АҚШ-тағы билік алмасудан соң, үш жылға жалғасқан Украинадағы қанқасап соғысты тоқтату үшін президент Трамп командасы жанталасуда. Президент Трмап, Мемхатшы Рубио, Украина-Ресей бойынша арнайы өкіл Келлог бастаған топ кезек-кезек мәлімдемелер жасауда. Олардың бірсыпырасын Mezgil.kz ақпараттық порталында жаздық.
(Суреттер: wikipedia.org)
АҚШ-УКРАИНА-РЕСЕЙДІҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУІ САУДИЯДА ӨТПЕК
Жуырда «Bloomberg» басылымы: «Трамп пен Путин ақпанның аяғына дейін кездесуі мүмкін», - деп жазды. Болжалды кездесу орны – Сауд Арабиясы. Ал Мюнхенде өткен қауіпсіздік жөніндегі жыл сайынғы конференциядан соң сөз алған Украина президенті Зеленский: «Бізсіз Украина тағдыры шешілмейді. Украинаның қатысуынсыз, екеуара Ресей-АҚШ қандай келісім жасасса да, біз оны қабылдамаймыз», - деп сөйлеген. Осыдан соң, АҚШ президенті Трамп сөйлеп: «Украина АҚШ пен Ресей келіссөзіне міндетті түрде қатысады», - деп мәлімдеді. Бұл сөзді АҚШ-тың Украина-Ресей соғысы бойынша арнайы өкілі Кит Келлог те растады. Осы Келлог және де Украинадағы соғысты ұзын-саны 180 күннің ішінде тоқтатуға күш салатынын айтып қалды.
КЕЛІССӨЗДЕР: ТАРАПТАР КОМАНДА ЖАСАҚТАУДА
Сонымен, Украина мен Ресей – «бейбіт келіссөздердің» басты тараптары. АҚШ – арағайындық жасаушы және келіссөздерді ұйымдастырушы рөлінде. Ал оған тараптар қалай дайындалуда? Батыстық БАҚ «Мәскеу қазірдің өзінде келіссөздерге қатысатын команда жасақтап жатқанын» айтады.
МӘСКЕУДІҢ КОМАНДАСЫНДА КІМДЕР БАР?
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Эр-Риядтағы АҚШ-пен болатын кездесуге кімдер қатысатынын айтыпты. Оның сөзінше: Ресей делегациясында РФ СІМ басшысы Сергей Лавров пен Путин көмекшісі Юрий Ушаков болады.
«Forbes»: «Путин алда болатын келіссөздерге «аса ауыр салмақтағы» саяси кадрлерден команда жасақтауда», - деп жазады. Басылым дерегінше Ресей келіссөзшілерінің құрамы былай:
Юрий Ушаков – Ресейдегі кәрісүйек саясаткерлердің бірі. Жасы – 77-де. Ресейбасы Путиннің ескі досы әрі РФ Президентінің көмекшісі. Кремльдің сыртқы саясат мәселелеріне жауапты тұлға. 10 жыл АҚШ-та елші болған. Ресей Сыртқы істер министрлігін басқарған адам.
Сергей Нарышкин – Ресейдің Сыртқы барлауын басқарады. Нарышкин де жас емес. 70-тен асып барады. Президент Путинмен 80-ші жылдары КГБ-да қызметте жүріп танысқан. Содан бері бірелі ажырамай келеді.
Кирилл Дмитриев – РФ Тікелей инвесция қорының басшысы. Ресейлік келіссөзшілердің ішіндегі ең жасы осы (49-да). Өзі Киевтің тумасы. «Стэнфорд пен Гарвардта білім алған қаржыгер Дмитриевке келетін болсақ, ол келіссөздерде «бейресми байланыс арнасы» ретінде маңызды рөл атқара алады», - деп жазады «Bloomberg».
Сергей Лавров – Ресейдің СІМ басшысы. 74 жастағы бұл Сергей Ресей саясаткерлерінің ішіндегі ең мәшһүрі. Ол Ресей Сыртқы істер министрлігін басқарған жылдары Ресейде 8 премьер-министр ауысқан екен. Ол Ресей СІМ-ін 2004 жылдан бері тізгіндеп келеді.
Айтпақшы, бұл тізімдегі Ушаков пен Нарышкин 2022 жылы соғыс басталғаннан кейінгі алғашқы келіссөздерге қатысқан.
АҚШ ТАРАПЫНАН КІМДЕР КЕЛІССӨЗГЕ ҚАТЫСАДЫ?
Осыған дейін БАҚ-та Саудияда өтетін кездесуге АҚШ командасын Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастап баратыны айтылған (Reuters). АҚШ келіссөзшілерінің құрамында:
Мемлекеттік Хатшы Марко Рубионың, ЦРУ директоры Джон Рэтклиффтің, Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші Майкл Уолтцтың және арнайы өкіл Стив Уиткофф аттары аталады. Сондай-ақ, аталған кездесуге АҚШ-тың Украина-Ресей бойынша арнайы өкілі Кит Келлог те қатысуы мүмкін деп күтіледі.
УКРАИНА НЕ ДЕЙДІ?
АҚШ президенті Трамп күні кеше ғана: «Сауд Арабиясында өтетін кездесуге Украина қатысатын болады», - деп мәлімдеген.
Әзірге Украинадан келіссөзшілер құрамында кімдер болатыны ашық айтылмады. Десе де, президент Зеленский Мюнхен мінберінде тұрып: «Мен ресейліктермен немесе Ресейдің қандай да бір өкілдерімен сөйлеспеймін. Бұл оларға ұнайтын-ұнамайтынын білмеймін. Мен тек Путиннің өзімен кездесіп, сөйлесемін. Ол үшін әуелі біз Трамппен бірге жалпы жоспар дайындауымыз қажет», - деп сөйлеген еді.
ТҮРКИЯ КЕЛІССӨЗГЕ АЛАҢ ҰСЫНАДЫ
Тақырыпқа тұздық: Түркия Украинадағы соғысты бейбіт реттеу бойынша келіссөздерге алаң болуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Түркия СІМ басшысы Хакан Фидан мәлімдеді.
«TRT World» арнасына берген сұхбатында Түркияның АҚШ және Еуропа елдерімен атысты тоқтату мүмкіндігі және ұзақ мерзімді бітімгершілік келісімі бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты. Фидан Анкараның қақтығысты тоқтату үшін келіссөздерді ұйымдастыруға өз көмегін ұсынғанын атап өтті.
Ол сондай-ақ, Түркияның бейбітшілік келісімін соғыс салдарынан болған қираулар мен адам шығынының ауқымын ескере отырып жасау керек деген ұстанымда екенін айтты. Түркия СІМ басшысы Хакан Фидан «Түркияның Украинаны маңызды халықаралық серіктес ретінде қарастыратынын» және елдің қалпына келуіне үлес қосуға дайын екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бейбіт процестің сәтті өтуі үшін жанжалға қатысушы барлық тараптарды, соның ішінде Еуропа мен Түркияны да тарту қажет, өйткені олардың мүдделері осы соғыстың нәтижесімен тығыз байланысты.
Айта кетейік, Украина-Ресей арасындағы соғысты бейбіт реттеу және астық келісімін жасасу бйоынша үшжақты (Украина, Ресей мен Түркия) кездесулердің бірнеше раунд Анкарада өткен болатын.
Mezgil.kz