Украинадағы үш жылдан бері жалғасып келе жатқан қанқасап соғыстың қалай аяқталары әлем жұртының жіті назарында. Сарапшылардың бір тобы: «АҚШ президенті Трамп пен оның командасы Украинада біржола бейбітшілік орнатады», - десе, екінші топ сарапшылар: «Трамп соғысты уақытша тоқтатуы мүмкін. Бірақ, арада біраз уақыттан соң соғыс қайта жалғасатын болады», - дейді.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Ал әзірге, Америкалық «ISW» - соғысты зерттеу институтының сарапшылары: «Путин Украинадағы соғысты тоқтату туралы келіссөздерде Украинадан тартып алынған 4 облысқа қатысты қатаң талап қоймақ. Ресей Украинадан Херсон, Запорож, Донецкі және Луганскі облыстарын толық беруді талап етеді», - дейді.
Ал Украина тарабы осыған дейін Ресейдің бұл талабына көнбейтінін, келіспейтінін мәлімдеген. Президент Зеленский, Жоғарғы Рада спикері Стефанчук, СІМ басшысы Сибига т.б. азаматтар кезек-кезек мәлімдемелер жасап: «Ресей әскер кіргізіп, қызу соғыс жүргізіп жатқан төрт облыс – Украинаның заңды территориялары және ол саудаға салынбайды», - деген.
Бұл талапты Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та айтып. «Төрт облыс Ресейге берілмей соғыс аяқталмайды», - деп сөйлеген.
Лавров: «Қазір ұрыс қимылдарын майдан шебінде тоқтатып, сол жеткен аумақтар бойынша келіссөз жүргізу мүмкін емес нәрсе. Ол сондай оп-оңай емес. Біріншіден, Ресейдің Конституциясы бар. Ол бойынша «Херсон, Запорож, Донецкі мен Луганскі Ресей территориялары» деп жазылған. Сол аймақ азаматтарының ерікті таңдауы арқылы жүреге асырылған бұл, процесс. Сол аймақтарда тұратын халық өзінің еркін білдірді. Сондықтан, Украина бұл аумақтан әскерін түгел алып кетуі, бұл жерлерді Ресейдікі деп мойындауы тиіс!
Одан бөлек, Украинаның бақылауында болатын аумақтарға қатысты да талабымыз бар. Ең әуелі – Украина бақылауындағы аумақтарда «расистік заңдар» болмауы тиіс! Ол жақта да орысша сөйлеуді қалайтындар жеткілікті. Оларға қысым жасалмауы керек», - деп мәлімдеді.
Лавровтың бұл екі ауыз сөзінен мына дүние ашық белгілі болып отыр. Ол – Ресей әлі де соғысуды қалайды. Лавров айтқан Ресейдің талабы –«төрт облыс – Херсон, Запорож, Доненцкі мен Луганскіні Ресейге толық бермесе, соғыс жалғасады және Украина соғысты тоқтату үшін Конституциясын өзгертуі тиіс», - деген талап.
Осыған дейін АҚШ тарабы (Президент Трамп пен Мемхатшы Рубио): «Соғысты аяқтау үшін қос тарап та кей позициялары мен талаптарынан шегінуі тиіс», - деп айтқан. Ал кеше сөйлеген АҚШ президенті Доналль Трамп: «Соғысты аяқтау үшін Путин бірқатар талабынан бас тартуы тиіс», - деп мәлімдеді.
Ал осының алдында Трамп: «Келіссөздер арқылы Украина оккупацияланған жерінен бір бөлігін қайтара алады», - деген болатын.
Осы ретте біз Ресей тіс-тырнағымен жабысып отырған 4 облыс туралы аз-кем ақпараттар ұсына кеткенді жөн санадық.
Херсон облысы: Украина жері. 2022 жылдың басында облыс халқының саны 1 миллион адам болған. Жер көлемі жағынан Украинадағы жетінші өңір.
2022 жылы ресей басқыншылық жасап кіріп, облыстың едәуір бөлігін басып алған. Сол жылы қыркүйекте Ресей облыста өтірік референдум өткізіп, Херсон облысының Ресей құрамынға қосылғанын ресми түрде жариялады.
2022 жылы қазан-қараша айларында Украина Қарулы күштері қарымта шабуыл жасап, облыстың едәуір бөлігін кері қайтарған. Соның ішінде облыс орталығы – Херсон толықтай Украина бақылауына қайтарылды. Херсоннан шегініп бара жатқан Ресей армиясы облыстың су және жылу инфрақұрылымдарын талқандап кеткен.
Запорож облысы: Украина жері. 2022 жылдың басында облыс халқының саны 1,6 миллион адам болған. Ресейдің басқыншылық соғысы кезінде облыстың басым көп бөлігі Ресей әскерінің бақылауына өткен. 2022 жылғы қыркүйекте президент Путин Запорож облысын Ресей құрамына қосу туралы ресми мәлімдеді. Мұнда да өтірік референдум өткізілген. Референдумға дейін Ресей биліг Запорождағы ресейшілдерге жаппай ресей паспортын таратқан.
Донецк облысы: Украина жері. Украинадағы ең бүлікшіл аймақтардың бірі. 2021 жылы облыс халқының саны 4,1 миллион адам деп есептелген. Жер көлемі жөнінен Украинадағы 11-ші өңір. Облыстың орталығы – Донецк. Ресей-Украина соғысындағы ең қызу да жанкешті шайқастар жүрген, әлі де жалғасып жатқан әйдік Мариуполь, Макеевка, Горловка, Краматорск, Славянск, Бахмут, Покровск деген қалашықтар осы өңірде орналасқан.
2014 жылы ресейшіл һәм бүлікшілдер бас көтеріп, Украинадан бөлінуге әрекет етіп «Донецкі халықтық республикасы» деген құрылым құрған. Оны әлемнің есті жұртының ешбірі мойындаған жоқ. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде президент Путин Донецкі облысының Ресей құрамына қосылғаны туралы ресми мәлімдеді.
Луганскі облысы: Украина жері. Украинадағы ең бүлікшіл аймақтардың бірі. 2021 жылы облыс халқының саны 2,1 миллион адам болған. Ал жер көлемі жөнінен Украинадағы 10-шы өңір. Луганскі де Донецкі облысының сценарийн қайталаған. 2014 жылы Украинадан бөлінуді мақсат етіп «Луганскі халықтық республикасы» болған. Бірақ, оны әлем мойындаған жоқ. 2022 жылғы басқыншылық соғысы кезінде осы «ЛХР» милициясы Ресейге харсы 300 мың бейбіт халықты үйлерінен һәм облыс аумағынан мәжбүрлеп қуған. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде президент Путин Луганскі облысының Ресейге қосылатынын жариялады.
Кей сарапшылардың пікірінше, Ресей Укаринаға әскер кіргізіп, үш жыл бойы қанқасап соғыс жүргізгенде қазір даулап отырған осы төрт облыстың тек Луганскі облысында ғана толықтай бақылау орната алған.
Mezgil.kz