Украинадағы соғыс: Үш тарап қандай мақсат көздейді?

Үшінші жыл жалғасып жатқан Украинадағы соғыстың үш басты қатысушысы бар десек, олар: Ресей, Украина мен Ұжымдық Батыс. Бұл үш тараптың декларацияланатын, яғни, жария мақсаттары мен болжамды мақсаттары қандай? Әлемдік саясаттанушылар осы сұрақтың төңірегінде ой өрбітіп жатыр, қазір... Ендеше, біз де Mezgil.kz порталы оқырмандарының назарына шолу ұсынбақпыз...

1738065120313338.jpg

(Сурет: nournews.ir)

РЕСЕЙДІҢ МАҚСАТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Әңгіме төркінін аталған соғыстың бастаушысы ретінде Ресейден бастайық. Ресейдің бұл соғысты бастаудағы ашық айтылған мақсаттарының бірі – «орыс тілділердің құқығын қорғау» еді. Бірақ бұл мақсат қазір өзектілігін жойды. Себебі, Украинаға қатысты ауқымды соғыс жүргізіп жатқан Ресейдің әскери және саяси басшылығы «құқықтарын қорғаймыз» деген «орыс тілділердің» тұрғын-жайларын, ауыл-аудандарын, қалаларын қиратуда.

Ресейдің жария түрде алға қойған бірінші мақсаты қазірУкраинаның мемлекеттігін, ұлттық бірегейлігін жою. Украинаның кем деген бір бөлігінен, армиясынан және шетелдік қолдаудан айыру. Онан соң, Украинаға өз ықпалындағы адамды басшылыққа әкелу, сол арқылы тұтастай Украинаны өз вассалына айналдыру.

Ресей тарапынан осы мақсатта: Украина мемлекетінің «қолдан жасалғандығы» және ұлттық бірегейлігіне қатысты тарихи бұрмалаушылыққа негізделген мәлімдемелер жасалуда. Солардың бірі – «Украинаны не Ленин, не австриялық бас штаб, не англосакстер «ойлап тапқан». Ал шын мәнінде украиндар мен орыстар - «бір халық», тек «полонданған (поляктанған) орыстардың бір бөлігі ғана өздерін «украиндерміз» деп атайды»,  деген қиысын Ресейде ғылыми-саяси айналымға енгізілді. Бұған Ресей жұрты имандай сенеді.

Ресейдің тағы бір жария мақсатыУкраинаның НАТО-ға қосылуына жол бермеу. Путин және оның идеологтары қоғамдық жаңғыртудың табиғи процесін өз режиміне басты қатер ретінде қарастырады және оны ел-жұртына «Батыстың басып кіруі» ретінде көрсетеді.

Осылайша, қазір Ресейдің «өз бодандарымызды өздерімізді жазалауға және оларға өзіміз рақым етуге еріктіміз» деген ұстанымы атойлап алға шығып тұр. Бұған келіскендер – құл. Келіспегендер – Ресейдің дұшпаны.

МӘСКЕУ «ЕКІНШІ ЯЛТАНЫ» ҚАЛАЙДЫ

Ресей ұстанатын саяси мәдениет – «Әлем елдері қорыққандарын ғана құрметтейді»  деген сөзбен сипатталады. Құрметке ұмтылу үшін Кремль режимі қорқыныш тудыруы тиіс. Осы себептен – ол бас асаулық танытқан Украинаға қарсы соғысты бастады. Бұл жаһандық қақтығыста, сондай-ақ ресейлік элиталар үшін «signaling game-ге» айналды.

Бұған дейін саясатшылар тарапынан Украинаға басып кіру - НАТО мен АҚШ-қа қарсы прокси-соғыс деп бірнеше рет айтылған еді. Ал оның нәтижесі Кремль стратегтерінің ойынша «жаңа Ялта» болуы тиіс. Олардың көзқарасы бойынша, әлемдік тәртіп – домодерлік режимдердің заңды мүдделерін қорғайды (ресейлік қана емес, қытайлық, ирандық және т.б.).

Осылайша, Кремль көздеп отырған бұл мақсаттар – Путин режимі үшін экзистенциалды мәнге ие. Әлем Түркия, Қытай, Иран, АҚШ, ЕО және Ресей тарапынан қайта бөлінісуі керек. Яғни, саясат әлемінде БҰҰ емес, «Екінші Ялта» үстемдік құруға тиіс.

УКРАИНАНЫҢ МАҚСАТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Бастапқыда Украинаның бұл қақтығыста ешқандай мақсаты болған жоқ, себебі ол соғысты бастаушы емес! Украинадағы басым көпшіліктің әуелгі ұстанымы Ресей соғыс бастағанға дейін - «дос және тату көрші болып, өз жолыңмен жүру» болатын. Тіпті, Ресейдің 2000 жылдардағы дұшпандық әрекеттеріне қарамастан, Украина Ресейге қарсы дұшпандық саясат ұстанған жоқ.

Әйтпесе, Ресей Украинаға қатысты жасаған қатқыл қималдары аз емес еді. Мысалы, 2004 жылы сайоауға ашық араласты, газ жеткізуді тоқтатты, «Роспотребнадзор» сауда соғысын бастады, Тузла аралының төңірегінде де қақтығысты. Бірақ, украиналық көпшілік мұның бәріне селт еткен жоқ.

Сол кездің өзінде Украинаның ұлтшылдары: «Тек НАТО ғана нақты бере алатын қауіпсіздік кепілдіктерін алмаса, Украинаның Путин алдындағы «көңілжықпастығы өзін орға жығады». Путипге жақсы көріну мүмкін емес», - деп ескерткен.

Украинаның көзқарасы – Қырымның аннекциялануы мен Донбасстағы соғыстан соң өзгере бастады.

ДОНБАССТАҒЫ СОҒЫСТЫҢ БАСТАЛУЫ

Соғыс Игорь Гиркиннің диверсиялық тобының Славянскке кіргізілуінен басталды. Ол жақта ақырын-ақырын Кремль шаптан түрткен қақтығыс оты тұтанып, екі жағынан да бір-біріне алакөзденген қантөгіс пен қатыгездіксіз орын ала бастады. Донбасста келісімге келуге мүмкіндік бар еді.  Бірақ, бұл келісім Кремльдің жоспарында болған жоқ. Сол үшін де тарих сахнасында Гиркин деген адам пайда болды. Сосын Т-72-ні атша ертеп мінген буряттар, кейіннен тіпті бұрынғы Сібір шенеуніктерінің ішінен шыққан «Донбасс басшылығы» пайда болды. Осылайша, Украинаның ұлтшылдары 2000-шы жылдары айтқан сөз ақыры расқа айналды! Тіпті, соның өзінде Украинаның әскери-саяси басшылығы Ресеймен бетпе-бет ұрысты айналып өтудің жолын іздеді. Бейбіт жол табуға тырысты. Ал Минскі жол табатын алаң бола алмайтыны қарапайым жұртқа да аян еді. Бұрынғы президент Петр Порошенко да, қазіргі президент Зеленский де Ресей бастаған соғыстан айналып қашып, құтыла алмады.

Қазір Украинаның басты мақсаты – халықаралық қауымдастық мойындаған шекарасын қайтару және тәуелсіздік кепілдігін алу. Егер Ресей қазіргі күйінде қалса, көкіректе шеменденген қауіп-қатер сақталып қалады. Егер билік ауысып, өзгерістер орын алған жағдайда әрине, бұрынғы деңгейде болмаса да, қарым-қатынастар қайта жандануы мүмкін.

Голда Меирдің сөзі бар: «Көршілеріміз бізді өлік күйінде көргісі келсе де, біздің өмір сүргіміз келеді», - деген. Ресей Украинаны қанша өлтіргісі келсе де, Украина өмір сүруі үшін күресуде. Шындығында бұл соғыс – Украинаның да, бүкіл өркениетті әлемнің де қорғанысын айтарлықтай нығайту керектігін түсіндірді.

БАТЫСТЫҢ МАҚСАТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Ресей мен Украинадан айырмашылығы, Батыстың бұл жағдайдағы мақсаттары еш жерде айқын декларацияланбаған және ішкі жағынан қарама-қайшы. Десе де декларацияланатын мақсаттарға  –империяның құлауын жатқызуға болады.  

Қазір Батысты үш түрлі позиция бар. Біріншісі: Ресейден көп зардап шеккен Балтық елдерінің басшылары сөзі. Олар: «Путинді өізнің айтқандарымен емес, біздің айтқанымызбен жүргізуіміз керек», - дейді. Екінші позиция – «Путиннің беделін сақтап қалуға» және «кез келген жағдайда бейбітшілікке» үндейтіндердің үні. Олар бір бөлек. «Ресейдің жеңіске жетуіне жол бермеу, бірақ онымен келісу» дейтіндердің дауыстары үшінші позиция.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар