Жазушы Төлен Әбдік: Біз қазір көшпелі ел емеспіз! Отырықшымыз!

Таяуда қазіргі қазақ әдебиетінің қазіргі таңдағы ірі өкілі Төлен Әбдіктің «Egemen Qazaqstan» тілшісі Қанат Бірлікұлына берген «Көшпелі елдің дамуы тасбақаның аяңына ұқсайды» атты сұхбаты жарық көрді.

1737458818196780.jpg

(Суреттер: massaget.kz және Берік Уәлидің желідегі парақшасы)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдікке «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған сұхбатына орай жеделхат жолдады.

Жеделхатта: «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатыңызды мұқият оқып шықтым. Өзекті ой-толғамдарыңыз арқылы ұлт руханияты үшін құнды дүниелер айтылған. Төл әдебиетіміздің даму көкжиегіне қатысты сын-пікірлеріңіз бен жас буынға қарата айтқан ақыл-кеңестеріңіз орынды деп санаймын. Шын мәнінде, жаһанды жайлаған қазіргідей құбылмалы заманда жазушылар қауымы көркем туындылары арқылы әділдік, жақсылық және адамдық құндылықтарын кеңінен дәріптегені жөн. Бұл еліміздің келешегі үшін өте маңызды. Қаламыңыз қарымды болсын! Сізге мықты денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!» – делінген.

1737458318543714.jpg

(Сурет: Берік Уәлидің желідегі парақшасынан алынды)

Қанат Бірлікұлы әдебиет пен рухани мәдениетке қатысты қисынды сауалдар қойды. Төлен Әбдік қазіргі қазақ әдебиеті турасында ой өрбітіп, былай дейді:

– Біздің алдымызда мықты аға буын жазушылар болды. Бірақ оларға қарап бой түзедім дей алмаймын. Маған әсер еткен ұстазым – әлем әдебиеті. Әлем жазушыларының туындылары болмаса, соцреализмнің шырмауына түсіп, өзгеден айырмамыз болмай қалуы әбден мүмкін еді. Кеңестік дәуірдегі соцреализм, кеңестік шындық дегендердің бәрінің жалған екенін шетелдік қаламгерлерді оқи бастағанда білдік. Әлем классиктері шын әдебиеттің қалай жазылатынын көрсетті. Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаған аға буын жазушылардың көпшілігінің шығармаларын қазіргі жастар оқымайды. Оларды талантсыз деп айта алмайсың, бірақ сондай заманға тап болды.

– Қазіргі заман да, жастар да басқа. Баяғыдай цензура жоқ. Сондықтан да оларда қоғам шындығын бүкпесіз жазуға мүмкіндік жетеді. Алайда тарихты бұрмалап, рулық санамен сан құбылтып, көркем әдебиетті публицистикаға айналдырып, бос сөзді оңды, солды бұрқыратудың қажеті шамалы деп ойлаймын. Жастарға біреуді ұстаз тұт деп те айтпаймын. Ұстаздары кітап болсын! Көп оқысын!

– Көшпелілікті отырықшылықтан жоғары қоятын пікірлерді де естіген кездеріміз болды. Рас, көшпелі өмір салты қалыптастырған психология санамызда бар, бірақ біз қазір көшпелі ел емеспіз. Отырықшы елміз. Өмірге қажетті барлық нәрселер: қалтаңдағы сағат, телефон, үйіңдегі теледидар, жарық жылу беретін орындар, астыңдағы машина, бүкіл транспорт, пойыз, ұшақ, зауыттар мен фабрикалар, оқу орындары, ғылыми зертханалар, обсерваториялар, т.б. – осының бәрі ғылымның табысы. Бұған тек отырықшылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз», - деген аталы сөзі рухани адасқан талайлардың көзін ашып бере алады. 

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар