Кеше Украина тағдырына қатысты, алдағы бейбіт келіссөздерге қатысты бірқатар мәлімдемелер жасалды. Біз солардың ішінде, Украина президенті Зеленскийдің, АҚШ президенті Трамптың, Ресей президенті Путиннің, Франция президенті Макронның сөздерін топтап, оқырман талқысына ұсынғанды жөн санадық...
(Коллаж: Mezgil.kz)
ПРЕЗИДЕНТ ЗЕЛЕНСКИЙ: ТРАМПТЫҢ КҮШІНЕ СЕНЕМІЗ...
Украина президенті Зеленский Киевте «Украинаны қолдау» атты саммит өткізді. Оған ЕО басшылары арнайы келіп қатысты. Тағы 24 мемлекеттің басшысы алқа-қотан жиынға онлайн режимде қатысып, сөз сөйледі. Онан соң, G7 лидерлері мен Украинаның басқосуы өтті. Сол басқосуда президент Зеленский мен президент Трамп онлайн режимде тілдесті.
Сонымен, президент Зеленский не деді?
Трамппен келіссөздер туралы: «Президент Трамптың шешімін Украинаның әрбір жанұясы елеңдеп қарап отыр. Әлем қазір Америка бейбіт әлемнің лидері болып қала ма, АҚШ-тан көмек бола ма деп уайымдауда.
Бізге АҚШ-тың көмегі өте-мөте керек! Біз АҚШ-пен ортақ тіл табыса аламыз. Қауіпсіздік кепілдігі бойынша бірлесіп жұмыс жасай аламыз. Біз президент Трамппен сөйлестік. Мазмұнды, жақсы әңгімелесу болды. АҚШ та өзге әріптестеріміз секілді Украинаны қолдап жатыр. Бүгіндері Украина мен АҚШ экономикалық келісімдер бойынша бірлесіп жұмыс жасауда. Келісімге Вашингтонда қол қоямыз деп сенемін. Біз оның күшін білеміз. Президент Трамп күші арқылы елімізге бейбітшілік әкеледі деп үміттенеміз. Шындығы сол - бейбітшілік ол қауіпсіздік кепілдігі! Бұл біз үшін де, Еуропа үшін де маңызды», - деді.
Украинаға көмек туралы: «G7 лидерлері мен Украинаның басқосуы біздің мемлекетіміз бен халқымызды қолдауда үлкен сигнал. Бұл басқосу біз үшін мазмұнды болды. Әріптестеріміздің көбі бізді қолдаула өз принциптерінде тұрды.
Біз Еуропа мен Америка бірлігіне сенеміз. Барлығымыз бейбітшілікті қалаймыз. Бірақ, біз ол бейбітшіліктің уақытша емес, ұзақ та мығым болғанын қалаймыз. Бүгін Украинаға қауіпсіздік кепілдігі туралы сөйлестік. Бүгін әріптестестерімізбен Украинаға тұрақты бейбітшілікті әкелу туралы сөйлестік. Бүгін агрессордың қайта соғыс ашуын болдырмау туралы сөйлестік, - деді.
ТРАМП: УКРАИНА ӨЗ ЖЕРІНІҢ БІР БӨЛІГІН ҚАЙТАРУЫ ЫҚТИМАЛ!
Ал АҚШ президенті Трамп кеше екі маңызды кездесуге қатысты. Оның бірі – G7 лидерлері мен Украинаның басқосуы болса, екіншісі – Франция президентін Ақ үйде қабылдады. Президент осы екі кездесуден соң бірсыпыра мәлімдемелер жасады.
Табиғи ресурстар бойынша келісім туралы: «Мен Украина мен АҚШ арасында сирек кездесетін металлдар мен минералдар бойынша келісімге келудің маңыздылығын айттым. Біз бұл келісімге жақын аралықта қол қоямыз деп үміттенемін.
Бұл - экономикалық әріптестік! АҚШ халқы бұл арқылы Украинаға берген әскери техникалардың құны мен ондаған млрд доллар көмегін қайтара алады. Бұл қор соғыстан соң Украинаны қалпына келтіру үшін де жұмыс жасайтын болады», - деді.
Путинмен келіссөздер туралы: «Біз президент Путинмен салмақты келіссөздер жүргізудеміз. Ол АҚШ пен Ресей арасындағы аса ірі экономикалық келісімдер. Келіссөздер сәтті өтуде. Ресейде бізге қажет ресурстар бар. Мысалы сирек кездесетін металлдар, минералдар. Мәскеуге сапарлап баруым мүмкін. Бірақ 9 мамыр тым ерте дата сияқты. Көреміз», - деді.
Зеленскиймен кездесу туралы: «Жақын аралықта мен Зеленскиймен кездесемін. Мүмкін осы аптада, мүмкін алдағы аптада. Біз сирек кездесетін металлдар мен минералдар бойынша келісімге қол қоямыз деп ойлаймын», - деді.
Украинадағы соғыс туралы: «Украинадағы соғыс үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы ықтимал. АҚШ оған жол бергісі келмейді. Украинадағы соғысты бірнеше аптада аяқтау мүмкіндігі бар. Келісім аясында Украина жеріне Еуропа әскерінің орналастырылуына Путин қарсы еместігін айтты. Келіссөздер аясында Украина өз жерінің бір бөлігін қайтаруы ықтимал», - деді.
ПУТИН: ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ САЙЛАУДАҒЫ ЖЕҢІСІ НӨЛГЕ ТЕҢ...
Кеше Ресей президенті Путин де жергілікті БАҚ-қа 20 минуттық сұхбат беріп, президент Трампты мақтап, президент Зеленскийге шүйлікті.
Зеленский туралы: «АҚШ пен Украинаның сирек металлдар бойынша келіссөзі бізді алаңдатпайды. Оған біздің қатысымыз жоқ. Зеленский бейбіт келіссөздерден қашқақтауда. Себебі, бейбіт келіссөзден соң елдегі әскери режимді алып, сайлау өткізуге тиіс болады. Зеленскийді әскерилер қолдамайды. Зеленскийдің рейтингі Залужныйдың рейтингінен 2 есе төмен. Зеленский Путинмен келіссөзге тыйым салып, өзін тығырыққа тіреді. Зеленскийдің сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі нөлге тең. Әрине, құйтырқылықтар жасап жеңбесе... Зеленскийдің кеткені Украина үшін тиімді», - деді.
АҚШ-пен келіссөздер туралы: «Трамп Украинаны қайта тіктегісі келеді. Трамп тек ойындағасын ғана емес, қалауын да ашық айта алатын адам.
Бізде пайдалы қазбалар қоры Украинаға қарағанда әлдеқайда көп және біз қызығушылыш танытқан әріптестерге бірлесіп жұмыс жасауды ұсынамыз. Біз өзіміздің сирек металл қорымыз бойынша АҚШ-қа бірлескен келісім ұсынуға әзірміз. АҚШ-пен алда болатын кездесу тек екіжақты мәселелерге арналады. АҚШ пен Ресей бірлесіп, аллюминий өндіру зауытын іске қоса алады. Біз АҚШ нарығына 2 млн тонна аллюминий жеткізе аламыз. Бұл бағаны тұрақтандырады.
АҚШ-пен әскери бюджетті азайту туралы келіссөздерге дайынбыз. Ресей де, АҚШ та әскери бюджетті 50 пайызға қысқартса, бұл жақсы идея, - деді.
Еуропа туралы: «Біз Украинаның дербес мемлекет болғанына қарсы емеспіз. Тек Украина территориясы Мәскеуге құқай көрсету үшін пайдаланылмауы тиіс. ЕО лидерлері Киевтің дегенінен шыға алмайтын, өздері қалап тұрса да, Киев риторикасынан басқа әңгіме айта алмайтын болған. ЕО-ның бейбіт келіссөздерге қатысуы мәселе емес. Қатыссын. Бірақ, Ресейден ештеңе талап ете алмайды», - деді.
МАКРОН: РЕСЕЙ КЕЛІСІМДІ БҰЗСА – ТҰТАС ЕУРОПАМЕН СОҒЫСАТЫН БОЛАДЫ!
Франция президенті АҚШ-қа арнайы сапарлап барып, президент Трамппен жолықты. Осы кездесуден кейін Макрон да Украина болашағына қатысты бірқатар мәлімдеме жасады.
Бейбіт келіссөздер туралы: «Бейбітшілік - Украинаның капитуляциясы болмауя керек! Украинаға қауіпсіздік кепілдігін бермей тұрып, ұрысты тоқтату қате. Украинаның егемендігін әлдекімдерге жығып беру бейбітшілік емес. Трамптың Ресеймен келіссөз жүргізуіне себеп бар. Бірақ, Украинаға қауіпсіздік кепілдігі міндетті нәрсе», - деді.
ЕО-ның әскері туралы: «Украина бойынша біз жауапкершілік алуымыз керек! Украина қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Украинаның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі бүкіл өңірдің қауіпсіздігі Еуропа үшін бұл аса маңызды мәселе. Біз Ұлыбританиямен және өзге әріптестермен сөйлестік. Украинаға бітімгерлік әскер жіберуге дайынбыз. Біз Ұлыбританиямен бірлесіп, Еуропалық қауіпсіздік кепілдігін әзірледік. Ол бойынша Украинаға бітімгер әскер жіберу де көзделген. Егер Ресей бейбіт келісімді бұзса - келіссөзге қатысушылардың барлығымен соғысатын болады», - деді.
Mezgil.kz