Қазақстанда қазіргі таңда 2,5 мыннан астам басқарушы қызметкер бар. Олардың арасында тәжірибесі толыспаған, еңбек жолын енді бастаған жас мамандар да жеткілікті. Ел басқаратын әкімдердің жан-жақты дайындығы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өтті.
(Сурет: Спикердің жеке мұрағатынан)
«Әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі және «заң мен тәртіп» қағидаты жөнінде осы салада зерттеу жүргізіп жүрген заң ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық құрылтайдың және Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Қазыбек Дауталиевпен сұхбаттасқан едік.
- Қазіргі уақытта ауыл әкімдерінің құзыретін арттыру және оларды даярлау мәселесі туралы не айта аласыз?
- Қазіргі кездегі ауыл әкімдері мен басқа да басшыларды кешенді дайындықтан өткізу – өте өзекті мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшылардың жан-жақты даярлығы жайында айтты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2022 жылдың шілде айынан бастап, ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта 2465 ауылдық округтың 90%-ы сайланған, халықпен тікелей сайлау өтті. Бірақ осы уақыт ішінде кейбір түйткілдер туындады. Олардың бірі - сайланған әкімдердің өздері үміткер болып, жеңіске жеткеннен кейін қызметтен бас тартуы. Әкімдер халықпен жұмыс істеу және бюрократиялық рәсімдерді меңгеру қажеттігін түсінсе де, көбінің мемлекеттік қызметте тәжірибесі болмағандықтан, кейбіреулері оған үйренісе алмайды, жұмысын алып кете алмай жатады. Сондықтан, Президентіміздің айтқандай, «Әкімдер мектебі» сияқты арнайы дайындық бағдарламаларын енгізу, олардың кәсіби деңгейін арттыру аса маңызды. Бұл әкімдердің елді басқару дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
- Яғни, әкімдердің өз қызметіне толық дайын болмауы басты мәселе боп тұр ғой? Жалпы ауыл әкімдерін сайлау жүйесінде қандай қиындықтар байқалды?
- Әкімдер сайлауының алғашқы кезеңдері, әсіресе ауыл әкімдерін сайлау, үлкен жаңалық болды. Бірақ бұл жерде белгілі бір қиындықтар да орын алып отыр. Мысалы, әкімдер сайланып, бағдарламаларын ұсынғанымен, көп жағдайда жеңіске жеткен соң қызметтерінен бас тартады. Бұл қызметтің өте ауыр екенін, биліктің атқарушы функцияларын орындаудың қиын екенін түсінген соң болып отыр. Әкімдер сайлауында бұрын өзін-өзі ұсынушылар көп болатын, бірақ соңғы жылдары партиялар тарапынан ұсынылған кандидаттар жеңіске жетіп жатыр. Бұл өзін-өзі ұсыну арқылы қатысқан адамдар қатарының азаюына әкелді. Осы мәселеге байланысты АҚШ тәжірибесіне назар аударуға болады. Олар жергілікті деңгейде, яғни муниципалитеттерде саяси партияларды сайлауға қатыстырмайды. АҚШ-тағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бізге үлгі боларлықтай. Бұл жерде азаматтар бір-бірін жақсы біледі, сол себепті партиялардың сайлауға қатысуы қажет емес деп есептеймін. Әкімдер сайлауы жергілікті тұрғындардың өздерінің таңдауымен болуы керек.
- Сайлау жүйесіндегі партиялардың рөлі туралы тарқатып айтсаңыз?
- Әкімдер сайлауына партиялардың қатысуы соңғы жылдары айтарлықтай көбейді. Бірақ қазіргі кезде бұл мәселеге қайта қарау керек сияқты. Себебі, бастапқыда өзін-өзі ұсынушылардың саны көп болғанымен, соңғы жылдары партиялар тарапынан ұсынылған кандидаттар айтарлықтай жеңіске жетіп жатыр. Осыған байланысты партиялардың сайлауға қатысуы ауыл әкімдерінің сайлауында демократиялық принциптерге сәйкес келмейтіндей көрінеді. Менің ойымша, ауыл әкімдерін сайлауда азаматтардың өзін-өзі ұсынғаны дұрыс болар еді. Американдық тәжірибеде, муниципалитет деңгейінде партиялар сайлауға қатыспайды, бұл елдегі демократиялық тәртіптің бір бөлігі. Тағы да айтам, бұл ауылдық жерлерде адамдардың бір-бірін жақсы танитындығымен байланысты, сондықтан халықтың өз таңдауы бойынша шешім қабылдауы маңызды. Егер партиялар сайлауға қатысса, онда олар қаржылық және ресурстық мүмкіндіктерінің арқасында жеңіске жетеді, ал өзін-өзі ұсынған азаматтардың осындай мүмкіндігі болмайды.
- Әкімдерге қойылатын талаптар мен білім деңгейі туралы не айта аласыз?
