Бүгін АҚШ президенті Трамп «Украинада президенттік сайлау өткізілуі керек» деген тақырыпты қаузап: «Қазіргі президент Зеленскийдің рейтингі 4 пайыздан аспайды», - деді.
(Сурет: golosameriki.com)
Батыс сарапшыларының пікірінше, 18 ақпанда Саудияның Эр-Риядында өткен АҚШ-Ресей арасындағы келіссөздерде Ресей делегациясы АҚШ өкілдеріне соғысты тоқтатудың басты шарты ретінде – Украинада президенттік сайлау өткізу туралы талапты қойған.
Анығында, «Зеленскийдің легитимділігі» деген тезисті Ресей президенті Владимир Путин осыған дейін бірнеше мәрте сөз еткен.
Президент Путин ақырғы мәлімдемелерінде: «Келіссөзге отырамыз делік. Сөйлесеміз. Ал ақырында құжатқа кім қол қоймақ? Сол – басты мәселе! Зеленскийдің президенттік өкілеттігі өткен. Украина атынан келісімге Жоғарғы Раданың спикері қол қойса жөн болады. Бұл Украина Конституциясына да сай келеді», - деген.
Осыдан соң бұл тезисті Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та, РФ СІМ басшысы Сергей Лавров та, басқалары да жалықпай қайталап келеді. Бүгін АҚШ президенті Трамп та Путин айтқан осы сөздерді қайталағандай болды.
Бұған Украина президенті Зеленский жауап беріп: «Президент Трамп Ресейдің жалған ақпаратына сенгені өкінішті», - деді. Жалпы бүгін Укарина президенті Зеленский соңғы уақыттары АҚШ саясаткерлері мен әлемдік БАҚ қызу талқылап жатқан көптеген мәселелерге жауап берді.
Презизент Зеленский айтқан басты тезистер:
Зеленский рейтингі туралы: «Қазір Украинада мені қолдаушылардың рейтингі 4% дегенді естідім. Бұл дезинформация Ресейден жеткенін білемін. АҚШ пен Ресей арасындағы осындай әңгімелердің болатынын біз білдік, оған дәлелдеріміз бар. Көшбасшы ретінде, Америка халқының лидері ретінде ерекше құрметтейтін Дональд Трамптың ресейлік дезинформация кеңістігіндегі ақпаратқа сенгені өкінішті-ақ. Қазір мені қолдайтындардың көрсеткіші 57%. Сондықтан, әлдекімдер мені қазір алып тастағысы келсе, мұнысы оңай бола қаймас!», - деді.
АҚШ-пен табиғи ресурстарды игеру келісі туралы: «АҚШ Украинадағы сирек металлдарды игеру және оның 50%-на иелік ету бойынша ұсынған құжатта қауіпсіздік кепілдігі жайлы бір сөз жоқ. Нақты ештеңе жазылмаған. Мен ондай құжатқа қол қоя алмаймын, мен елімді бұлай саудаға салмаймын.
Біз әлемнің кез келген контингенті үшін бейпіл жатқан шикізат қорының орталығы болғымыз келмейді. Мейлі, әріптес бола ма, дос бола ма, бәрібір. Бұл біздің Конституциямызда жазылған. Мен президент ретінде Конституцияны бұзбаймын! Мен өз территориямыз бен мүддемізді қорғаймын», - деді.
АҚШ-пен әріптестік туралы: «Мен Кит Келлоггпен кабинетте отырып, пікір алмасуды қаламаймын. Украина қалаларын аралайық, халықтың ойын білсін. Майдан даласына барайық, сарбаздармен сөйлессін.
Мен Трамп командасынан көбірек шындық естігім келеді. Украинаға көрсетіліп жатқан көмектің 90 пайызы АҚШ-тікі деу жалған. Біз АҚШ көмегіне ризамыз. Бірақ, шындықты шындық қалпында айту керек. Біздің Еуропалық серіктестеріміз де бар. Украинаның өз өндірісі де осал емес», - деді.
АҚШ көмегі туралы: «Қазіргі сәтте соғысқа Украина тарапынан шамамен 320 млрд доллар қаржы кетті. Оның ішінде 120 млрд доллары Украинаның өз қаржысы, ал қалған 200 млрд доллары АҚШ пен ЕО және өзге серіктестер қаржысы. АҚШ бізге 67 млрд доллардың қаруын берді және 31 млрд долларды бюджетке бөлді. Ал 500 млрд доллар деген ақылға симайтын сандар. Сандарды анықтау керек. Менің қолымдағы сандар мен президент Трамптың қолындағы сандар сәйкеспейді. Олар бізге 500 млрд доллардың көмегін берген емес.
Қазір бізге сабыр сақтау маңызды. Мен қандай да бір құжатқа қол қоя салмаймын. Біз Украинаның тәуелсіздігі мен суверенитетін сақтап қалуы тиіспіз. Біз 2022 жылмен салыстырғанда әлдеқайда қуаттымыз. Қару өндірісі дамуда», - деді.
Ресей агрессиясы туралы: «Ресей түбі Литва немесе Польшаға шабуыл жасауы мүмкін. Оны біз ғана емес, Батыс барлауы да айтуда. Дания барлауы жақында осыны айтты және оны НАТО басшылығы растады», - деді.
АҚШ-Ресей келіссөзі туралы: «АҚШ Сауд Арабияда өткен келіссөздер барысында Путинді ұзақ жылға созылған изоляциядан шығаруға көмектесті. Саудияда өткен келіссөздерге бола біз бұлқан-талқан болған жоқпыз. Біз барлығына даярмыз. Бірақ, ол кездесуде Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру туралы бір ауыз сөз айтылмады», - деді.
Mezgil.kz