Жалпы соғыста: «Жақсы жау – өлген жау» дейтін мәтел бар. Біздің сайт осы жолы Путин мен Зелинскийге жасалған һәм жасалмақшы болған қастандықтарға қатысты кейбір деректерді ұсынбақшы.
(Сурет: golosameriki.com)
«БЛИНКЕН МЕН БАЙДЕН ПУТИНДІ ӨЛТІРМЕК БОЛДЫ»
Бәленің басы журналист Такер Карлсон дейтін америкалық журналисттің мәлімдемесінен басталды. Ол: «АҚШ-тың бұрынғы президенті Жо Байденнің әкімшілігі Ресей көшбасшысы Владимир Путинді өлтіруге тырысты», - деп мәлімдеді.
Карлсон: «Тони Блинкен Путинді өлтіруге тырысты, соғысты өрістетті. Осылайша Байден әкімшілігі Путиннің көзін біржола жоюға тырысты», - деп айыптады. Оның айтуынша, Байден әкімшілігі бұндай саяси хаосты өз мақсаттарына жету үшін «қорғаныс экраны» ретінде қарастырған екен-мыс. Карлсон мұндай әрекеттердің қашан және қайда болуы мүмкін екендігі туралы, сондай-ақ олардың қалай жоспарланғаны туралы нақты дәлелдер немесе егжей-тегжейлі мәліметтер берген жоқ. Ол мұндай әрекеттерді «ақылсыздық» деп атады және мұндай қадамдар АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігінің стратегиясының бір бөлігі болғанына сенімді екенін ашық білдірді.
2022 жыл: «Путинге қастандық жасалмақ болды» деген сыпсың сөз Батыстағы БАҚ-та бірінші рет көрініс беріп отырған жоқ. 2022-жылы «The Sun» басылымы: «Путинге қастандық жасалған», - деп жазды.
Ол кезде басылым: «Путин мінген кортеждің жолында жарылыс болды. Бұл Путинге жасалған қастандық еді», - деп жазған. Ол жолы Кремльдің баспасөз хатшысы Песков бұл ақпаратты жоққа шығарған.
2024 жыл: Былтыр тамыз айында да «Ресейбасы Путинге Ресейдің Бас әскери-теңіз парады кезінде қастандық жасалуы мүмкін» деген ақпарат шықты. Ол кезде Ресейдің Сыртқы істер министрлігі сөзге араласып, бұл әңгімені жоққа шығарған. «Путиннің қауіпсіздігі тиісті деңгейде қорғалған», - деген ол кезде.
Сөзбасына оралайық: Карлсон АҚШ-тың саяси-әскери басшылығының Путиннің көзін жою әрекетінін дәлелдейтін ешбір фактіні атап көрсеткен жоқ. Карлсонның бәлду-бәдігі «атың шықпаса жер өртеге» дегеннің әрі-берісі болып қалды. Десе де, осы ретте Зелинскийге жасалынған 5 қастандықтың белгілі екенін айта кетейік. Әлемдік БАҚ осыған дейін Ресей тарапынан жасалған 5 қастандықты жіпке тізіп жазған болатын.
ЗЕЛЕНСКИЙГЕ 5 РЕТ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАЛҒАН
Былтыр наурызда Украина Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Алексей Данилов сұхбат беріп, президент Зеленскийді өлтіру операциялары туралыайтқан.
Даниловтың сөзінше, Ресей Зеленскийдің көзін жоюға ең кемі 5 рет әрекеттенген. Данилов мырза соғыстың басында Зеленскийді өлтіру тапсырмасы берілген, бірақ «толығымен жойылған» шешен содырларының бөлімшесі туралы ашық айтқан. Зеленскийдің көзін жою үшін Киевке Қадыров жасақтары мен Ресейдің элиталық арнайы жасақтары жіберілген.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?
Украина президенті Зеленский де Ресей тарапынан ондай әрекеттердің бірнеше мәрте болғандығын айтып: «Ресейліктердің мені өлтіруге тырысқан әрекеттерінің бәрін де саусақпен санай да алмаймын», - деген.
«Бірінші оқиға өте қызық болды. Барлаудағы адамдар қолдарына тиген деректерді алып, алғашқыда абдырап қалған. Бұл алғашқыда «Covid» сияқты өте қорқынышты көрінеді. Содан кейін бәріне ет үйреніп кетеді. Бұндай ақпараттарды жай ғана барлау мәліметтері ғана деп қабылдайсың. Біздің барлау қызметі осыдан кейін бірнеше кезек Ресейден мені өлтіруге арнайы топтардың келгенін хабарлап отырды. Бірақ, оның барлығы қызық болмай қалды», - дейді Зеленский.
АЛҒАШҚЫ ҚАСТАНДЫҚ: «МАҒАН ТАКСИ ЕМЕС, ҚАРУ КЕРЕК!»
Украиналық БАҚ соғыстың алғашқы аптасында (Ресей Киевке келіп жеткенде) Зеленскийге кемі оншақты рет қастандық жасалғанын жазады.
Біріншісі – соғыс басталғаннан кейінгі бір тәулік ішінде, яғни, 24 ақпанда жасалған. Сол кезде Киевке Зеленскийді жою үшін тұтастай ресейлік арнайы жасақ (десантшылар) кірген. Президент кеңсесінде ұрыс болған. Президенттің күзет қызметі бұл шабуылға тойтарыс берген. Ал Зеленский мен оның ең жақын көмекшілеріне қару-жарақ пен броньды кеудешелер берілген.
Зеленскийдің әлемге әйдік болған сөзі сол кезде айтылған. Қастандық жасалған күні британдық және америкалық шенділер, соның ішінде АҚШ президенті Жо Байден Киевтің құлауы мүмкін екенін ескертіп, Зеленскийді Украинадан аман алып шығуды ұсынған. Бірақ Зеленский бұған: «Маған такси емес, қару керек», - деп жауап берген.
ҚАДЫРОВШЫЛАРДЫҢ ҚАСТАНДЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІ
Зеленскийдің көзін жоюға әрекеттенгендердің бір тобы – Қадыров жасақтары. Соғыстың алғашқы апталарында Зеленскийді өлтіруге тапсырла алған «қадыровшылар» жасағы Киевке жіберілген. Зеленскийді өлтіру туралы бұйрықты оларға Шешенбасы Рамзан Қадыров берген. Қадыров өз кезегінде нұсқауды тікелей Владимир Путиннен алғанын айтқан.
Кейін Гостомельде Украина әскері Қадыров жасақтары орналасқан 2 орынға шабуыл жасап, нәтижесінде Кадыровқа жақын адам делінетін Ресей гвардиясының 141 мото-полкінің командирі Магомед Тушаев қаза тапқан.
«ВАГНЕРЛІКТЕРДІҢ» ҚАСТАНДЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІ
Ресейдің арнайы жасағы мен Қадыров жасақтарынан өзге Зеленскийдің көзін жою тапсырмасын Ресей Сыртқы барлауы мен «Вагнер» ЖӘК жендеттеріде орындауға тырысқан. Ресей ҚК Бас штабының Бас барлау басқармасы арнайы операция ұйымдастырған. Ресей Зеленскийдің көзін жою арқылы соғысты жылдам жеңуді көздеген.
Жоспарлаушы – Ресей ҚК Бас штабының Бас барлау басқармасы. Орындаушы – «Вагнер» ЖӘК жендеттері деп бекітілген. Жоспар бойынша Ресей арнай жасағы Киевке кірген кезде «Вагнер» жендеттері Зеленскийдің көзін жою операциясын жүзеге асыруы, сол арқылы мемлекетте хаос тудыруы керек болған.
«Вагнерліктерге» бұл үшін қомақты сыйақы уәде етілген. Сол үшін де олар Африкадан 5 апта бұрын ұшып келіп, арнайы дайықтыққа кіріскен. Киевке кіргізілген жалдамалы жендеттер саны 400-ге жуықтайды (вагнерліктер).
«Bellingcat» зерттеушілері: «Ресейліктер әлдебір жерден жүрістерінен жаңылып, Украинада айлап жасырынуға мәжбүр болған», - деп жазады. Бұған себеп – Украина барлауы ресейлік диверсанддардың бір бөлігін әшекерелеген. Бірақ, оларды толық жойып жібере алмаған. Қашып құтылған ресейліктер тылға оралып, Украинаға қарсы соғысқа қашықтан қатысып отырған. Бірақ басталған жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін олардың Украинаға дәміл-дәміл аттандырып отырған.
БУДАНОВ НЕ ДЕЙДІ?
Украина барлауының басшысыКирил Буданов: «Зеленскийге жасалған барлық қастандықтардың сәтсіз болған себебі – Путин режимінің барлық жердегі арнаулы қызметтері үрген шар сияқты қауқарсыз, дәрменсіз күйде қалып отыр. Олар бірнеше рет нақты операцияларды дайындады: барын сала мұқият дайындалды, алдын ала тиісті дайындық шараларын жүргізді. Ақыр соңында, Украина қызметтері барлығының алдын ала білгендіктен еш нәтиже шығара алмады»,- дейді.
ҚОС ҚАСТАНДЫҚ: ТҰМСЫҒЫ ТАСҚА СОҒЫЛҒАН РЕСЕЙ БАРЛАУЫ
2023 жыл: Зеленскийге қарсы тағы бір қастандық 2023 жылдың тамыз айында дайындалған. Ол кезде ресейліктер Зеленскийдің Николаевқа жасаған сапарының бірінде көзін жойғысы келді.
2024 жыл: Зеленскийдің көзін жоюға бағытталған ақырғы қастандықтардың бірі 2024 жылдың 6 наурызында жасалған. Зеленский Грекия премьері Кириакос Мицотакис бастаған делегациямен кездесуге келген күні Одессаға баллистикалық зымырандармен соққы жасалды. Украинаның бағына орай, тағы да ресейлік диверсияның тұмсығы тасқа соғылды.
Mezgil.kz