1,8 млрд теңге: Мәсімовтің зәулім сарайын кім сатып алады?

Астанада қамаудағы Қазақстанның бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің үйі аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Үйдің бағасы 1,8 млрд теңгеге бағаланған.

1739179366219646.jpg

(Сурет: oinet.kz)

ҚазТАГ агенттігі: «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания 2025 жылғы 25 ақпанда «E-Qazyna» веб-платформасында электрондық аукцион өткізетінін хабарлады. Аукционда Астана қаласы, Нұра ауданы, Қараөткел ықшам ауданында орналасқан нысан саудаға қойылмақ», - деп жазады.

Үйдің бастапқы бағасы – 1 883 338 958 теіге. Кепілдік жарнасы – 117 960 000 теңге.

Аукционды бағаны көтеру үшін өткізу жоспарланған. Аталған нысан – 2022 жылдың наурызында ҚР ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген мүліктер тізіміндегі элиталық тұрғын үй кешені.

Еске салайық, 2023 жылғы 24 сәуірде Астана соты ҚР ҚК 175-бабының 1-бөлігі (мемлекеттік сатқындық), 179-бабының 3-бөлігі (билікті күштеп басып алу), 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы (билікті және лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану) бойынша 18 жылға сотталған ҚР ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке айыптау үкімі шығарылған.

Оның бұрынғы орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Осипов тиісінше 16, 15 және үш жылға сотталды.

2024 жылдың 10 маусымында Мәсімов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұрағаны белгілі болды. Ал 2024 жылдың 23 шілдесінде Тоқаев Мәсімовке кешірім жасаудан бас тартқанын хабарлады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар