Тараптар келіссөзге дайын: Путин мен Зеленскийдің «айтысында» кім жеңді?

Кеше британ журналисі Пирс Морганға сұхбат берген Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Путинмен жүзбе-жүз жолығып, келіссөз өткізуге кетәрі емес екенін айтқан.

1738759806767715.jpg

ЗЕЛЕНСКИЙ: ПУТИНМЕН БЕТПЕ-БЕТ ЖОЛЫҒУҒА ДАЙЫНМЫН!

Президент Зеленский: «Егер бұл бейбітшілікке қол жеткізудің, соғысты тоқтатудың, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болса, сөзсіз, мен Путинмен жүзбе-жүз келіссөз өткізуге дайынмын! Мен оған жылы емеспін. Оны жауым деп есептеймін. Ол да мені жау санайды. Бірақ, бұл мәселеде менің оған көзқарасымның қалай екендігі маңызды емес», - дейді.

РЕСЕЙ: ЗЕЛЕНСКИЙМЕН КЕЛІССӨЗГЕ ДАЙЫНБЫЗ!

Ресей атынан бұл жолы РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сөйлеп: «Владимир Зеленский іс жүзінде легитимді президент емес. Соған қарамастан, Ресей Зеленскиймен келіссөз жүргізуге дайын. Зеленскийдің президенттігінің заңдылығы жағынан бірсыпыра мәселе бар. Оны біздің президентіміз Владимир Путин де бірнеше мәрте айтты. Солай болса да, біз келіссөздерге ашықпыз», - деді Песков.

«Зеленский заңсыз президент» дегенді әуелі Ресейбасы Путин айтқан. Сөзбе-сөз: «Украина атыцнан келіссөзді кез келген шенеунік жүргізе алады. Ал қорытынды келіссөзге кім қол қояды? Сол сұрақ! Зеленский Украинаның легитимді президенті емес. Оның өкілеттігінің мерзімі өткен. Бұл жағынан келіссөздерге Украина атынан Жоғарғы Раданың спикері қол қоя алады. Бұл Украина Конституциясына сай болады», - деген Путин.

ПУТИН МЕН ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ АЙТЫСЫ: КІМ ЖЕҢДІ?

Айта кетейік: 2022 жылдың қазанында Украина президенті Зеленский Украина ҰҚҚ шешімін заңдастырып, «Владимир Путинмен келіссөз өткізуге тыйым салу» туралы Жарлыққа қол қойған.

Мұны Ресейбасы Путин де бірнеше мәрте тілге тиек етіп: «Зеленский келіссөз қаласа, алдымен өз қол қойған Жарлықтың күшін жоюы тиіс», - деп мәлімдеген.

Ал Украина лидері Зеленский: «Ресеймен, Ресей президентімен қандай да бір келіссөз жүргізу туралы Жарлық шығаруымыздың өз себебі бар. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Ресей агентурасы, Кремль Украинадағы түрлі шенді-шекпенділермен астыртын кездесулер өткізіп, ел ішінде дүрбелең тудыруға әрекеттенді», - деген.

Онан соң Путин тағы сөйлеп: «Егер Зеленский Ресеймен бейбіт келіссөздер жүргізгісі келсе, әуелі президенттік сайлау өткізіп, соны жеңіп келуі керек. сонда ғана оның президенттігі заңды болмақ», - деді.

Бұған Зеленский кеше жауып беріп: «Ресей соғысты тоқтатуға мүдделі емес. Кремльге өз дегенімен жүретін қуыршақ керек. Сол үшін де мені алып тастауға тырысуда. Менің легитимділігім туралы айтсақ, мені Украинаның 73% халқы сайлады. Мен кез келген сайлауға әзірмін. Бірақ, соғыс кезінде сайлау өткізілмейді», - деп кесіп айтты.  

СОҒЫС: ҚОС ТАРАПТЫҢ ӘСКЕР ШЫҒЫНЫ ҚАНША?

Тақырыпқа тұздық: Зеленский британ журналисі Пирс Морганға берген сұхбатында тағы не деді? Қысқаша тезистер ұсынамыз...

АҚШ көмегі туралы: «Әскери көмек өте-мөте маңызды. Егер АҚШ көмегі тоқтайтын болса, бұл Еуропа лидерлеріне ықпал етіп, коалицияға соққы болады. АҚШ көмегі тоқтайтын болса, Еуропа көмегінен де айырылып қалу қаупі бар. Бұл дегеніңіз 35-35 пайыз ғана көмек емес. Біз кемі 60 пайыз әскери көмектен айырылуымыз мүмкін. Бұның ақыры – Украина территориясынан айырылып, Путин жеңіске жетеді деген сөз», - деді.

Оккупацияланған жерлер туралы: «Дәл қазір біз Ресей оккупациялап алған территорияларды күшпен қайтара алмаймыз. Біз бұл мәселеге адекватты қараймыз және миллиондарды құрбан етуге де мақұл емеспіз! Бірақ, ол жерлерді Ресейдікі деп ешқашан мойындамаймыз», - деді.

Соғыстағы қос тараптың шығыны туралы: «Украинаның соғыстағы шығыны: 45 100 сарбаз қаза тапты. 390 мыңы жараланды. Ресейдің соғыстағы шығыны: 300-350 мың қаза тапты. 60-70 мыңы жоғалғандар. 600-700 мыңы жараланғандар», - деді.

Ядролық қару туралы: «Егер Украинаның НАТО-ға қосылуы ұзаққа созылатын болса, бізге ядролық қару мен зымырандарды Ресейді тоқтата алатындай мөлшерде беріңіздер», - деді.

НАТО-ға мүшелік туралы: «Егер Украина НАТО-ға қосылмайтын болса, Ресей біздің барлық территориямызды қайтарсын! Ресей бізді алянсқа қоспау үшін соғыс бастады ғой», - деді. 

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар