Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Вашингтонға ресми сапармен келді. Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамп инаугурациядан кейін ресми қабылдаған алғашқы шетел басшысы саналады. Екі ел басшылары 4-ақпан күні кездесу өткізбек. Инсайдерлік тың ақпараттар жариялауымен белгілі болған Axios басылымы кездесу барысында Нетаньяхудың «ХАМАС-қа қарсы ұрыс қимылдарын жалғастыру ұсынысын айтуы мүмкін» екенін жазды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сапар алдында өзінің Х(Туиттер) парақшасында былай деп жазды: «Мен қазір президент Трамппен кездесу үшін өте маңызды сапарға аттанып барамын. Инаугурациясынан кейін ең алғашқы кездесуі бізбен өтуі Израиль мемлекеті үшін үлкен маңызға ие. Біз аса маңызды сұрақтарды талқылайтын боламыз. Ол ХАМАС-ты түбегейлі жою, тұтқындарды қайтару және Иранның зұлымдық осіне қарсы әрекеттер жайлы болады», - дейді.
Израильдің Channel 12 телеарнасы Axios басылымы жазған ақпараттарды растағандай болды. Телеарна жаңалықтарында Израильдің келісімді сақтауға ниетті екенін айта отырып, Трамппен кездесу барысында өзге позицияның да көтерілетінін айтты. Телеарна «Тель-Авивтің Газада ХАМАС-ты жойып, өзінің оңтүстік шекарасын қауіпсіздендіру үшін ұрыс қимылдарын жандандыруы мүмкін» екенін жеткізген.
Axios басылымының жазуынша келісімнің екінші кезеңіне өтпей, ХАМАС пен Израильдің ұрыс қимылдарын бастау әрекеті Газада тағы бір жылға созылатын соғысқа әкелуі ықтимал. Израильдің өкілдері 3-ақпан күні Дохаға аттанып, келісімнің екінші кезеңіне өту талаптарын талқылауы тиіс еді. Алайда Израиль премьері Трамппен кездесу аяқталғанша өз өкілдерін Дохаға жібермеген.
Channel 12 телеарнасының жазуынша Нетаньяху Трамппен кездесуден кейін, келісімге қатысты өз көзқарасын министрлер кабинетіне мәлімдейді. 3-ақпан күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен АҚШ-тың арнайы өкілі Стивен Уиткофф арасында кездесу өтеді. Бұл Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысты тоқтатуға арналған келіссөзге тікелей қатысы бар кездесу болмақ.
ХАМАС пен Израиль арасындағы келісім үш кезеңнен тұрады. Келісімнің бірінші кезеңі 42 күнді құрайды. Келісімнің 16-шы күні тараптар кездесіп, келісімнің екінші кезеңін талқылауы тиіс еді. Келісімнің бірінші кезеңінде ХАМАС 33 тұтқынды босатуы тиіс, ал Израиль 2 мыңға жуық палестиндікті түрмеден шығармақ.
Mezgil.kz