Бүгін Мюнхен конференциясы басталады. Сонда талқыланатын басты тақырып – Украинадағы соғыстың жай-күйі болмақ.
(Сурет: aa.com.tr)
Германияда үш күндік конференция бүгін – 14 ақпанда басталады. Жыл сайынғы іс-шараға 60-қа жуық мемлекет басшысы мен түрлі елдерден 150-ге таяу жоғарғы лауазымды тұлғалар қатысады.
Осы орайда анықтама бере кететін болсақ: конференция 1963 жылдан бері өткізіліп келеді. Онда саясаткерлер, әскери лауазымды тұлғалар, бизнесмендер мен сарапшылар қазіргі кездегі өзекті қауіпсіздік мәселелерін талқылауға салады.
МЮНХЕНДЕ АҚШ, УКРАИНА МЕН РЕСЕЙ ӨКІЛДЕРІ КЕЗДЕСЕ МЕ?
Ресей-Украина соғысының аяқталуы 2025 жылы Мюнхен конференциясының негізгі тақырыптарының бірі болады деп күтілуде. Сондай-ақ, түрлі елдердегі басқа да қақтығыстар – Газа мен Сириядағы жағдай, Африка елдеріндегі саяси шиеленіс тақырыпқа арқау болмақ.
Кеше АҚШ президенті Трмап Ақ үйден тағы сөйледі. Алда болатын «соғысты тоқтату» туралы келіссөздерге Украина міндетті түрде қатысатынын айтты.
Трамп келіссөздер үстелінде отыруға тиіс адамдар туралы айтқан сөзінде: «Әрине, Украина келіссөздерге міндетті түрде қатысады. Олар келіссөздердің бір бөлігі. Онда Украина, Ресей және басқа да тараптар болуы тиіс... Бұл жерде көптеген жол айрықтары бар. Жағдай күрделі, бірақ Украинадағы соғысты тоқтату керек», - деді.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, конференцияға Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог қатысады. Ол өз сапарында «Трамптың Украинадағы бейбітшілікті күшпен қамтамасыз ету және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік мүддесін қорғау мақсаттарын алға тартатын болады».
БАҚ хабарлағандай, кеше Германияға АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс барған. Конференция аясында ол «Украина президенті Владимир Зеленскиймен маңызды келіссөздер жүргізуі тиіс».
Естеріңізге сала кетейік, жақында Трамп Путинмен, кейінірек Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Көп ұзамай американдық саясаткер тараптар Украинадағы соғыстың аяқталуын талқылайтын Сауд Арабиясында кездесуі мүмкін екенін хабарлады.
УКРАИНА БОЙЫНША МӘМІЛЕ: БӘРІ ШЕШІЛІП ҚОЙДЫ МА?
«Ресей мен АҚШ арасындағы Украина бойынша келіссөздер көп жұртты таң қалдыратын мәміле болады», - деп мәлімдеді АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс. Ол сондай-ақ, сәтті реттелген жағдайда АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты қайта қалпына келтіруді ұсынды.
Оның айтуынша, Трамп Украина бойынша өз ұстанымын келіссөздердің қалай дамитынына байланысты өзгертеді. Қазір оның мақсаты - Путинді соғыс алаңынан гөрі дипломатиямен қол жеткізетініне сендіру.
Егер Мәскеумен келіссөздер тұйыққа тірелсе, Ресейге орасан зор санкция салынып, ал Украина америкалық көмекке кеңірдегінен келе қарық болады.
Axios басылымы Трамп пен Зеленскийдің арасындағы телефон әңгімесі Путин мен Трамптың арасындағы әңгімеден әлдеқайда ұзақ болғанын жазды. Бірқатар тезистері:
- Зеленский Трампқа «Путинге қысым жасайтын тетік» барын айтты.
- Трамп Украина жерінде Еуропаның бітімгерлік күштерін орналастыру идеясын қолдады және оны қауіпсіздік кепілдігі ретінде қарастыруға болатынын айтты.
- Трамп келіссөз тобына АҚШ-тан кімдер кіретінін айтты. Оның ішінде ЦРУ директоры Джон Рэтклифф пен Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф болатынын айтты. Трамп Зеленскийден келіссөз командасына кімдер кіретінін сұрады және команданы жасақтау керектігін мәлімдеді.
- АҚШ басшысы Путин мен Трамптың арасындағы әңгімеге қатысты Зеленскийдің алаңдаушылығын түсінетінін айтты. Алайда Украинаны құтқару үшін Путинмен сөйлесу керектігін жеткізді.
- Трамп Зеленскийге өзінің жеке нөмірін берді және келіссөз бойынша пікір алмасып отыратынын айтты.
Трамп: «14 ақпанда Мюнхенде АҚШ, Ресей мен Украинаның жоғарғы шенді өкілдері жолығып, Украина-Ресей соғысын тоқтату бойынша сөйлеседі», - деді.
Алайда Украина тарапы конференция барысында «Ресеймен кездесу өткізу жоспарда жоқ» екенін айтті. Жалпы бұл конференцияға Ресейдің келуі, қатысуы да күмәнді болып тұр. Германия билігінің өкілдері де Ресейге виза бермегенін айтты.
СОҒЫС ҚАЛАЙ АЯҚТАЛАДЫ: 3 ТҮРЛІ НҰСҚА
Ал «Bloomberg» басылымы Украинадағы соғыстың аяқталуына қатысты үш түрлі болжам ұсынады. Ол қандай нұсқалар, қараңыз:
Бірінші нұсқа: Украинадағы соғыс уақытша тоқтатылады. Ең ықимал нұсқа осы деп бағаланады. Бұл бойынша Ресей оккупациялаған аумақтарды өзінде сақтап қалады. Территория алмасуы мүмкін (Курскінің жарты бөлігіне Украина территориясын қайтару). Украина НАТО-ға қосылмайды. ЕО АҚШ-тан Киевке көмекті көбейтуді сұрайды. ЕО өзінің әскеи көмегін көбейтпейді.
Екінші нұсқа: Украина үшін ең тиімді нұсқа саналады. Батыс Ресейдің Украинаға қайта шабуылдамасына ешқандай кепілдік бермейді. Бірақ, Украинаға әскери көмекті ұлғайтады. Украинаның әскерін және қорғаныцсын күшейтуге көмектеседі. Ресейге қарсы санкциялар сақталады және күшейтіледі. Бұл Украинаға алдағы 10 жылда НАТО-ға қосылуға жол ашады.
Үшінші нұсқа: Украина үшін ең қиын нұсқа саналады. Трамптың Украинаға деген қызығушылығы азайып, көмекті тоқтатады. АҚШ Украина мәселесін Еуропаға жүктейді. Украина НАТО-ға қосылмай, сыртта қалады. Ал Ресей оккупациялаған жерлер Ресейде қалады. Арада біраз уақыт өткен соң (Трамп окмандасы биліктен кеткен соң) соғыс қайта тұтанады.
Mezgil.kz