Батыстық БАҚ: Трамп үшін басты қауіп – Ресей емес, Қытай!

Соңғы күндерде АҚШ пен Укарина арасы суығандай болды. Президент Трамптың кезек-кезек мәлімдемелері мен президент Зеленский бастаған команданың жауаптары Батыстағы БАҚ-тың басты талқысына айналды. Сонымен, әлемдік БАҚ не жазып жатыр? Біз шолу жасадық...

1740050569180534.jpeg

(Сурет: tsn.ua)

THE NEW YORK TIMES: ТРАМП ҮШІН БАСТЫ ҚАУІП – ҚЫТАЙ!

«The New York Times» гәзеті: «Трамп АҚШ сырты саясатында күрт бұрылыс жасап, Ресейді әріптес ретінде қарастыруда. АҚШ-тың достары да, жаулары да соған қарай икемделуге тура келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы-бергі АҚШ президенттері әуелі КСРО-ны, сосын Ресейді «қауіптенуге тиіс» күш санап келді. Ал Трамп Ресейді болашақ серіктесі ретінде қарастыруда.

Путин ешқандай шегініс жасамайды. Ал Трамп Еуропаны қорғау тым қымбат деп санайды. Ресеймен келісім – АҚШ-қа әскер мен ресурсты Қытай бағытына бұрып, қауіпсіздікті қорғауға мүмкіндік береді. Трамп үшін басты қауіп – Қытай», - деп жазады.

THE ЕCONOMIST: ТРАМП КОМАНДАСЫ ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ КӨЗІН ЖОЙМАҚ!

«The Еconomist» басылымы: «Киев Трамп командасы қауіпсіздік кепілдігінсіз ұрысты тоқтатуға мәжбүрлеп, жылдам сайлау өткізу арқылы Укарина тұтастығына сына қағуға тырысуда деп алаңдайды. Соңғы риторикаларға қарағанда, Трамп мырза президент Зеленскийдің көзін құртқысы келетін секілді. Трамп Зеленскийді келіссөз жүргізуге қиын адам деп есептейді және әуелбаста-ақ жақтырмаған. Трамп командасы Зеленскийдің көзін құрту үшін сайлау өткізу міндетті емес деп есептейді.

Трамптың келіссөздеріне қарамастан, Украина ұрысты жүргізе алады. Бірақ, майдандағы ахуалы күрделене береді. Ал Трамптың келісімге мәжбүрлейтін көп амалы бар. Ықтималды болжам – Трамп Украинаға көмекті біржола тоқтата алады. Осылардың ішіндегі ең қауіптісі – Трамп Укаринаға ешқандай қауіпсіздік кепілдігінсіз соғысты тоқтатса, Кремльдің қалағаны орындалады.

Сайлау – саяси тоқырауға алып келеді. Әлсіз президент пен ыдыраған парламенттің ақыры демобилизация. Ал оның ақыры жаппай эмиграция және ішкі саяси дезинтеграция. Путиннің қалауы да осы. Ал Кремль соғысты тоқтатуға ниетті екенін білдіретін бірде-бір қадам жасаған жоқ. Путин Украина мемлекетін жою дейтін әуелгі жоспарынан еш айныған жоқ», - деп жазады.

NBC NEWS: ТРАМПТЫҢ ӨКІЛІ ПУТИНМЕН ЖАСЫРЫН ЖОЛЫҚТЫ!

«NBC news» сарапшылары: «Трамп мен Зеленский командаларының арасы соңғы апталарда суыса бастады. Барлығы өткен аптада өзгерді. Путин америкалық мұғалім Марк Фогельді тұтқыннан босатты. Оған дейін Трамп командасы Путин келіссөзге тастүйін қарсы деп ойлаған. Сосын,Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Кремль басшысымен жолықты. Ал ертесі күні Трамп пен Путин телефон арқылы тілдесті. Трамп, Путинмен сөйлескен соң: «Екі ел де келіссөзге дайын», - деп мәлімдеді.

Киев пен Вашингтонның арасын суытқан тағы бір фактор – Пентагон басшысының Брюссельдегі сөзі. Хегсет жария түрде: «Украина НАТО-ға қабылданбайды», - деп мәлімдеді. Хегсет сондай-ақ: «АҚШ Еуропадағы әскерін азайтады», - деп сөйледі.

Ал сол кезде АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент Киевке барып, сирек кездесетін метеллдар туралы келісім жобасын ұсынған. Ондаа АҚШ Украинадағы табиғи ресурстардың 50 пайызына иелік ететіні жазылған. Зеленский бұл ұсынысты зерттеу керектігін айтқан. Ал Бенссент Зеленскийге шешім қабылдауға 1 сағат қана уақыт берген. Келіспеген жағдайда, вице-президент Вэнспен, Мемлекеттік хатшы Рубиомен жоспарланған кездесулер болмайтынын айтқан. Бенссент: «Бұл келісім – Украина үшін бейбіт келіссөздерден соң АҚШ Украинаға кепіл болатынын дәлелдейді», - деген. Бірақ, Зеленский оған қол қоймаған», - деп жазады.

POLITICO: ПУТИН ЕНДІ ТРАМПТЫҢ БАСТЫ ОДАҚТАСЫ!

«Politico» басылымы: «Трамптың соғыстың басталуына Украинаны айыптауы – Трамптың Еуропадан жауы іздеуі. Енді Трамптың америкасы үшін – Путин одақтас дегенге ешкімнің күмәні қалған жоқ. Трамп та, Путин де Еуропаның жойылып кетуін қалайтындай. Бұлай демекке шара жоқ. Қараңыз: Трамп президенттігінің алғашқы айында Еуропаға кедендік баж салығын жариялап, ЕО-ны институт ретінде қатаң сынады. Украинаны келіссөз басталмай тұрып сатып кетті. Еуропа қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы тарихи шешімнің күшін жойып, Путиннің халықаралық аренаға оралуын қолдады. Қазір Еуропа мен Украина келіссөздер бөлмесіне де кіргізілген жоқ. Ал Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляен Трамп президенттігінің алғашқы айында АҚШ басшысымен сөйлесе алған жоқ», - деп жазады.

THE TELEGRAPH: ЕУРОПА УКРАИНАҒА 30 МЫҢ ӘСКЕР ЖІБЕРУГЕ ДАЙЫН!

«The Тelegraph» басылымы: «Ұлабритания премьері Стармер Трампқа «Еуропалық қауіпсіздік кепілдігі» туралы жоспарды ұсынбақ. Ол бойынша, Украина жеріне 30 мың еурпалық әскери контингентті орналастыру көзделген. Бұл контингент Украинадағы бейбітшілікті сақтауға күш салады. 30 мың әскер Украина қалаларына, порттар мен АЭС секілді өзге де маңызды инфрақұрылымдарға орналастырылмақ. Олар майдан шебінен алысты болады.

Бұған жауап ретінде Стармер Трампқа АҚШ истребительдерін Шығыс Еуропаға орналастыруды ұсынбақ Егер Ресей келісімді бұзған жағдайда жойғыш ұшақтар ұрысқа сақадай сай тұруы тиіс. Бұл «ағылшын-француз» жоспары жуырда Парижде Еуропа лидерлеріне таныстырылған», - деп жазады.

BLOOMBERG: ТРАМПТЫҢ СӨЗДЕРІ – УКРАИНАҒА ЖАСАЛҒАН КЕЗЕКТІ БОПСА ҒАНА...

«Bloomberg» басылымы: «Трамптың соңғы күндердегі жасаған қадамдары мен сөйлеген сөздері – Укарина позициясын максималды түрде босатуға, сол арқылы бейбітшілік келіссөзіне мәжбүрлеуге бағытталған. Бұл Трамптың келіссөз тактикасы болуы мүмкін. Трамп осы арқылы Украинаны қабылдауға қиын шешімдерді қабылдауға итермелегісі келеді. Ол – Украинаның сирек кездесетін метеллдары туралы АҚШ ұсынған шарт. Президент Зеленский оған қол қоймаған», - деп жазады.

REUTERS: АҚШ УКРАИНАҒА ТАҒЫ БІР ШАРТ ҰСЫНБАҚ...

«Reuters» басылымы: «АҚШ жуырда Украинаға сирек кездесетін табиғи ресурстар туралы тағы бір ұсыныс жасамақ. АҚШ президенті Трамп Украинаға минералды ресурстар бойынша жеңілдетілген ұсыныс дайындауда. Ол бойынша, Укаринаның табиғи ресурстарының қанша пайызы АҚШ пайдалануына берілетіні келіссөздерден кейін келісілетін болады. Әзірге, жалпы шартқа қол қойып, келіссөздерді бастау қарастырылған. Қазір Киевте жүрген АҚШ-тың арнайы өкілі Кит Келлог осы ұсынысты президент Зеленскийге таныстырмақ», - деп жазады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар