Трамп – Зеленскийге, әлем – Трампқа шүйлікті: АҚШ Украинаны жарға жықпақ па?

Кеше АҚШ президенті Трамп Украина президенті Зеленскийге шүйлігіп, өзінің «Truth Social» дейтін әлеуметтік желісінде ұзын-сонар жазба жариялады. Президент Зеленскийді «сайлаусыз диктатор», «сайқымазақ» деп атап, «Ресеймен соғысты бастаушы» деп сипаттады.

1740045731430114.jpg

(Сурет: bbc.com)

ТРАМПТЫҢ ЗЕЛЕНСКИЙГЕ АТЫЛУЫ: КРЕМЛЬ АУЗЫНА СӨЗ САП БЕРГЕНДЕЙ

«Ойлап қараңыз, болмашы жетістікке жеткен «клоун» Зеленский АҚШ-ты 350 млрд доллар жұмсауға көндірді. Сол арқылы өзі жеңе алмайтын соғысты бастады. Бұл соғыс мүлде басталмауы керек еді. Енді ол Трамп пен АҚШ-сыз бұл соғысты өз күшімен реттей алмайды. АҚШ Еуропаға қарағанда 200 млрд доллар көп жұмсады. Еуропаның жұмсаған ақшасы кепілді. Ал АҚШ есесіне ештеңе алмайды. Ұйқылы-ояу Байден неге бұл мәселеде теңдік жасамады? Бұл соғыс бізден гөрі Еуропа үшін маңыздырақ емес пе? Бізді бөліп тұрған алып мұхит бар.

Ол сайлау өткізуден бас тартуда. Украиналық сауалнамаларда оның рейтингі өте төмен. Ол тек қана Байденнің «құлағында ойнауда» ғана үздік болды. «Сайлаусыз диктатор – Зеленский» жылдам қимылдауы керек. Өйтпесе, мемлекетін жоқ қылады. Ал біз Ресеймен соғысты тоқтату бойынша сәтті келіссөздер жүргізіп келеміз. Оны Трамп пен оның әкімшілігі ғана жасай алатынын барлығы мойындайды. Байдан мүлде тырысқан жоқ. Еуропа бейбітшілік орната алмады. Ал Зеленский, өзі үшін тиімді «жемақырды» сақтап қалғысы келеді. Мен Украинаны жақсы көремін. Бірақ, Зеленский көп қателік жасады. Оның елі қирады. Миллиондаған адам өлді. Әлі де өліп жатыр», - деді.

Украина президенті Зеленский Ақ үй қожайынының мұндай күрт бұрылысына салқынқанды жауап қатты. Трампты Ресейдің жалған ақпаратының жетегіне ерді деп айыптаған болды. Әрі қарай, АҚШ берген көмектің ине-жібіне дейін есеп қылып, Украинаға көрсетіліп жатқан көмектердің жай-жапсарын ақтарды.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ТРАМПҚА ЖАУАБЫ: ТРАМП РЕСЕЙДІҢ ЖАЛҒАН АҚПАРАТЫНА ЕРДІ

«Украина жүздеген миллиард доллар көмекті ешқашан алған жоқ. Украина АҚШ-тағы барлық институттардан, соның ішінде Конгресс пен Ақ үйден жиынтығы - 77 млрд долларға әскери-техникалық көмек алды. Бұл 3 жылдағы сома. Бұл 77 млрд доллар ақшалай берілген жоқ. Әскери техника түріндегі берілген көмек! Оның өзі толық келіп болған жоқ. Фактімен сөйлесек: Дәл қазірге дейін осы 77 млрд доллар болатын әскери-техникалық көмектің 46 млрд долларына тең қару-жарақ қана Украинаға келіп жетті. Бұл 46 млрд - Украинаға нақты келгені. Заңдық жағынан қарасақ, келісім бойынша 77 млрд долларға тең техника келуі керек. Келгені 46 млрд ғана. Бұл 77 млрд доллардың 15 млрд долларына тең қару-жарақ пен техника биыл Украинаға келуі керек. Біз күтіп отырмыз! Бірақ, әлі келген жоқ», - деді.

Онан әрі Зеленский: «Мен еуропалық көшбасшылармен келіссөздерді бастадым. Егер АҚШ Украинаны қолдамаса, Еуропа Украина қарулы күштерін қаржыландыруға дайын болады деп ойлаймын», - деп сөйледі.

Осыдан соң сөзге АҚШ-тың вице-президенті Вэнс пен Украина СІМ басшысы Сибига араласты.

Украина СІМ басшысы Сибига: «Украина қазіргі заманғы Еуропа тарихындағы ең ауыр әскери шабуылды және үш жылдық жаппай соғысты бастан өткерді. Украина халқы мен оның президенті Зеленский Путиннің қысымына көнбеді. Ешкім Украинаны берілуге мәжбүрлей алмайды! Біз өмір сүру құқығымызды қорғаймыз», - деді.

АҚШ вице-президенті Вэнс: «Украина президенті Зеленскийдің президент Трампқа ақпараттық шабуылы - масқара. Зеленскийдің өз елінің өмір сүруінің жалғыз себепшісі болып отырған АҚШ-қа атылуы жақсылыққа әкелмейтінін сөзсіз көретін болады. Трамппен жария түрде айтысу - оның тілін табатын тәсіл емес! Трамп Украина үшін уайымдайды. Мыңдаған адамның бостан-бос өлуін тоқтатқысы келеді. Ал президент Зеленскийдің бұл шабуылына украин халқы баға беретін болады. Зеленскийге кімдер кеңес беретінін білмеймін, бірақ бұл жақсы кеңес емес. Зеленский Жо Байден әкімшілігімен емес, Дональд Трамп әкімшілігімен байланыс жасайтынын түсінуі тиіс», - деді.

ТРАМП: МЕН ТАРИХТА БІТІМГЕРШІ РЕТІНДЕ ҚАЛАМЫН!

АҚШ президенті жоғарыдағы сөздерді айтып шектелген жоқ. Трамп: «Украина АҚШ-пен арадағы сирек кездесетін металлдар бойынша келіссөзді бұзды. Ал Эр-Риядтағы келіссөздер – алға қарай жасалған үлкен қадам болды. Зеленский жаман жұмыс жасады. Оның рейтингі төмен. Оның елі қирады. Біз Украинаға берген ақшамызды қайтаруға тырысамыз. Ал мен тарихта бітімгерші ретінде қалатын боламын», - деді.

Трамп әлем тарихында бітімгерші болып қала ма, әлде АҚШ президенттерінің ішіндегі ең бір мәскеушіл президент болып қала ма, оның уақыт көрсете жатар. Әзірге, оның Украина мен Укарина президентіне шүйлігуі әлем басшылары тарапынан қолдау таппады. Трампты президенттікке ұсынған АҚШ-тың «Республикашылар» партиясы да Трамп саясатына көңілдері толмайтынын аңғартуда. Соның ішінде, Трамптың бұрынғы командаластары Трампты қатаң айыптауға кірісті.

АҚШ САЯСАТКЕРЛЕРІ ТРАМП ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

Роджер Уикер, АҚШ сенаторы (Республикашы):

– Путин — әскери қылмыскер. Ол өмір бойы түрмеге қамалуы керек. Олай болмағанның өзінде жазасыз қалмауы керек, - дейді.

Берни Сандерс, АҚШ сенаторы (демократ):

– Трамп пен оның америкалық олигархтары қазір Путинмен және оның ресейлік олигархтарымен ашықтүрде бірігіп жатыр. Путин мен Трамп арасындағы бұл одақ – біздің одақтастарымыздан бас тартуымызды, авторитаризмді қолдауымызды және демократиялық дәстүрлерімізді бұзуды білдіреді, - дейді.

Брайн Фицпатрик, АҚШ конгрессмені (Республикашы):

– Владимир Путин – нағыз диктатор. Бұл талқылауды қажет етпейтін әңгіме, - деді.

Марси Каптур, АҚШ конгрессмені (Республикашы):

– Сөзсіз – бұл соғысты Украина бастаған жоқ. Ресей бастады. Мұны терістеу – Украина мен Еуропадағы одақтастарымыз үшін өте қауіпті. Біз жарты жолда бұрылып кете алмаймыз, - деді.

Майк Пенс, 2017-2021 жылдардағы Трамптың вице-президенті:

– Президент мырза! Соғысты Украина бастаған жоқ! Ресей бастады! Оны ешкім арандатқан жоқ! Алды да, қанқасап соғысты бастап жіберді. Нәтижесінде жүздеген мың адам өлді. Бейбітшілікке жол – шындыққа құрылуы тиіс!, - деді.

Джон Болтон, 2018-2019 жылдардағы Трамптың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі:

– Трамптың Зеленский мен Украинаға қарата айтқандары – АҚШ тарихындағы президенттердің ішінде айқан ең масқара, ұятты сөздер болды! Біздің Украинаға қрлдауымыз – ешқашан қайырымдылық болған жоқ! Біздің отбасымыздағы өмір сүру образымыз – шетелдегі күшімізге байланысты, - деді.

ЕУРОПА БАСШЫЛАРЫ ТРАМП ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

Франция президенті Макрон:

– Франция Украина мен Еуропадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алады. Мен кепілгермін. Біз Украинаны қолдаймыз! Францияның позициясы айқын, - деді.

Германия канцлері Шолц:

– Украинаның заңды сайланған президенті Зеленскийді «сайлаусыз диктатор» деп атау қате әрі қауіпті. Соғыс жағдайында сайлау өткізілмейтіні барлығына түсінікті нәрсе. Украина үш жылдан бері Ресейдің басқыншылық соғысынан қорғанып келе жатқан ел, - деді.

Ұлыбритания премьері Стармер:

– Біз Украинаның заңды әрі демократиялық жолмен сайланған президенті Зеленскийге қолдауымызды білдіреміз. Біріккен Корольдік те Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сайлау өткізуді шегере тұрған. Сол секілді, Украинаның сайлау өткізуді шегере тұруын дұрыс деп есептейміз, - деді.

Швеция премьері Кристерссон:

– Зеленский демократиялық жолмен сайланған! Украина да сайлау өткенін қалайды. Ол - Украинада бейбітшілік орнағанын көрсететін болады, - деді.

Чехия президенті Павел:

– Үш жыл бойы көрші ядролық державаның агрессиясынан қорғанып келе жатқан елде өткен сайлаудың қандай құндылығы болмақ? Территорияның бестен бір бөлігі басып алынып, бүкіл елге күн сайын оқ жауып жатқанда сайлауды қалай ұйымдастыруға болады? Мұндай елдің президентін диктатор деу үлкен цинизмді қажет етеді, - деді.

Польша премьері Туск:

– Украинаның капитуляциясы – тұтас Батыстың капитуляциясын білдіреді. Мұның салдары тым ауыр болмақ! АҚШ мұны көрмегендей кейіп таныта алмайды, - деді.

Әзірге Трамптың сөзін жақтап сөйлеген екі адам табылды. Олар: Ресейдің бұрынғы президенті һәм Ресейбасы Путиннің досы Дмитрий Медведьев пен АҚШ миллиардері, ресейшіл позициядағы мәлімдемелерімен белгілі Илон Маск.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар