БАӘ-ге сапар: Астана мен Абу-Даби қандай келісімдер жасаспақ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

1736848419477191.jpg

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Онда Президент Тоқаев «Абу Дабидің орнықты даму аптасы» саммитіне қатысады. БАӘ-ге кеше барған қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесулер өткізген. Бүгін сол кездесулерге шолу ұсынамыз...

Президент әуелі БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Кездесу «Qasr Al Shatie» сарайында өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

– БАӘ – біздің араб әлеміндегі басты серіктесіміз. Елдеріміздің игілігі үшін екіжақты және көпжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Мен достық, өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Аса Мәртебелі Президент мырза, Сізді өз елімде құшақ жая қарсы алуға дайынмын. Қазақстанға жасайтын сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңіне бастау болатынына сенімдімін, – деді.

1736848362616444.jpg

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

БАӘ Қазақстан  экономикасына қаржы құйған 10 ірі инвестордың қатарына кіреді. Қазақстан мен БАӘ компаниялары екеуара көлік-логистика, энергетика, қаржы, туризм және басқа да салаларда белсенді ынтымақтастық жүргізуде. Екі ел басшылары ақырғы рет 2023 жылы Абу Дабиде және Дубайда кездесулер өткізген. Сол кездесулер барысында екіарадағы тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу туралы мақсат қойылған. Ал былтыр БАӘ-ден келген тікелей инвестиция көлемі екі есеге ұлғайған.

Қазқастан мен БАӘ үкіметтері өзара сауда-саттыққа жаңа күш беру мақсатында нақты экономикалық күн тәртібін жасамақ. Нақтылай айтқанда: Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларацияны жүзеге асыру мәселесіне мән берілмек.

Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян:

– «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысуға келгені үшін алғыс білдіремін. Қазақстанмен арадағы саяси диалог пен экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асыру маңызы. Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы байланыс 2025 жылы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп, екі елдің дамуы мен өркендеуіне ықпал ететініне сенім білдіремін. Халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен орнықты дамудағы өзекті мәселелерді шешуде Астананың үлесі зор, - деді.

Онан әрі Мемлекет басшысы «Абу Дабидің орнықты даму апталығының» ашылу салтанатына қатысты.  Іс-шараға қатысушылар қатарында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Руанда Президенті Поль Кагама, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим, Жаңа Зелендия Премьер-министрі Кристофер Лаксон, Финляндия Премьер-министрі Петтери Орпо, сондай-ақ саясаткерлер, қайта жаңартылатын энергия көздері, технологиялық даму және инновация салаларындағы көшбасшылар, инвесторлар мен кәсіпкерлер бар.

«Абу Дабидің орнықты даму апталығы» (ADSW) – орнықты даму және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелеріне арналған жетекші жаһандық алаңдардың бірі. Жиын жасыл технология мен энергияның қайта жаңартылатын көздеріне инвестиция салуды ынталандыруға, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына жету үшін инновациялық шешімдер іздеуге бағытталған. Биыл форум «Болашақпен байланыс: Орнықты дамуды жеделдету» (The Nexus of Next. Supercharging Sustainable Progress) тақырыбында өтеді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар