Әлнұр Мұсаев деген адам бар. Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметін 1999-2001 жылдары басқарған адам. 2008 жылы көптеген айыптаулар бойынша сырттай сотталған. Қазақстанның және Кеңес одағының арнайы қызметінде жұмыс жасаған.
(Сурет: Әлеуметтік желіден алынды)
Оған тағылған айыптар қатарында: Арнайы қызметтегі мансабын асыра пайдаланды, аса ірі көлемде мемлекет мүлкін қолды қылды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, заңсыз қару-жарақ сақтады, мемлекеттік құпияны жариялады, билікті күшпен басып алуға әрекет етті, мемлекетке опасыздық жасады деген айыптар бар.
Ол қазір Қазақстанда тұрмайды. Әңгіме Мұсаевтың жеке басына қатысты емес. Сөз АҚШ президентіне қатысты болмақ...
Соңғы апталарда АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинаға қарата ақпараттық шабуылды бастап кеткені әлем жұртын әбігерге салды. АҚШ демократтары мен кәрі-құрлық – Еуропаның саясат ортасын сөз етпегенде, АҚШ-тағы Трамптың партияластары мен Кремльдің өзі Трамптың Украинаға мұнша шүйліккеніне таң қалып отырғанын «Bloomberg» басылымы жазды кеше.
«Bloomberg»: «Трамптың Зеленскийге қатысты мәлімдемелерінің қаталдығына тіпті Кремльдің өзі таң қалуда. Ресей Америка президентінен Украинаға қатысты мұндай қатал риториканы күткен жоқ. Дегенмен Мәскеу ықтимал тұзақтар мен күтпеген қадамдардан қорқып, оның келіссөздер стратегиясын әлі толық түсінбейді», - деп жазады.
Осы тұста сөз басындағы Әлнұр Мұсаевқа қайта ораламыз. Қазақстанның бұрынғы ҰҚК басшысы, КСРО ҰҚК-сінің бұрынғы агенті Әлнұр Мұсаев 2018 жылы, Трамптың бірінші президенттігі кезінде «оның Кремль агенті» екенін жазған болатын.
2018 ЖЫЛ. МҰСАЕВ: «ТРАМП КСРО АГЕНТІ»
2018 жыл. Қазақстанның бұрынғы ҰҚК басшысы Әлнұр Мұсаев «Дональд Трамп пен Владимир Путин туралы» деген атпен ұзын-сонар мақала жариялады.
«Қазақстанда Дональд Трамптың халықаралық аренадағы және АҚШ-тың ішкі саясатындағы әрекеттерін жеткілікті түрде бақылап, бағаламайды. Бұл біздің еліміз үшін маңызды, өйткені Трамптың турбуленттік саясатының арқасында әлем және жалпы адамзаттық құндылықтар жаһандық деңгейде өзгеріп жатыр. Бүкіл әлемдік тәртіп түбегейлі өзгеруде, оған біздің еліміз бейімделіп, өзінің лайықты орнын табуы керек», - деп басталатын жазбада Мұсаев Трамптың КСРО ҰҚК агенті екенін айтады.
«Объектінің агентураға икемділігі деген нәрсе бар. КГБ-ҰҚК-дегі жедел жұмыс тәжірибемнен мен Трамптың сондай адамдар санатына жататынын нақты айта аламын. Мен Ресейдің АҚШ президентіне компроматы бар екеніне, Кремль көп жылдар бойы Трампты басты әлемдік державаның президенті лауазымына қоюға тырысқанына күмәнданбаймын», - деп жазады Әлнұр Мұсаев.
(Сурет: Әлеуметтік желі скрині)
«АҚШ-тың билеуші партиясы өз президенттерінің Кремльге әбден тәуелді екенін жақсы түсінеді. Ал оны ашық мойындауға – әлемдік держава статусы жар бермейді. Әрине, әртүрлі тексеру-тергеулер жүргізіліп жатады, Ақ үй басшысының командасына қатысты соттар болады, сыни мақалалар жарияланады. Конгресстің беделді тұлғалары Трампты «сатқын» деп атайды. Мұның барлығы Трамп өз еркімен қызметтен кете ме деген үмітпен жасалуда. Трамп Мәскеудің агенті екенін мойындамай, импичмент процессін жеңілдете ме деп жасалған қадамдар. Бірақ, олардың онысынан түк шықпайды. Трамп нағыз автократ, диктатор ретінде Ақ үйге тіс-тырнағымен жабысып алған», - деп жазады.
2025 ЖЫЛ. МҰСАЕВ: ТРАМПТЫҢ ҰҚК-ДЕГІ ЛАҚАП АТЫ – «КРАСНОВ»
2025 жыл. Әлнұр Мұсаевтың жаңа жазбасы: «Арнайы қызметтің жұмысында да, өмірдегідей, барлығы мүмкін. Тіпті ең сорақы (дикие) және ең бір мүмкін емес нәрселердің барлығы мүмкін. Мысалы – болашақ мемлекет басшыларын, тіпті АҚШ президентін қызметке тарту (вербовка). Бірақ әдетте биліктің сакралдылығына сенетін қарапайым адамның мұндай нәрсеге сенуі мүмкін емес.
(Сурет: Әлеуметтік желі скрині)
Мысалы, Голливуд өзі көптеген фильмдерде Вице-президентті, Президенттік қауіпсіздік қызметінің бастығын дұшпан елге жұмыс жасайтын агент ретінде көрсетіп жүр. Олар тіпті АҚШ президентінің азғындық және қылмыстық әрекеті туралы фильм де түсіре алады. Бірақ тіпті, Голливудтың өзі Америка Құрама Штаттарының президенті жау мемлекетінің тыңшысы және ықпалды агенті екенін елестете алмайды», - деп жазды.
(Сурет: Әлеуметтік желі скрині)
Әлнұр Мұсаев кеше тағы: «Мен 1987 жылы Мәскеуде КСРО ҰҚК (КГБ) 6-ші басқармасында қызмет еттім. 6-ші басқарманың маңызды бағыты – капиталистік мемлекеттердің кәсіпкерлерін иландырып, өзімізге қызмет етуге көндіру болды. Дәл сол жылы біздің басқарма 40 жастағы АҚШ кәсіпкері Дональд Трампты өз қатарына агент етіп қосты. Трамптың лақап аты – «Краснов» болған», - деп жазды.
Мұсаевтың осы сөздерін қазір АҚШ саясаткерлері ызу-қызу талқылауда. Анығында Трамп КГБ агенті деген әңгіме осыған дейін де біраз айтылды. Батыс БАҚ-тары бұл туралы көп жазды.
(Сурет: nla.gov.au)
ЖАЗУШЫ КРЕЙГ УНГЕР: ТРАМП – РЕСЕЙ ҮШІН ҚҰНДЫ АКТИВ
2021 жыл. Жазушы Крейг Унгер: «Дональд Трампты 40 жылдан астам уақыт бұрын ресейлік құнды актив ретінде дамыта бастады. Ол Ресей үшін де, Трамп үшін де өзара тиімді онжылдықтарға созылған «қарым-қатынасқа» айналды. Трамп 1980-90 жылдары жылыстатылған ресейлік ақша ағындары арқылы бірнеше рет банкроттықтан құтқарылды. Ресей ақшасы Трамптың атымен салынған ғимараттарды төлеуге де жұмсалды деген болжам бар. 1987 жылы КГБ-ның жоғары лауазымды шенеунігінің Мәскеуде Трамп қонақүйін салуға Ресейге шақыруы – шын мәнінде КГБ қызметкерлері тарапынан құпия байланыс арналарын құруға көмектескен және ресейліктердің американдық демократияға әсер етіп, оған зиян келтіруіне мүмкіндік берген «терең жобасы» болды.
Трамп президент болған кезде шоттарды төлеу уақыты келді. Сөйтіп, Трамп Путинге қалағанының бәрін берді. Трамптың Ресеймен байланысы 1976 жылы, ол Квинстен Манхэттенге көшуді шешкен кезден басталады», - деп жазады жазушы өзінің «Америкалық компромат: КГБ Трамптың басын қалай айналдырды және секс, дүниеқоңыздық, билік пен сатқындық оқиғалары» (American Kompromat, How the KGB Cultivated Donald Trump, and Related Tales of Sex, Greed, Power and Treachery) дейтін кітабында.
Аталған кітапта: «Трампты бақылау 1977 жылы, ол құпия полиция күштері КГБ-мен одақтас болған аймақтан келген чех азаматшасы Ивана Зельничковаға үйленген кезде басталды. Трамп күндердің бір күні президент болғысы келетінін сол кезде-ақ айта бастаған. КГБ Трампқа сол кезден бастап мұқият қарай бастады. Өйткені ол «нарциссист, жағымпаздық пен ашкөздікке өте бейім» еді.
Үш жылдан кейін ол ресми түрде «КГБ-ның арнайы жобасы» болды. 1987 жылы Трамп пен Ивана Кеңес Одағына барған кезде, КГБ-да американдық кәсіпкер туралы толық дерек болған», - деп жазылған.
(Сурет: theguardian.com)
THE GUARDIAN: ТРАМП 40 ЖАСЫНДА КГБ АГЕНТІ АТАНҒАН!
2021 жыл – «The Guardian». Бұрынғы КСРО барлаушысы Юрий Швец «The Guardian» басылымына сұхбат беріп: «Дональд Трамп 40 жасында КГБ агенті атанған», - деп мәлімдеген.
«1987 жылы Трамп пен оның әйелі Мәскеу мен Ленинградта болды, онда КГБ агенттері миллиардерді саясатқа баруға шақырды, өйткені олар оның интеллектуалдық және психологиялық осалдығы мен жағымпаздыққа әлсіздігі туралы білетін», - деп мәлімдейді Швец.
(Сурет: nymag.com)
Ал «New York Magazine» 2018 жылы «Трамп өзінің әріптесімен немесе оның басқарушысымен кездесе ме?» деген атпен көлемді зерттеу материалын жариялайды. Онда АҚШ президенті Трамптың Ресейге қаржылай тәуелділігі туралы егжей-тегжейлі баяндалады.
«Америкалық көшбасшының салық декларациясын жариялаудан бас тартуы – оның ұзақ жылдар бойы «ресейлік ақшаны әртүрлі жолмен алғанымен» байланысты болуы мүмкін», - деп жазады.
(Сурет: forbes.ru)
ТРАМП РЕСЕЙГЕ-КСРО-ҒА НЕШЕ МӘРТЕ БАРҒАН?
Ашық дереккөздерде АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей-КСРО-ға үш мәрте барғаны айтылады.
1987 жылдың қаңтарында Дональд Трамп КСРО-ға келуге ресми шақыру алды. Бұл Трамптың Мәскеуге бірінші сапары болды. 1986 жылдың соңында, Леонард Лаудермен кешкі ас кезінде Дональд Трамп сол кездегі БҰҰ-дағы КСРО елшісі Юрий Дубининмен кездеседі.
Кеңес Одағында қайта құру қызу жүріп жатқан кезең. Елшінің қызы Трампқа оның «Trump Tower» жобасына таңданысын білдіреді. Кездесуде Дубинин Трампты Мәскеуге шақырды. Ал 1987 жылы қаңтарда туризм жөніндегі мемлекеттік комитеттен шақырту алып, сол жылдың шілдесінде Трамп Мәскеуге ұшып барады.
Трамп Мәскеуге екінші рет 1996 жылы қарашада барды. Бұл жолы, Трамптың ең басты сұхбаттасы – сол кездегі елорда үкіметінің бірінші вице-премьері Владимир Ресин болды. Талқыланған басты тақырып: Ресейдегі құрылыстар. Тіпті, нақты құрылыс алаңдарына дейін келісілген.
(Сурет: forbes.ru)
БРИТАН БАРЛАУЫ: РЕСЕЙ АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ТРАМПҚА КОМПРОМАТЫ БАР
Үшінші рет Трамп Мәскеуге 2013 жылы барған. Ал 2017 жылдың басында Британ барлауы Трампқа қатысты құпия барлау құжаттарын жария етті. Онда Трамптың Ресеймен байланыстары туралы егжей-тегжейлі айтылды. Соның ішінде, соңғы 2013 жылы барған сапары туралы айтылады.
Сол сапарда (2013 жылғы) Трамп қонақ үйге жезөкшелерді алдырып, ойнас қылған. Оның фото-бейне және құжаттық дәлелдері Ресейдің арнайы қызметінің қолына түскен. Сол себепті де, Трамп Крелмьдің ілгегіне мықтап ілінген.
Жоғарыда айтылғандарға шолу жасай келе, АҚШ президенті Трамптың Украинаға қатысты позициясының күрт өзгеруіне бұл факторлардың ықпалы бар ма деген ой туады. Сіз не дейсіз?...
Mezgil.kz