Бүгін Украинаның әскери және саяси басшылығы Ресейге көмекке барған Солтүстік Корей сарбаздарының екеуі тұтқынға түскенін мәлімдеді. Тіпті, тұтқындағы сарбаздардың суреттері мен деректерін де жария етті.
(Суреттер: gordonua.com сайтынан алынды)
Украина президенті Зеленский: «Украина қарулы күштері КХДР әскери қызметкерлерін тұтқынға алды. Солтүстік Корейдің 2 сарбазы 9 қаңтар күні тұтқынға түсті», - деді.
ТҰТҚЫНДАҒЫ КХДР САРБАЗДАРЫ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
Бірінші: Олар не украин, не орыс, не ағылшын тілдерінде сөйлемейді. Тұтқындардың біреуінде өзге бір сарбаздың атына берілген Ресейдің әскери билеті болған. Екіншісінде ешқандай құжат болмаған.
Екінші: Тұтқынға түскен КХДР сарбазының біреуі: «Біз Украинамен соғысуға емес, оқу-жаттығуға келгенбіз», - деп айтқан. Екіншісі осы сөзді растап сөйлеген.
Үшінші: Тұтқын екеудің бірі – 2005 жылғы. КХДР армиясында 2021 жылдан бері қызмет өтеп келген. Атқыш. Екінші тұтқын – 1999 жылғы. КХДР армиясында 2016 жылдан бері қызмет етіп келген. Барлаушы-снайпер.
Ресей ақпараттары: «Украина тұтқынға алдық деген екеу Солтүстік Корейдің сарбаздары емес. Тывалықтар», - деп ақпаратты бұрмалауға тырысуда.
Украина әскері тұтқынға алған Солтүстік Корейдің екі сарбазы Киевке жеткізілген. Қазір олардан жауап алынуда.
КХДР әскерін тірідей тұтқындау қиын шаруа. Олар тұтқынға берілуден бас тартып, өзіне қол жұмсайды немесе Ресей әскері оларды дронмен жоюға тырысады. Ресей КХДР әскерін әдетте Ресейдің ішіндегі саха, тыва секілді ұлттарға тіркеп, солардың атын береді.
Киев пен Пентагон осыған дейін Курскідегі Солтүстік Корей сарбаздарының көптеп шығынға ұшырап жатқанын айтқан. Украина ҚК Бас штабы бұған дейін: «Мәскеу Курскіні қорғауға әлі жетпей, едел-жеделде Солтүстік Корейден көмек сұрауға мәжбүр болды. Солтүстік Корей 12 мыңға жуық әскер жіберді. Олардың 4 мыңының көзі жойылды», - деп мәлімдеген еді.
Mezgil.kz