- Әкімдерге қойылатын талаптар өте жоғары болуы керек. Өйткені олар халықпен жұмыс істейтін, бюджеттік мәселелерді шешетін, шешім қабылдайтын, және басқару жүйесін дұрыс жүргізетін адамдар. Қазіргі таңда әкімдерге жоғары білім, кәсіби дайындық талап етілуі қажет. Президентіміздің айтқандай, егер біз «Әкімдер мектебі» бағдарламасын іске қосып, онда дайындықтан өткен әкімдерге ғана әкімдік қызметке кандидат ретінде тіркелуге мүмкіндік берсек, бұл өте дұрыс болар еді. Әкімдер мектептерінде мемлекеттік басқарудың барлық қырларын, халықпен жұмыс істеу дағдыларын, бюджеттік өтінімдерді қалай толтыру керектігін үйрету қажет. Сол кезде ғана әкімдер өз міндеттерін тиімді атқара алады. Әкімдерге білім деңгейі мен тәжірибе талаптарын қою керек, себебі олар бюджетті басқару, халықтың қажеттіліктерін ескеру сияқты маңызды мәселелермен айналысады.
- Әкімдер мен жергілікті қызметкерлердің үйлесімді жұмысына қатысты пікіріңіз қандай?
- Әкімдер мен жергілікті қызметкерлердің арасындағы үйлесімділік өзекті тақырып. Қазіргі уақытта ауыл әкімдері тек өз аппаратындағы 2-3 қызметкермен ғана аппараттық жиындарға қатысады. Бұл жеткіліксіз, себебі ауылда көп түрлі мәселелер бар, оларды шешу үшін әкімдер мен басқа да қызметкерлер арасында тығыз байланыс болуы тиіс. Мысалы, учаскелік полиция, мектеп директоры, фельдшерлік-амбулаторлық пункттердің жетекшілері, электр мамандары және басқа да қызмет көрсетушілердің басшылары жиындарға қатыспайды. Мұның бәрі ауылдағы мәселелерді кешенді түрде шешуге кедергі келтіреді. Проблеманы шешу үшін әкімдерде үйлестіру функциясы болуы керек. Оларға басқа қызметтермен өзара әрекеттесу құқығы берілуі тиіс. Мысалы, әкімдер әртүрлі сала мамандарымен жиын өткізіп, мәселелерді шешу үшін нақты жол картасын жасап, әрбір ұйымға өз тапсырмасын беруі қажет. Бұл жүйе әкімдердің тиімді жұмыс істеуіне көмектеседі.
- Нақты алсақ, учаскелік инспекторлар мен әкімдердің үйлесімді жұмысы туралы жиі айтылады. Осы мәселені талдап берсеңіз?
- Учаскелік инспекторлардың жұмысы өте маңызды. Қазіргі кезде ауылдарда учаскелік инспекторлар өте жиі ауысып тұрады, бұл жергілікті тұрғындармен танысуға және қоғамдағы проблемаларды тиімді шешуге қиындықтар тудырады. Учаскелік инспекторлар ауылда кемінде үш жыл қызмет етуі керек деп есептеймін, себебі олар халықтың психологиясын, тұрмыстық жағдайын білуі тиіс. Тек қана заңды бұзушыларды жазалау емес, заңды бұзбауға үйрету, профилактикалық шаралар жүргізу де маңызды. Учаскелік инспектор мен әкім тығыз байланыста болуы керек, себебі әкімдер жергілікті мәселелерді шешуге көмектесе алады, ал учаскелік инспекторлар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жауапты. Бұл екі қызметкердің жұмысын үйлестіру өте қажет.
- Құқықтық тәртіптің сақталуы бізде қандай деңгейде?
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы заң мен тәртіпті қамтамасыз ету үшін «мүлдем төзбеушілік» қағидасын ұстану керектігін айтты. Бірақ бұл мәселеде тек айыппұлдар мен жазаларға ғана сүйену дұрыс емес. Құқықтық тәртіпті сақтау үшін алдын алу шаралары маңызды. Әрбір құқық бұзушылықты алдын алу арқылы болдырмауға болады. Құқықтық тәртіптің сақталуы үшін тек жазалау емес, түсіндіру жұмыстары да маңызды. Азаматтарға заңның мәні мен тәртібі түсіндірілуі тиіс. Бұл құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды бөлігі. Сонымен қатар, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін әкімшілік құқық бұзушылықтарды көбейту керек. Бұл адамдардың тәртіпке бейімделуіне әсер етеді және қылмыс деңгейін төмендетеді.
- Сіздің ойыңызша, Қазақстанда құқықтық мәдениетті дамыту үшін қандай басты қадамдар қажет? Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы не айтар едіңіз?
- Әкімшілік құқық бұзушылықтардың көбейюі қылмыстардың азаюына әкеледі деп санаймын. Бұл құбылыс әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Әкімшілік құқық бұзушылықтар арқылы адамдарды жөнге, тәртіп сақтауға шақыруға болады. Яғни, ол қылмысқа жол бермей, алдын алу шараларын жүзеге асырады. Ал айыппұлдар тек соңғы шара болуы тиіс. Әкімшілік құқық бұзушылықтар көбейген сайын, қылмыстардың деңгейі төмендейді, себебі халықтың құқықтық мәдениеті жоғарылайды.
- Еліміздегі саяси реформалар туралы не ойлайсыз?
- Қазақстанда саяси реформалар халықтың мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуын арттыруға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жастар, әйелдер және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін квота енгізілді. Бұл қадам елдегі саяси мәдениетті дамытуға және қоғамды жаңғыртуға бағытталған. Саяси реформалар арқылы азаматтар мен мемлекеттік аппарат арасындағы байланысты нығайтуға болады. Азаматтардың белсенділігі, ашық пікірталастар мен конструктивті диалог біздің құқықтық мәдениетімізді қалыптастырып, елімізде демократияны дамытуға көмектеседі.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!
Автор: Меруерт Райым
Mezgil.kz