Араб лигасы Трамп пен Нетаняхуге қарсы: Газаны кім басқарады?

Кеше Мысырдың бастамасымен, Каирде Араб лигасына мүше мемлекеттер жиналды. Талқыланған басты тақырып: Газаны соғыстан кейін кім басқарады деген мәселе.

1741163218180505.jpg

(Сурет: bbc.com, wikipedia.org сайттарынан алынды)

Ақ үйдің жаңа қожайыны – АҚШ-тың жаңа президенті Трамп қызметіне кіріскен алғашқыда-ақ, Вашингтонға Израиль премьері Нетаняхуды шақырып, Газа секторындағы ХАМАС-Израиль соғысының жай-жапсарын талқылағаны белгілі.

Аталған кездесуде президент Трамп: «Газаны АҚШ өз бақылауына алады. Газаны Дубай секілді «жер жәннатына» айналдырамыз», - деп сөйлеген. Ол сондай-ақ, Израильмен соғыстан қан жылаған 2,5 миллион палестиналықты Газадан күштеп көшіру туралы да жоспары барын айтқан.

Трамптың бұл айтқандарын әлем жұрты, соның ішінде Араб лигасына мүше мемлекеттер қолдамады. Мысыр мен Иордания басшылары босқын палестиналықтарды қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты.

Осыдан соң, Газаны қайта құру туралы Араб лигасы елдері талқы өткізе бастаған. Мысыр арнайы жоспар жасап, кеше Араб лигасына мүше мемлекеттерге таныстырды және Араб елдері аталған жоспарды мақұлдап, қабылдады.

Сонымен, Мысыр жоспары бойынша:

▪ Өңірдегі бейбітшілік – Бұл арабтардың стратегиялық таңдауы. Екі мемлекет принципін сақтауды қолдайды;

▪ Оқ атуды тоқтатуды қолдау;

▪ Халықаралық қоғамдастыққа жоспарды түсіндіру үшін Араб-ислам комитеті аясындағы үйлестіру жұмыстарын жүргізу;

▪ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін Батыс жағалауда және Газа секторында халықаралық бітімгершілік күштерін орналастыруға шақыру;

▪ Газа секторының тұрғындарын көшірудің нақты баламасын табу мүмкіндігін пысықтау.

Бұл жоспар сондай-ақ  соғыс аяқталғаннан кейін 6 айға технократтардан тұратын  Газа секторын басқару комитетін құруды қамтиды.

Мысыр жоспары бойынша:

– Араб лигасына мүше елдер бірігіп, «Газаны қайта құру» қорын құрады. Жалпы капиталы 50 миллиард доллар. Бұл қаржыны 5 жылда толық игеру көзделеді.

– Бірінші кезең жарты жылдық жұмысты қамтиды. Бұл кезеңде Газа аймағы қоқыстан, минадан тазартылып, 1,5 миллион адамға арналған уақытша баспана тұрғызылады.

– Екінші кезеңде қоғамдық-әлеуметтік нысандар мен ұзақ мерзімдік тұрғын үйлер салынады. Сондай-ақ бір порт пен әуежай салуда бекітілген.

– Газа секторын «Палестинаны азат ету ұйымы» басқарады. Араб лигасы елдері палестиналықтарды аталған ұйым астына топтасуға шақырып отыр.

ЕО не дейді?

ЕО Мысырдың Араб лигасы саммитінде қабылданған Газа секторын қалпына келтіру жөніндегі жоспарын қолдады.

Еуропалық кеңестің басшысы Кошта:

– Мен Каирде өткен Араб мемлекеттері лигасының саммитінде Мысыр мен басқа да араб әріптестеріміз ұсынған Газа жөніндегі жоспарды құптаймын. Ол қайта құру, басқару және қауіпсіздікті қамтуы сынды барлық бағыттардың басын қоса білуімен маңызды. ЕО Таяу Шығыстағы бейбітшілікке жәрдемдесу ісіне барынша атсалысуға және жоспарға нақты қолдау көрсетуге дайын. Барлық халықаралық қоғамдастық оны жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуі тиіс, - деп мәлімдеді.

ХАМАС пен Израиль 19-шы қаңтардан бастап ұрысты тоқтатып, тұтқын алмасулар жасауда. Бірақ, тараптар әлі бітімге келген жоқ. Израиль Газаның толықтай қарусызданғанын, ХАМАС-тың толық жойылуын қалайды. Ал ол талапқа ХАМАС келіспейді. Израиль Газаны палестина басшысы Махмұд Аббастың басқаруына да түбегейлі қарсы.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар