«Мұрының бар да бір сіңбір» деген сөз қазір АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда соғысына қаратыла айтылғандай.
(Сурет: nytimes.com)
Соғыстың да соғысы бар. Соның ішінде қансыз соғыс деп аталатын сауда соғысының жөні бөлек. Өйткені, әр мемлекет өзінің ішкі нарығын сырттан келетін тауарлармен бәсекелестікте жанын сала қорғайды. Осы қорғаудың ақыры сауда соғысына әкеліп соғады. АҚШ өзінің екі көршісі және мұхиттың ар жағында жатқан Қытай тауарларының алдында қауқарсыз болып қалғаны жасырын емес.
АЛҒАШҚЫ ҮШТІК: МЕКСИКА, КАНАДА МЕН ҚЫТАЙ...
Енді АҚШ-тың сауда серіктестігіндегі алғашқы үштікке көз салайық. Бұл көшті Мексика (15,4%) бастап, Канада (13,8%) қостап, Қытай (11,3%) тұйықтайды. Сол себепті Трамп бірінші кезекте осыларға тырнағын батырып отыр. Ал ТМД елдері ішіндегі экономикасы қуатты Ресей АҚШ-тың ең ірі 15 сауда серіктестері қатарына кірмейді.
Бірақ Трамптың Канада, Қытай және Мексикаға ашқан сауда соғысы Ресейдегі көбікауыз БАҚ үшін таптырмас тақырып болып, біздің отандастарымыздың санасын ресейлік насихатпен улап үлгерді.
АҚШ президенті Дональд Трамп жаһандық жеткізу тізбегін өзгертуі тиіс сауда соғысын бастай отырып, өзінің баж салығын енгізу туралы сөзін орындай бастады. Канада мен Мексика үшін тарифтер 25%, Қытай үшін - 10% құрайды. Канаданың энергия тасымалдаушылары үшін баж салығы осы елдің басқа тауарларына қарағанда 10% төмен болады. Бұл Трамптың жоспары.
(Сурет: nytimes.com)
АҚШ-КАНАДА:
«Американдық сыра, шарап, азық-түлік және тұрмыстық техника канадалық баж салығына жататын көптеген тауарлардың қатарында болады», - деді Канада премьер-министрі Жастин Трюдо. Ол канадалықтарды жергілікті өнімді сатып алуға және АҚШ-қа демалысқа бармауға шақырды.
Трюдо өз сөзінде Канаданың АҚШ-пен серіктестігінің ұзақ тарихына сілтеме жасады. Екінші дүниежүзілік соғысты, Корей соғысын және таяуда Ауғанстандағы соғысты еске ала отырып: «Біз сіздермен бірге соғысып, бірге қаза көрдік. Біз бірлесе отырып әлем бұрын-соңды көрген ең табысты экономикалық және әскери серіктестікті құрдық», - деп мәлімдеп, Трампты Канадамен ортақ мәселелерді, соның ішінде «фентанил дағдарысын» шешуде ынтымақтасуға шақырды.
ТРАМП ПЕН ТРЮТО НЕ КЕЛІСТІ?
Кейін АҚШ президенті Трамп пен Канада премьері Трюдо телефон арқылы сөйлесіп, екіарадағы бірқатар мәселелер бойынша уақытша шешім тапқандай болды. Осыдан соң АҚШ-тың Канадаға салған баж салығы туралы шешімі 30 күнге шегерілгені белгілі болды.
Бұдан бөлек Канада премьері Трюдо шекараға қатысты 1,3 млрд долларлық жоспарын жүзеге асыратынын, шекараға жаңа тікұшақтар мен техникалар жұмылдыратынын, шекаралық қызметшілер санын өсіретінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Канада фентолин есіркісінің жолын кесу үшін АҚШ тарабымен әріптестікті күшейтіп, шекарадағы қызметкерлердің санын 10 мың адамға дейін жеткізетінін айтты.
Ал АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рубио: «Вашингтон Канаданы өзіне қосу туралы ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Біз әрдайым жақсы көрші болып қаламыз», - деді.
(Сурет: newsweek.com)
АҚШ-ҚЫТАЙ
Бейжің Вашингтонның ірі сауда серіктестерінің қатарында үшінші орында тұрғанын жоғарыда айттық. Қытай АҚШ-пен сауда соғысын Трамптың тарифтер туралы шешімінен кейін бастап, өз тарапынан Google, американдық LNG, мұнай, көмір және ауылшаруашылық техникалары қарсы шараларды қолға алды.
Қытайдан келетін тауарлардың едәуір бөлігіне қазірдің өзінде 10% немесе 25% баж салығы салынады. АҚШ-қа қытайлық экспорттың көлемі $400 млрд-тан асады, оның үстіне Бейжің шетелден жеткізгеннен едәуір аз тауар сатып алады.
ҚЫТАЙДЫҢ ЖАУАБЫ
Қытайдың Қаржы министрлігі: «Қытайдың мұнай мен ауыл шаруашылығы техникасының импортына 10 пайыздық баж салығын және АҚШ-тан импортталатын көмір мен сұйытылған табиғи газға (СТГ) 15 пайыздық баж салығын енгізді», - деп хабарлады.
Бейжің құрамында вольфрам, теллур, рутений, молибден бар материалдарға экспорттық бақылауды енгізді, сондай-ақ PVH (Calvin Klein) және Illumina сынды бірнеше компанияны сенімсіздер тізіміне қосты.
Сонымен қатар, Google компаниясына қатысты монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы бойынша тергеу басталды.
Бейжің АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытай өнімдеріне 10 пайыздық баж салығын енгізу туралы шешімі күшіне енгеннен кейін қарсы шаралар туралы жариялады.
(Сурет: cnn.com)
АҚШ-МЕКСИКА
«Мексика сондай-ақ фентанилмен байланысты қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік және дағдарысты шешу сияқты тақырыптар бойынша АҚШ-пен ынтымақтастыққа шақыра отырып, тарифтік емес шараларды қолданады», - деп мәлімдеді ел билігі.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум әлі толық ақпарат бермегенімен, тарифтік және тарифтік емес шараларды енгізуге уәде берді. Күтілгендей, шаралар американдық тауарларға 25% мөлшерінде жауап бажын қамтитын болады.
Шейнбаум сондай-ақ Трамптың: «Мексика үкіметі есірткі картельдерімен «бір одақта» тұр», - деген сөзін «Мексикаға жала жабатын» деп мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, Трамптың тарифтері бір тоқсан бойы күшінде болса, мексикалық экономика «күрделі рецессияға» ұшырауы мүмкін. Егер тарифтер бірнеше айға созылса, мексикалық песоның құнсыздануы рекордтық деңгейге жетуі мүмкін. Бұдан басқа, АҚШ тарифтері Мексикаға жаңа тікелей шетелдік инвестицияларды тоқтатуы мүмкін.
БИЛІКТІ НЫҒАЙТУ, КӨРШІНІҢ ДІҢКЕСІН ҚҰРТУ
Сарапшылардың пікірінше: «Трамп сауда соғысын қысым көрсету және бағынышты ету құралы ретінде пайдаланады. Әзірге көршілерінде жуан жұдырығының құдіретін сынап көреді. Бірақ жақын болашақта басқаларға қарсы тап осы айла-тәсілін қолдануы мүмкін», - дейді.
Трамптың сауда соғысына қатысты: «Тарифтік соғыстар Трампқа сыртқы саясатта ғана емес, ел ішінде де көмектеседі. Күшті көшбасшының бейнесі оның беделін көтереді және америкалықтарды тізе қоса отырып, ортақ сыртқы қарсыласпен күреске жұмылдыруға мүмкіндік береді», - дейді саясаттанушылар.
Түйін: Соңғы рет АҚШ сауда соғысымен осыдан 100 жыл бұрын айналысты. 1930 жылы Конгресс бүкіл әлеммен сауда соғысын бастады. Ұлы депрессия ұзаққа созылды. Одан кейін Екінші дүниежүзілік соғыс орын алып, АҚШ-тың «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған дәуір орнады.
Сарапшылар: «Енді Трамп тарихқа жаңа сауда соғысын бастап кіруге ынталылық танытуда. Сауда соғысына қатысушы елдердiң ұстанған экономикалық саясатындағы әлемдiк сауданың бет-бейнесін еш болжап білуге болмайды. АҚШ бұдан тек ұтады», - деп болжайды. Өйткені, доллардың құдіреті бір оқ шығамай кез келген елдің экономикасының бел омыртқасын үзе алады.
Mezgil.kz