҚСТАНҒА АЭС-ТІ КІМДЕР САЛМАҚ?

Қазақстан Энергетика министрлігі АЭС-ті 2035 жылға қарай 11,2 миллиард долларлық бюджетпен салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.

Құрылысқа үміткерлердің шорт-тізіміне: Ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы, Оңтүстік Корейлік KHNP, Қытайлық CNNC және Француздық EDF кірді.

Тоқаевтың айтуынша, АЭС құрылысы мен пайдалануды халықаралық консорциумға тапсыру керек. Бұл мәселе бойынша билік соңғы шешімді 2025 жылы қабылдайды.

Қазақстан билігінің 2019 жылы Алматы облысында отандық АЭС салуға ниетті екені белгілі болды. Неғұрлым нақты орналасуы – Үлкен ауылы болды. 2021 жылдың соңында Энергетика министрлігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев атом станциясын дәл осы ауылда орналастыруға болатынын растады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар