Кеше «ҚазТАГ» агенттігі ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдесіне сүйене отырып: «АҚШ мемлекеттік басқару тиімділігі департаментінің (DOGE) басшысы, кәсіпкер Илон Маск Қазақстанға мемлекеттік бюджетті оңтайландыруда көмек көрсетуді ұсынды», - деп жазды.
(Суреттер: dknews.kz және primeminister.kz сайттарынан алынды)
Министр Жұманғарин бейсенбі күні Сенат отырысында: «Жасырмаймын, маған Илон Маск мырза Трамп әкімшілігінде жүргізіп жатқан жұмысты жүргізу идеясымен шықты. Онда оның оңтайландыру департаменті бар. Ол өз қызметін ұсынды, өзінің идеясы бар екенін айтты. Мен оны Қазақстанға шақырдым: «Егер қысқартуға болатын нәрселерді көрсететін болсаңыз, келіңіз, бірге жұмыс жасайық, жұмыс тобын құрайық», - дедім. Бірақ әлеуметтік бюджетті қысқарту өте қиын. Әлеуметтік бюджет - бұл көп балалы аналар, балалар, қарттар, зейнеткерлер. Біз әлеуметтік мемлекетпіз. Мен бюджеттің басқа түрлерін көру керектігін айттым. Егер ол ақылға қонымды болып, қарапайым адамға салмақ түсірмесе, біз қысқартуға еш қарсы емеспіз», - деген екен.
Жұманғарин мырза Ұлттық экономика министрі ғана емес, Премьер-министр орынбасары. Оның айтуынша, жаңа салық кодексінде ірі бизнес үшін де жеңілдіктер айтарлықтай қысқарады.
Жұманғарин одан әрі өз сөзіне: «Бізде 650 түрлі жеңілдіктер бар. Қазір жұмыс істеп жатқан бұл жобада 128 жоба қамтылған. Біз қазір тиімсізін іздестіреміз және керексізін жеңілдіктер тізімінен алып тастаймыз», - дегенді қосты.
Журналистер ұлттық экономика министрінен Үкімет өз шығындарын қалай үнемдеп, қысқартатынын сұрады. Оған Жұманғарин 2025 жылдың бюджеті бастапқыда 32 трлн. болса, ал қазір 25,7 трлн-ға қысқарғанын алға тартты.
Ескерту: Кейінірек министрдің баспасөз қызметі БАҚ материалдарында қате кеткендігін түсіндірді. Ол бойынша: Илон Маск Жұманғаринмен байланыспаған. Министрге тек Трамп әкімшілігінде Маск жүргізетін жұмысқа ұқсас жұмыс жүргізу ұсынылған.
Mezgil.kz